жаңалықтар
  • аймақтық БАҚ

Найманның қарақытаймен туыстығы

08 Желтоқсан 2011, 15:24 Қарап шығу: 2129 Түсiнiктер: 3

Бүгінде шежіре де, шежіреші де көп. Тақырыбымыздың өзегі найман шежіресінде Қытай деген атау бар. Бұл атау қайдан келді? Неге көшпелілердің ежелгі қас дұшпанының аты шежіреде жүр?
 

Ел аузындағы аңызға қарағанда, тұтқиылдан тиген жау Найман шалды тірі қалдырып, қарттың бүкіл еркек кіндікті үрім-бұтағын қырып кетеді. Байқампаз келіні қартайған тоқсандағы атасына жас қыз алып беріп, екеуінен жалғыз ұл қалады. Ұлдың аты бір шежіреде - Өкіреш. Келесі бір аңызда – Қытай аталады. Енді бір нұсқада Қытай Өкірештің баласы. Енді бір нұсқада Өкіреш Қытайдың баласы. Тағы бір найман шежіресінде Қытайдан төрт ұл: Садыр, Матай, Төртуыл, Қаракерей тарайды. Енді бірінде Қытай Төлегетайдың баласы. Кейбір нұсқада барлық найман Өкірештің баласы Қытайдан тарайды. Сары жомарт, Төлегетай, Терістаңбалы яғни барлық найман Қытайдың ұрпағы болып таратылады. Кей шежірелерде Төлегетай-Төлеқытай болып жазылып жүр.
Жалпы найман атауы қытай жазба деректерінде VIII-ғасырдан бастап кездеседі. Олар қазіргі Моңғолия жеріндегі Орхон өзені мен Алтай тауларының арасын мекендеген сегіз тайпалы ел болып жазылған
«Найман» атауы моңғолша «сегіз» дегенді білдіреді. Кейбір нұсқаларда Секиз өзенімен байланыстырады. Найман мемлекетінің күшейген кезі 1160-1203 жылдары әсіресе Наркеш Дайын ханның билігі тұсында. Оның інісі Инанч Білге Бұқахан кезінде Найман хандығы гүлденіп, егін және мал шаруашылығы, сауда қатынасы, қолөнер, әскери өнер сияқты салаларды табысты дамытты. Сол сияқты Найман хандығы анда-мұнда көршілес ұйғыр, қырғыз, қидан ұлыстарымен соғысып тұрды. Хандықтың орталығы Орхан өзенінің бойындағы Балықты қаласы болған. Алайда, Найман мемлекеті ұзақ жылдар Ляо-Қидан империясының ықпалында болып келді.
Найман және Керей ұлыстары 1007 жылы христиан дінін қабылдайды. Хрис-тиан дінінің наймандар қабылдаған несториан тармағы өзінің бастау кезін Византия шіркеуінен алады. Католиктер мен православия тармағынан қуғындалған Несторий әулие шәкірттері өз ілімдерін Иран, Орта Азия, Қазақстан, Моңғолия жерлеріне таратқан еді. Христиандық - несториан дінін ұстаған түркілердің «Айса Бабай!-деп бастап мінәжат жасайтыны, крес тағатындығы туралы Иран жылнамаларында деректер кездеседі. Орта ғасырдағы Батыс Европа тарихшылары Шыңғысханның немересе Құлағудың жауынгерлерінің көпшілігі ұрысқа кірер алдында маңдайларына қара бояумен крестің суретін салып алатындарын жазады. Осы жерде бір езу тартар оқиға еске түсіп отыр. Руы-Керей, қаламыздағы зейнеттегі білікті әрі қадірлі дәрігерлеріміздің бірі Жайық ақсақалға бір жігіт: «Аға, сіздер найман мен керей христиан дінінде, кәпір болыпсыңдар ғой!»-деп қалжыңдады.Сонда ақсақал: «Сендер тау-тас, ағашқа табынып жүргенде, біз Иса пайғамбардың үмбетінде болғанбыз!»-деді, Ұтымды, нағыз қазақы қалжың.
Бұл жердегі ең маңыздысы Найман шежірелерінің барлық нұсқаларында Қытай атауының кездесетіндігі. Енді Қытай атауының найман шежіресінен табылуын тарихтан іздеп көрейік.
907 жылы қазіргі Солтүстік Қытай, Уссурий өлкесі, Моңғолия жерін қамтыған Ляо империясы құрылды. Империяның негізін салушы қидан тайпасының өкілі Елу Аңбыған. Қидандардың V-ғасырдан бастап Қытай жылнамалары мен ежелгі түркі жазбаларында көшпелі өмір сүрген жауынгер адамдар екені көрсетіледі. Х-ХІ ғасырлар Ляо-Қидан империясының күшейген кезі. Үнемі қытайлар және шүршіттермен кескілескен соғыс жүргізіп отырған. Қидандардың ықпалы Орталық Азия далалықтары керей, найман, оңғыт, меркіт, қоңырат, моңғолдарға да жүрген. Ляо қытай тілінен аударғанда «темір» деген мағынаны білдіреді. Қытайлардан ойсырай жеңілген. Елу Аңбыған қағанның ұрпағы Елу Дашы Моңғолия даласына суыт жетіп Шаған татарларынан 500 жылқы көмек алып зорға есін жинайды. Елу Дашы Қытай Академиясының мемлекеттік басқару саласын үздік бітірген еді. Алайда, жоғарғы білім оның құралайды көзге атқан мерген, жауырыны жерге тимеген балуан, атақты шабандоз, асқан қолбасшы болуына кедергі жасаған жоқ. Қатынбалық қаласында ұйғыр, татар, керейіт, оңғыт, меркіт, найман, қоңырат ұлыстарының басын қосып, Құрылтай өткізеді. Ортақ жау Қытайға қарсы күресу үшін көмек сұрайды. Құрылтай Елу Дашыға 500 сәйгүлік ат, 100 түйе, 3000 қой жинап берді. Саны өзінен 10 есе көп Жиң патшалығының әскерінен шегінуге мәжбүр болған Елу Дашы Еміл өзені бойына қала тұрғызып, жергілікті тайпаларға билігін жүргізеді. 1125 жылы қидандар Жетісу жеріне қоныс аударды. 1137 жылы көшпелі қидан, қыпшақ, қарлұқтардан құрылған Елу Дашының 60 мың әскері Самарканд түбіндегі Қатуан шайқасында Селжук сұлтаны Санжардың 100 мыңдық таңдамалы, тұрақты әскерінің тас-талқанын шығарып жеңеді. Сұлтанның өзі тұтқынға түседі. Қаңлы, оғыз, араб, ирандықтардан құралған әйгілі 100 мың жауынгер толық талқандалды. Мұсылман әлемі мұндай әскерді «Крест жорығының» рыцарьларына да қарсы қойып көрмеген еді. Қидандардың билігіне бүкіл Маураннахр (Қазіргі Өзбекстан, Түркменстан, Тәжікстан, Солтүстік Иран) және Ұйғырстан, Батыс Моңғолия, Жетісу жерлері қарады. Қидандардың астанасы Жетісудағы Құз Орда қаласы болған. 1143 жылы Елу Дашы қайтыс болады. Қидан билеушісі Гурхан деп аталатын. 1143-1153 жылдары мемлекеті Елу Дашының әйелі Табұян, 1150-1164 жылдары Елу Дашының ұлы Іле, 1164-1177 жылдары қарындасы Бұсұған, 1177-1210 жылдары Іленің ұлы Жилулу басқарды. Қидандар тұсында кедендік салық енгізілді. Дала билерінің ауызындағы «Заманым кеден болды, кедергі неден болады?» деген сөз қидандармен байланысты. Кеден атауы да Қидандардан қалған. Қидандар Будда дінін ұстағанымен бағынышты елге дін еркіндігін берді. Қидандар 1125-1130 жылдары Жетісуға қоныс аудара бастаған кезде мұсылман тарихшылары олардың қытай тарапынан яғни, шығыстан келгенін, будда дінін ұстанатынын, тұлым қою рәсімін негізге алып, «қарақытай» деп атап, дерек көздеріне осы атаумен енгізді. Қидандарды «Чин түркілері», яғни қытай түркілері деп атаған тұстары да бар. Ислам тарихшылары оларды бірде моңғол тілдес десе, бірде түркі тілдес деп көрсетеді. Бұл өзі Түркі қағанаты, Шыңғысхан империясы сияқты көшпелі түркі моңғолдардың біріккен империясы десе де болады. Мұсылман тарихшыларының осы бір қателігі нағыз қытайлардың бітіспес дұшпаны қидан халқының қарақытай атауымен тарихқа енуіне себеп болды. Әлі де осылай аталып жүр. Қидандардың қазіргі «Біз Қытай» деп атап жүрген Хань ұлтына ешқандай қатысы жоқ.
Бұл кезеңде Найман мемлекеті әйгілі Білгі Бұқахан өлген соң, екіге бөлініп кеткен еді. Ханның екі ұлы Таянхан (Байбұқа) мен Бұйрық хан найман ұлысын екіге бөліп билік құрды. 1199 жылғы керейіттермен біріккен Шыңғысхан наймандарға алғашқы соққы берді. 1202 жылы Бұйрық хан жеңілді, 1204 жылы Таянхан жеңіліп, басы алынды. 1206 жылы Бұйрық хан ұлысы толық талқандалып, өзі өлтірілді. 1208 жылы Шыңғысхан Таянханның ұлы Күшілікті күйретті. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген мақал осы кезде шықса керек. Іргелі мемлекет Найман хандығы Шыңғыс қаған тегеурініне шыдамай осылай тозды.
Алтай асып қашқан Күшілік хан Жетісуға келіп, қарақытай атала бастаған Қидан билеушісі Жилугудың қызына қосылып Гурханның күйеу баласы атанды. Ең қызығы, Күшілік туған өлкесін ғана ауыстырып қоймай, христиан дінін будда дініне алмастырды. Бұл кезде Хорезм шахы шабуылынан көптеген иеліктерінен айырылған қарақытай мемлекеті әлсірей бастаған болатын. Моңғолия жерінен Жетісуға үздік-создық қоныс аударған наймандар қидан-қарақытайлар билігін құлатып, өз биліктерін орнатты. Міне, бастапқыдағы шежіре мен аңыз - тарихпен осы жерде түйіседі. Аңыз әрине, әсіреленген, өзгеріске ұшыраған. Бірақ, аңыз түбі-ақиқат емес пе... Ендеше, найман мен қидан-қарақытай қосылып қазіргі найман тайпасын құрап отыр.
Күшілік ханның билігіндегі найман-қарақытай хандығы шекаралас аймақтарға тонаушылық жорық жасап тұрды. Күшілік Гурханның ең үлкен қателігі өзге діндегі адамдарға қысым жасап, қуғындауы еді. Ал соңына 150 мың сайыпқыран аламан ерткен Шыңғыс қаған 1207-08 жылдары Енисей қырғыздары мен Сібір халықтарын, 1207-1209 жылдары Таңғұт мемлекеті мен ұйғырларды, 1211-1215 жылдары Солтүстік Қытайды табанына түсірген еді. 1217 жылы Шыңғысхан Күшіліктің көзін жою үшін, Жебе ноянды Жетісуға аттандырды.Жебе ноян найман-қарақытай иелігіне кірісімен дін бостандығын жариялады. Халық бірден Жебе ноян мен Құбылай бахадүр жағына шықты. Жеңіліп қашқан Күшілікті өкшелей қуалаған моңғол әскері 1218 жылы қазіргі Ауғанстан мен Тәжікстан шекарасындағы Бадахшан елді мекенінде наймандарды қуып жетті. Күшілікті бүкіл найман-қарақытай мемлекетінің мол қазынасымен қолға түсірді. Күшіліктің басы кесіліп, Ертіс жағалауында отырған Шыңғысханға жіберілді. 1218 жыл 300 жылдық тарихы бар найман хандығының ақыры болды. Ал, қара ормандай қалың найман Шыңғысханға әскери қызмет етті. Жаңа елдерді жаулауға аянбай тер мен қан төкті. Найман ішінде азшылық болып қалған қидан – қарақытайлар наймандармен бірігіп туыстасып кетті. Ел аузындағы шежіре, аңыздарда ерлікке толы ескі заманның бейнесі ретінде әлі де көрініс береді. Найман шежіресінде қытай атауының жүруі бағзы заман тарихымен байланысып жатыр. Есте жоқ ерте кезден жеткен шежіре мен аңыздың ақыры тарихи ақиқатпен алмасты. Асанқайғы бабамыз айтпақшы «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен киелі жер» осылай сыр шертеді.
Ербол БЕКБОЛАТОВ,
тарихшы.
Ұялы тел.: 8 775 150 39 60.

P.S. Мақалада келтірілген тарихи деректер мен айғақтар автордың дерек көздерінен келтірілген. Осы мақалаға қатысты пікір-тілектеріңіз болса, мақала авторына хабарласуыңызға болады.

 





Пікірді қалдыру

Құрметті оқырмандар!
Пікір жазғанда жеке адамның ар-намысын қорлайтын, кемсітетін, ұлт араздығын тудыратын сөздерді қолданбауыңызды сұраймыз
Заполните все поля или авторизуйтесь
Пікір қалдырғаныңызға рахмет
Аты: E-mail:
    Алматы облыстық қоғамдық-саяси апталығы
    Толық оқып отыру

    Бүгін

    Жаңартқан: 25 минут бұрын

    Курстер

    USD 183.51
    EUR 248.77
    RUB 5.34

    Аймақтық БАҚ