Құран бағыштауды, еске алу астарын үйде өткізу керек

20 Наурыз 2020, 18:01
1995
Бөлісу:
Құран бағыштауды, еске алу астарын үйде өткізу керек

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығысқазақстандағы діни бірлестіктер басшылары көпшілікке арнап мінәжат орындарына келмей, үйден отырып құлшылық етудің жолдары туралы бейнероликтер дайындап, таратты

Бұл туралы Аймақтық коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде баспасөз мәслихатын өткізген облыстық Дін істері басқармасының басшысы Ануар Абдулдин хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел аумағында төтенше жағдай жариялауға байланысты шыққан Жарлығына сәйкес, Шығыс Қазақстандағы діни мекемелер өз жұмыстарына бірқатар шектеулер енгізді. Облыс және аудан, қала әкімдері жергілікті жерлердегі діни мекемелердің басшыларымен кездесіп, төтенше жағдай уақытында санитарлық нормаларды сақтау үшін құдайға құлшылық ету, діни орындарға бару және көпшілік жиналатын құран-қатымдарды шектеу жөнінде айтты. Облыстық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Қазақстан Мұсылмандары діни бірлестіктерінің Өскемен және Семей аймақтары бойынша бас имамдары, православтар шіркеуінің Өскемен және Семей епархияларының епископтары үндеу жариялап, көпшіліктің құдайға құлшылық ету орындарына көптеп бармауларын ескертті. Дұға-тілектерін, құран бағыштауды, еске алу астарын үйлерінде өткізуді сұрады, - деді басқарма басшысы Ануар Абдулдин.

Бұдан бөлек, облыс аумағындағы 9 діни бірлестіктің басшылары мінәжат орындарына келмей, үйден отырып құлшылық етудің, санитарлық нормаларды сақтаудың, коронавирустан сақтанудың жолдары туралы бейнероликтер дайындап, әлеуметтік желілер арқылы таратты.

Қазіргі уақытта өңірдегі діни орындар келушілер үшін толықтай жабылмаса да, шектелген жұмыс режиміне көшірілген. Бүгінгі таңда мұндай нысандарда олардың басшылары мен нысанның толыққанды жұмыс істеп тұруы үшін жауапты техникалық персонал жұмыс істеуде, - деп қосты басқарма басшысы.


Өзгелердің жаңалығы