2010 жылдың 24 қарашасынан
бастап іске қосылды
Жаңалықтар
  • Жаңалықтар
  • Аймақтық БАҚ
  • Блогтар
  • Iздеу
  • Өнер
24 Қараша 2011, 10:22   2657    0 Өнер

Қазыға қауіп төніп тұр


Тарап кеткен Парламент Мәжілісінің аяқсыз қалдырған бір бастамасы - қазақтың ұлттық тағамдарын патенттеу ісі еді. Сол уақыттағы мәжілісмен Динар Нүкетаева айтқандай, өзге елдің кәсіпкерлері қазақтың ұлттық тағамдарын патенттеп ап, сауданың көрігін қыздыруға ұмтылуда. «Қырғыздар көкпарды ұлттық ойын ретінде патенттеп алды, немістер болса, елімізге кеп, қымызды қалай жасайтынын үйретіп жатыр». Осылайша дүрліккен депутаттар Әділет министрлігінің өкілдерін алқа жиналысына шақырып, ұлттық құндылықтарды қорғауды талап еткен-ді. Енді, міне, ұлттық асты қорғауға ұмтылған мәжіліс те тарап кетті. Біз осылайша заң-зәкүннің тілін білмей, бір-бірімізді түртпектеп жүргенде, қауіп қазыға да төне бастады. Германиялық немістер қазы жасау технологиясын игеріп, оны айналымға шығаруға кірісіп те кетiпті...

Сірә, Еуропаға қазының даңқы жыл басында Шыңжаңның Құлжа қаласында ұзындығы 213,2 метр, салмағы 1256 келіні құрайтын алып қазы жасалып, оған ха­лықара­лық Гиннесс рекордтарын бағалау комиссиясы «Дүниежү­зіндегі ең ұзын ұлттық дәмдегі қазы» деген арнаулы атақ тағайын­дағаннан кейін жеткен секілді. Айта кетейік, бұл қазыны ағайын­ды бес жігіт жасап шығарған болатын. Бұған дейін 4-5 жыл бұрын Үрімші қаласында да 90 метрлік қазы жасалып, ол да Гиннесс рекордтар кітабына ен­ген-ді. Бұл жаңалық ғаламтор ар­қылы тек қазақ тілінде ғана емес, орыс, ағылшын, қытай және өзге тіл­дерде де кеңінен тараған бо­латын. Қазақ басылымдары болса, «Біз неге өзіміз жаса­мадық?..» деп бармақ тістеген-ді. Енді қарасақ, бармақ тістеудің «көкесі» алда күтіп тұрған сыңайлы.
Германияда білім алып жатқан студенттердің блогтарындағы жаз­баларға сүйенсек, бұл елде қымыз бен жылқы етіне деген сұраныс жоғары екен. Енді солармен қатар, дүкен сөресінде «жылқы шұжығы» («Horse meat sausages») деген атпен қазақ қазысы іспетті ас түрі пайда болыпты. «Алайда бұл шұжықтың қазақ қазысынан бірқатар айыр­ма­шылығы бар. Біріншіден, қазы айналдыруда жылқының өз ішегін емес, кәдімгі шұжық жасауда пай­даланылатын вакуумдық пакет қол­данылған. Сондай-ақ дәм­деуіш­тер мен бұрыштар да бас­қаша, май өте аз салынады екен, негізінен, құрғақ қара еттен әзір­ленген. Мұндай шұжықтың ет турағыштан өткізілген еттен (фарш) және туралмаған кесек-ке­сек еттен айналдырылған түр­лері сатылуда. Бірақ бәрібір дәмі­не келгенде, қазақтың қазысына мүл­де жетпейді. Нағыз қазы - тек қазақ жылқысынан ғана жасалады» деп жазыпты «Student» никіне ие блогшы.
Бұл сөздің жаны бар. Өйткені Қазақстанда «Тянов шұжықтары» сауда маркасымен өнімдерін саудаға шығарып жүрген «Мера» компаниясы да дәл осы герма­ния­лық ноу-хау бойынша шұжық­тар­ды вакуумдық пакеттеуге көшкен болатын. Айта кету керек, бұл компания жылқы етінен шұжық жасауға маманданған. Қазыны пакеттеудің жаңа әдісін үйреткен германиялық әріптестерін бұл компания, тіпті «алтын медаль­мен» марапаттаған да болатын.
Германиялықтар қымызды игеріп ап, енді қазыға қол салғаны көрініп тұр. Рас, қазы жасаудың өзі - үлкен бір мектепті қажет етеді. Блогшы кейіпкеріміз жаз­ғандай, қазақтың қазысын қай­талау - немістің қолынан келе қой­мас, бірақ бізден бұрын па­тенттеп алса, қазыны халықаралық сатылымға шығаруымыз қиын­дайды. Одан бұрын, тағы бір ұлт­тық құндылығымыздан айырылып қалу қаупіміз тағы бар. Осыдан 3-4 жыл бұрын Ғылым академиясы­ның ғалымдары шетелге жылқы етін экспорттауда осы қазы түрінде өткізу жөнінде үлкен бастама көтерген еді. Алайда көптеген ел­дерде жылқы етін жемейтіні бел­гілі. Майлы қазы етіне сол уақытта Еуропадан әуестер табылмаған-ды. Ал есесіне, жылқы еті Еуропада біздегі бағадан 3-4 есе қымбат. Соған орай, ғалымдардың қазақ қазысын Еуропада кеңінен жарнамалау жөніндегі ұсынысына ешкім мән бермеген болатын. Енді, міне, Қытайдағы қандас­та­рымыз­дың қазыны Гиннес ре­кордтар кітабына енгізуі - бұл жеңсік астың жарнамасын өзі-ақ жасап шықты. Алайда бұл тегін жар­наманың өзін пайдамызға жарата алмағанымыз жаман-ақ. Есесіне, бұл жарнамадан немістер ұтып кеткен сыңайлы...


Қазының беделі «маханға» жетпей тұр...

Қазы тектес тағам түрі - түркі халықтарына тән екені белгілі. Әсіресе, қазақтармен бірге татар­лар бұл тағамды жасауға жақсы маманданған. Оларда бұл ас мәзірі «махан» деп аталады. Басты айыр­машылығы, халқымыз қазыны көбіне суға қайнатып тұтынатын болса, татарлар оның кептірілген түріне құмартады. Өкініштісі, қазының беделі мен оған деген құрмет «маханға» жетпей тұр. Ма­қаланы әзірлеу барысында ғалам­торда қазы жайлы мәліметтің аса көп еместігіне көз жеткіздік. Қазақ қазысының мол түрі мен оны әзір­леу технологиясының өзі бір кі­тапқа жүк болар мұра болса да, әзірге қазы ғаламтордан өзіне жеке сайт аша алмай тұр. Алайда махан туралы мәлімет іздесеңіз, бір емес, бірнеше сайт оны жа­сауға, жарнамалауға, сондай-ақ сатуға да жұмыс жасап отыр. www.mahan.com.ua сайтына кіріп көр­сеңіз, бұған оп-оңай көз жеткізесіз. Бұл сайт арқылы маханның неше түрін әзірлеуге де тапсырыс беруге болады. Қаласаңыз үйге, қала­саңыз мейрамханаға. Өкініштісі, бізде мұның бірде-бірі жолға қойылмаған.


Қазы - қазақтың бір бренді...

Қазы - ұлттық құндылық. Бұ­ған талас жоқ. Бірақ заң-зәкүнсіз қадам басу қиын қоғамда сол құндылықтарды заңдастырмаса, оның құны болмайды. Соған орай, экс-мәжілісмендер талқылаған мәселеге қайта оралуға тура келеді. Депутаттар сұрағына жауап берген Әділет вице-министрі Әмірхан Аманбаев: «Қазақтың ұлттық тағамдары - қымыз, қазы-қарта, ірімшікке ешқандай қауіп жоқ. Оларды еш­кім тартып ала алмай­ды. Қазір Мәде­ниет министрлі­гімен бірге заң жобасы әзірленуде. Соның аясын­да олар қорғалатын болады» деген-ді. Алайда Еуропа елдерінің қазақ ұлттық тағамдары­ның балама түрлерін жасап, оған құжат әзірлей бастағандары - қауіптендірмей қоймайды. Сақтық болмаса, сан сипап қалуымыз ғажап емес.
Қазы айналдырудың өзі - бір үлкен өнер. Семіз жылқы етінен 24 қазыға дейін айналдыруға болады. Дәс­түрлі технология бойынша, жылқының екі жақ сүбе қабыр­ғасын екі бөлек алып, 5-7 сағат іліп қойып сорғытады. Қазы ай­нал­дыратын ішекті бірер сағат тұзды суға салып қойып, оған қажетті қатты ағаш жаңқалары-нан, тобылғыдан істіктер әзірлейді. Тобарсыған қазының етегінің қалың-жұқалығына қарай, одан неше қазы шығатыны мөлшер­ленеді. Өйткені қалың қазы енсіз, жіңішке тілінеді де, жұқа қазы жалпақтау тілінеді. Әйтпесе жал­пақ тілінген қалың қазы ішекке сый­май, айналдыруға келмейді. Ай­налдырар алдында қазыны тұздайды. Қазының түрлері де көп, оларды кере қазы, тең, сере қазы, табалдырық (табан) қазы, би қазы, дөңбек қазы, шынтақ қазы деп тізе беруге болады. Қазы айналдырудың хас маманы Ақ­марал Мырзабекова бүгінде қазы жасаудың дәстүрлі технологиясы дұрыс сақталмай отырғанын айтады. Ал дұрыс әзір­лен­беген қазының сапасы да, дәмі де жақсы болмайтыны белгілі. Қа­зы­ның ұлттық бренд ретінде та­нылуына бұл да болса, бір ке­дергі.
- Қазының танылып, кең тұ­ты­нуға ие болуы үшін оның дәс­түрлі технологиясын сақтап қана әзірлеуге әдеттенуіміз керек. Оған мемлекет тарапынан қолдау жасал­са, құба-құп. Өйткені қолдау бар жерде бақылау да болатыны белгілі. Өкініштісі, қазір әркім өз бетінше қазы жасап, оны саудаға шығаруда. Олар тек қазының өткенін ғана ойлайды, ал сапа көбіне екінші қатарда қап қойып жатыр. Қазыға салынатын қос­па­лар да өзгерген. Оның бәрі қазы­ның табиғи дәмін бүлдіреді. Қазы - қазақтың ұлттық халал асы екен, әлемге де сол тарихи да табиғи дәмімен танылуға тиіс, - дейді Ақмарал Мырзабекова.

Нџрболат АМАНЖОЛ

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=11109&Itemid=2



Кілт сөздер:

Пікірді қалдыру



    Заполните все поля или авторизуйтесь
    Сіздің пікіріңіз қосылды және модератор тексергеннен кейін сайтқа шығады
    Аты: E-mail:

    Соңғы жаңалықтар