2010 жылдың 24 қарашасынан
бастап іске қосылды
Жаңалықтар
  • Жаңалықтар
  • Аймақтық БАҚ
  • Блогтар
  • Iздеу
05 Тамыз 2013, 11:12   1628    3

Алаштың туы

 Астана. 5 тамыз. Baq.kz – Алаш үкіметі 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Орынборда өткен ІІ-ші бүкіл қазақ-қырғыз құрылтайы кезінде құрылды. Осы Құрылтайдың күн тәртібіне 10 мәселе қойылған еді. Олардың ішіндегі ең негізгілері: қазақ-қырғыз автономиясын жариялау, милиция һәм Ұлт кеңесі (Үкімет) құру мәселелері болды.

 Орынборда өткен осы Құрылтайдың делегаттары Уақытша үкімет құлатылғаннан кейін қазақтардың өмір сүруінің өзін күрделендіріп жіберген анархия (тәртіпсіздік) жағдайында елді аман сақтау үшін, «уақытша Ұлт Кеңесі» түріндегі берік билік құру, оған «Алаш Орда» деген атау беру, сондай-ақ милиция жасақтау туралы қаулы қабылдады. Төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. Ұлт Кеңесі құрамына 25 адам кірді. Алаш Орда астанасы — Семей қаласы болды. Ал, оның батыс бөлімшесі Жымпиты қаласында орналасты.
Жаңадан құрылған Алаш Орда үкіметі туралы «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 22 қаңтарындағы санында: «Декабрьдің 12-күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты Алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді… Жасасын Алаш автономиясы!» деп съезд делегаты, математик Әлімхан Ермековтің сүйіншілегенін белгілі журналист Болат Мүрсәлім өз еңбектерінде келтірген болатын.
Бүгінгі күні Алаштың қасиетті туы Батыс Қазақстан облыстық музейіне қарасты Сырым ауданы, Жымпиты кентіндегі Сырым Датұлы атындағы музейдің «Алаш» залында сақтаулы. Тудың жоғары жағында төте жазуымен, қазақ тілінде «Жасасын Алаш автномиясы!» деген ұраны берілген. Ал, ортаңғы бөлігінде араб тілінде «Лә иләһа иллаллаһ, Мухаммадур расулуллаһ» яғни, қазақша аударғанда «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деген мұсылманның кәлимасы жазылған.
Туын көтеріп, үкіметін жариялаған Алаштың еңсесін көтеру жұмысына ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров ерекше белсенділік танытып қатысқан болатын. Ол «Алаш ұранын» жариялап:
«Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді Алашты ешкімнің,
Қорлығына бермейміз!» деп ұрандатты.
Өкінішке орай, Алаш Орда үкіметінің туы ұзаққа көтерілмеді. Ресейде жеңіске жеткен Кеңес үкіметі қазақ жерінен айырылып қалудан қорқып, Алаш үкіметін күшпен таратты. Алаш Орданы құруға атсалысқандарды жазалап, қуғындады. Алаш туы астына біріккен халықты түбегейлі мәңгүрттендіруді қолға алды. Аузынан кәлимасын тастамаған, туына Алласын жазуды ұмытпаған Алаштың баласы  ол күнді де бастан өткерді. Шүкір, бүгінгі күні еңсесін қайта көтерді. Енді бұл туды ешкімнің қорлығына бермеу бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы.


Нұрсерік ЖОЛБАРЫС

 

Суреттің барлық құқықтары С.Датұлы музейіне тиесілі.



Пікірді қалдыру



    Заполните все поля или авторизуйтесь
    Сіздің пікіріңіз қосылды және модератор тексергеннен кейін сайтқа шығады
    Аты: E-mail:

    Ең көп қаралғандар