Қазақстанда тұрғаннан кейін қазақ тілін өзге ұлттардың барлығы білу керек – Елизавета Седышева

29 Ақпан 2020, 15:35
4107
Бөлісу:
Қазақстанда тұрғаннан кейін қазақ тілін өзге ұлттардың барлығы білу керек – Елизавета Седышева

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ тілін өзінің ана тіліндей еркін меңгерген орыс қызы Елизавета Седышева болашағынан үміт күттіретін қарағандылық жастардың бірі.

Қазақстан халқы Ассамблеясының, "Жаңғыру жолы" жастар қозғалысының, "Берегиня" орыс этномәдени бірлестігінің жұмыстарына белсене араласатын Елизавета жан-жақтылығымен тәнті етті.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз 17 жастағы Елизавета Седышева Теміртау қаласындағы балалар ауылында тәрбиеленген. Ол қазір Қарағанды экономика, бизнес және құқық колледжінің 2 курсында оқиды. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген орыс қызы қазақ тілінде өлең шығарып, концерттік бағдарламаларды жүргізеді. Көпке үлгі бойжеткен өзінің басқа да қырларымен, айтылмаған сырларымен бөліскен еді.

Мен 8 жасымнан бастап Теміртау қаласындағы балалар ауылында тәрбиелендім. Тәрбиешіміз Алтынкүл анамыздың арқасында отбасымыздағы әртүрлі ұлт өкілдері қазақ халқының салт-дәстүріне сусындап, қазақ тіліне деген махаббатпен өстік. Біз ол кісіні "мама" деп атаймыз. Анамыз бізге өте жақсы тәрбие берді. Менің сахнаға деген талпынысымды әрі қарай дамытуыме септігін тигізді. Құдайға шүкір, сол кісінің арқасында жүрген жерімізде үлкендердің, ата-әжелердің батасын алып жүреміз, - дейді Елизавета.
Бойынан ұяңдық пен тәлімді тәрбиенің лебі сезілген Елизаветаның әр сөзіне "аллаға шүкірді" қосқанына таңданысымызды жасыра алмадық. Бар сырды Елизаветаның өзі ашты, ол екі жыл бұрын ислам дінін қабылдаған.

20200229_040619.jpg
2018 жылдың басында ислам дінін қабылдадым. Жыл сайын ораза ұстаймын. Ислам дінін қабылдауыма қазақ тілді ортада жүруім көп септігін тигізді деп ойлаймын. Айналамдағылар құран бағыштап, бата оқып жатқанда мұның жүрегіме жақын екенін сезіндім. Құрынды бірге оқығым келді, көп ойланбастан мешітке барып ислам дінін қабылдадым, - дейді Е.Седышева.
Мемлекеттік тілді меңгеріп қана қоймай, қазақтың көне тарихын, салтын, дәстүрін, ғұрпын зерделеп, құрбы-достарына үлгі болып жүрген Елизавета поэзиямен де айналысады.
Қобыз аспабында ойнау арманым еді. Бүгінгі таңда ұстаздан сабақ алып, осы арманымды іске асыруға талпынып жүрген жайым бар. Орыс мектебін бітірсем де тек қазақ тілінде сөйлеп, тек қазақ тілінде өлең жазамын. Достарымның көпшілігі қазақ. Кейде тіпті қазақтың дәстүрлерін оларға өзім үйретіп қоямын. Бір қызығы достарым мені "Ләззат" деп атайды. Қазақ тілінің деңгейін арттыру үшін кітаптар оқимын, оның ішінде Абайдың қара сөздері, өлеңдері ең сүйіп оқитын шығармаларым. Сонымен қатар, ғаламтордан қазақ тілінде бейнероликтер көріп, аудиожазбалар тыңдаймын. Қазақша посттарды оқимын. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған "Мәміле" сұхбат клубының тұрақты қатысушысымын, - дейді ол.
Елизавета Седышева республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі түрлі байқаулар мен сайыстардың жеңімпазы. Ол 2019 жылы өткен "Күлтегін жыры" байқауының жеңімпазы атанып, ұлы Абайдың 175 жылдығына орай өткен эстафетаға атсалысқан. Елизавета өткен жылы желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен "Ұлы даланың Ұлтаралық тілі" форумына қатысып, еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алғыс хат алғандығын мақтанышпен айтты.
Форумда еліміздің түкпір-түкпірінен қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері жиналды. Бұрын мен сияқты мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін өзге ұлт жастары аз деп ойлайтын едім, алайда біз көп екенбіз. Өкінішке орай, қазақ ұлтының кейбір жастарының арасында қазақ тілін менсінбеушілік бар. Бұған түбегейлі қарсымын. Қазақ мемлекетінде тұрғаннан кейін қазақ тілін өзге ұлттардың барлығы білу керек деп ойлаймын. Ал, қазақ халқы өзінің ана тілін міндетті түрде білу керек. Өз еліңде, өз жеріңде дүниеге келіп, өсіп-өнгеннен кейін ана тіліңді білмеу ұят шығар деп ойлаймын, - дейді бойжеткен.
eecda3be2f1f22167c99f8aba55813d3.jpg

Елизавета мемлекет тарапынан жетім балаларға көрсетілетін қолдаудың зор екендігін, сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясына мүше болу арқылы өмірінің күрт өзгергендігін айтады.

Қазақстан халқы Ассамблеясына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Ассамблеяның мүшелері үнемі хабарласып, жағдайымды біліп отырады. Осы кісілерге қатты бауыр басып қалдым. Ассамблеяның арқасында көптеген шараларға қатысып, өзімді жан-жақты дамытуға мүмкіндік тууда. Өткен жылы ҚХА ұйымдастырған Республикалық туристік-өлкетану "Елтану" экспедициясы аясында еліміздің бірқатар өңірлеріне сапар шектік. Экспедицияда Семей, Павлодар қалаларына барып, Абайдың, Бұқар Жыраудың және тағы да басқа қазақтың ұлы тұлғалары жүрген жерлермен жүріп, олардың зираттарына тәу еттік, құран оқыттық. Мұражайларды аралап, қазақ халқының бай тарихымен жақынырақ таныстық. Бұл экспедиция танымдық, тағылымдық тұрғыда көп мәліметтер алуыма мүмкіндік берді. Осы экспедицияда менің қазақша таза, еркін сөйлейтіндігіме көпшілік таңданды. Шығыс Қазақстанның тұрғындары тіпті сене алмады. "Орыстанып кеткен Қарағандыда қалайша қазақша үйреніп алдың" дегендері де болды. Кейіннен жүректерін ұстап, "нағыз қазақ" деп бас иді, - деп ағынан жарылды Елизавета.

Болашағын қазақ елімен, қазақ халқымен ғана байланыстыратын орыс қызы журналист мамандығын игергісі келетіндігін айтады. Қазіргі уақытта менеджмент саласында біліп алып жүрген жас уақытын зая кетірмей қазақ тілін жетік меңгерген білікті журналист болуға
дайындалып жүр. Әлеуметтік желілерде қазақша посттар жазып, қаламын шыңдаған жас "Алғыс айту" күніне орай қазақ халқына жүрекжарды алғысын жеткізді.

Қазақстанда туылғаныма "Аллаға мың да бір шүкірлік!" деймін. Өзімді басқа елде елестете де алмаймын. Қазақ халқы өте мейірімді, қонақжай ұлт. Қазақ менің жүрегіме жақын. Қаным орыс болса да, жүрегім қазақ деп соғады. Өзім осы ел үшін, жер үшін туылғандаймын. "Ата-анам жоқ" деп ешқашан ешкімге айтпаймын. Себебі, екі тілім – екі ата-анам. Алғыс айту күніне орай қазақ халқына алғысымды жеткізгім келеді. Қиын кезде жанымда болған, пана болған қазақ ұлтына мың алғыс!, -дейді Елизавета Седышева.

Бір айта кетерлігі, күні кеше Қарағандының Достық үйінде Алғыс айту күніне орай өткізілген шарада Елизавета Седышеваға этномәдени бірлестік өкілдері қазақтың қасиетті қобызын сыйлап, бойжеткеннің қобызда ойнасам деген арманына қанат бітірді.

Өзгелердің жаңалығы