2010 жылдың 24 қарашасынан
бастап іске қосылды
Жаңалықтар
  • Жаңалықтар
  • Аймақтық БАҚ
  • Блогтар
  • Iздеу
26 Қаңтар 2014, 12:43   913     2 Блог

«Мәңгілік ел».



«Мәңгілік ел».

Теңізшілерде «Кемені қалай атасаң, солай жүзеді» деген қанатты сөз бар.

Алғаш ежелгі Римдік ақын Тибулл (шамамен б.з.д. 50 — 19 ж.ж.) «Мәңгі қалаға» теңеген  Рим, шынында мәңгілік болып шықты.

Аңызға сенсек, солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып Жерорта теңізге сұғына еніп жатқан Апеннин түбегінде орналасқан  Альба-Лонга шәрінің патшасы Нумитор Сильвийді інісі Амулий биліктен тайдырады. Амулий өз тағына қауіп төндіріп жүрмес үшін, барлық айла-амалды жасап бақты. Нумитордың ұлы аң аулап жүріп жоғалып кетті, ал қызы Рея Сильвияны Веста храмының қасиетті алауын сақтаушыға айналдырды. Мұндай міндет жүктелген қыздарға 30 жыл ерге шығуға тиым салынатын. Осы міндетті атқарып жүрген 4-і жылында храм орналасқан қасиетті тоғайға Марс құдай келіп, одан Рея Сильвия  Ромул мен Рем есімді егіз ұл табады.

 Мұны естіп ашуға булыққан Амулий Рея Сильвияны қамап, екі ұлды Тибр өзеніне лақтыруға пәрмен берді. Бірақ, құдайдың құдіретімен көрер жарығы таусылмаған нәрестелер салынған кәрзеңкені өзен толқыны  жағаға шығарып тастайды. Оларды тауып алған қаншық қасқыр емізсе, тәрбиесімен әлдеқайдан ұшып келген тоқылдақ пен қызғыш құс айналысады.

Қасқырдың бауырында жатқан сәбилерге  бір күні патшаның бақташысы Фаустул кез болады. Жақында ғана сәбиі шетінеген бақташы Фаустул мен оның әйелі Акка Ларентия нәрестелерді асырап, ер жеткізді. Ремнің мінезі жеңілтектеу  болса, Ромул керісінше, бәрін ақылмен шешетін салмақты да сабырлы болып өседі.

Бәлиғат жасына жетіп, оңы мен солын таныған Ромул и Рем Альба-Лонгаға оралып, өздерінің туылу құпияларын біледі.

Аталарынан тақты тартып алған Амулийге қарсы соғыс ашып, осы соғыста ыстыққанды Рем тұтқынға түсіп қалады.  Ромул Амулийді өлтіріп, бауыры Ремді тұтқыннан босатып, атасы Нумиторды таққа қайта отырғызды

Көреген Нумитор немерелерін қоныс салуға өздері өскен Тибр жағасына қайта жіберді.Қала салып жатқан Ромулға өзінің ұшқалақ мінезімен кедергі бола берген Рем ақыры аңдаусызда өз бауырының қолынан қаза табады. Қайғыдан қан жұтқан Ромул өзі негізін қалаған қонысқа бауыры Ремнің атын береді. Аңызға сенсек, бұл  б.з.д. 753 жылдың сәуірінің 21 жұлдызында болған екен.

(Рим қаласының туған күні 21 сәуір б.з.д. 753 ж. болып есептеледі).

Өз тарихында табиғаттың түрлі жойқын апаттары мен соғыстардан қирап, халқы оба секілді індеттерден қаншама рет қырылса да, Рим еңсесін қайта түзей алды. Түзеп қана қоймай, бүгінгі күні Ішкі жалпы өнім көлемі жөнінен әлемде 9-ы орын (2013 ж.) алатын Италия секілді іргелі мемлекеттің астанасы ғана емес,  дүние жүзіндегі жалпы саны 1 миллиард 214 миллион адамды құрайтын католиктердің «Меккесі» болып табылады.

.... .... .... .... .... .... .... .... .... .... .... .... .... .... .... .... .... .... .... .... .... .... .... .... .... .... .... ....

Неге біз әңгімемізді Рим тарихынан бастадық?

Себебі, Римнің негізін қалаушы Ромулды қасқыр емізсе, біздің ата-бабамыз өзінің түп-тамырын  бөріден бастайды. Сонау ғұн, сақ, қаңлы, үйсін және түркі дәуірлерінен бастап-ақ біздің ата-бабамызды да «Мәңгі ел» құру идеясы мазалап келеді. Бүгінгі күні, сол халықтардың тікелей мұрагері саналатын қазақ халқының санасында ата-бабамыздың сол ізгі арманы қайта жаңғырып отыр.

Оны іске асыру мүмкін бе?

 Меніңше, жоғарыда сөз болған Рим тарихын еске алсақ, әбден мүмкін.

Мәңгілік ел» идеясы баянды болу үшін не істеу керек?

Қажетті алғышарттардың барлығы бар... Табиғат ресурстарына сеніп отыра бермей, жастарымыздың бойындағы құдай берген қабілетті орнымен пайдалануды үйренуіміз қажет!

...Осы орайда, ауыл қарияларынан естіген бір әңгіме еске түсіп отыр...

XIX-ғасырдың соңында Ресейлі отарлаушы әскер еліміздің оңтүстігін түгел жаулап болған соң, ішкі Ресейден орыс-украин шаруалары осылай қарай ағылғаны белгілі.

..Бұлар негізінен өз туған жеріндегі ауыр тұрмыс тауқыметінен қатты жүнжіген, ішкілікке салынған, кей жағдайда тіпті азғындаған жандар болатын.

...1890 жылдары  Сайрамсу бойындағы қазақтардан тарып алынған жерде келімсектер Егорьевка ( Көксәйек ауылы Төлеби ауданы, ОҚО) қыстағының іргесін қалады. «Бұл жерлер енді мәңгі біздікі» деген нық сеніммен олар шіркеу сала бастайды.  Шіркеудің құрылысы аяқталып, енді тек ауыр шойын қоңырауды орнату жұмысы ғана қалады. Бірақ, көтеру үшін байланған арқан қайта - қайта үзіліп, қоңырау құлай береді. Бірнеше күн еңбегі еш болған село тұрғындары бастары қатып, дал болады..

Шіркеу священнигі жұмысты тоқтатып, бірнеше күн жәрдем сұрап, өз құдайына құлшылық етеді. Құдайы «сыбырлады» ма, әлде басқа жағдай ма?! ...Бір күні әулие әкей құлшылығын доғарып, селодағы жұмысқа жарамды ер-азамат атаулыны жинап, «Өз келінімен төсектес болғандар арамыздан шығып кетпесе, тап қазір осы отырған жерімізде бәріміз құдайдың кәріне ұшырап, қырыламыз» дейді. Аздаған ауыр үнсіздіктен кейін, поп әлгі сөзін қаттырақ дауыспен қайталайды. Сол кезде, топтан бастары салбырап, арасында жасамысы бар, қарты бар бірнеше кісі бөлініп шығады. Ал, аталған күнәдан ада селолықтар көтерген қоңырау еш қиындықсыз өз орнын табады.

Арқан неліктен үзілді? Азғындардың кейінгі тағдыры қалай болғаны да бізге беймәлім.                               Бір анығы, поп оларға Құнанбайдың Қодарға жасаған «тасборанын» (М.Әуезов) жаудырмаған! Бірақ, осы оқиғадан кейін келімсектер арасында кеңінен тараған, әлгі азғындық әдет саябырсыпты-мыс дейді жергілікті көнекөз қариялар. Шамасы, ақылды поп, қазақ халқының өздерін шеттерінен «бекзат» санайтын ұлттардың өздеріне үлгі тұтуға тұрарлық әдет-ғұрпы, салт-дәстүрімен танысып, қорытынды шығарса керек...

...Айтайын дегенім, егер бүгінгі күнгі билік басындағы кейбір  қолы мен ары таза емес азаматтар әлгі «күнәһар» келімсектер секілді өз орындарын тастап кетуге ерік-жігерлері жетсе, «Мәңгілік ел» идеясын іске асыруға болады.

Олай болмаған жағдайда «Әжептеуір ән еді, пұшық айтып қор қылдының» кері келіп, Ұлы идеяның құны қаншалықты боларын өздеріңіз шамаларсыздар?!

PS.

 

Онсызда саны аз қазақ секілді халық үшін мұндағы ең қатерлі жол, өзіне кедергі болған Ремді өлтірген Ромулдың жолын қайталау...




Пікірді қалдыру



    Заполните все поля или авторизуйтесь
    Сіздің пікіріңіз қосылды және модератор тексергеннен кейін сайтқа шығады
    Аты: E-mail:
    Келіңіз,төрлетіңіз!  Өмірбаян