Мәжіліс жемқорлықпен ұсталған қызметкерлері үшін басшыларын жауапты ететін заң жобасын мақұлдады

19 Маусым 2019, 12:45
2028
Бөлісу:
Мәжіліс жемқорлықпен ұсталған қызметкерлері үшін басшыларын жауапты ететін заң жобасын мақұлдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің депутаттары мемлекеттік орган басшыларына қол астындағы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін жауапкершілік жүктейтін заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенат қарауына жіберді.

Басшылардың жауапкершілігі туралы норма «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қаралды.   

«Енгізілген түзетулер қарамағындағылар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған жағдайда олардың бірінші басшыларының жеке тәртібін, жауапкершілігін арттыруға бағытталған», - деді халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Михаил Чирков.

Ол заңды қабылдау мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыруға, кадрларды іріктеу жүйесін жетілдіруге мүмкіндік беретінін айтты. Заң жобасына сәйкес, мемлекеттік қызметтен теріс емес себептермен босатылғандар бір ай ішінде тестілеуден өтпей байқауға қатыса алады. Сондай-ақ, құжатта нормативті-құқықтық актілер жобалары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама институтын қалпына келтіру, саяси мемлекеттік қызметшілерді алмастыру институтын енгізу, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік куәліктерін сәйкестендіру карталарымен ауыстыру қарастырылған.

Осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарамағындағылар сыбайлас жемқорлық фактісімен ұсталса олардың басшылары отставкаға кетуі керек деген болатын.

Өзгелердің жаңалығы