Ғұсыл алуды білмейтіндер дәстүрге "ширк" деп шүйлігіп жүр

4 Маусым 2020, 18:27
2291
Бөлісу:
Ғұсыл алуды білмейтіндер дәстүрге "ширк" деп шүйлігіп жүр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы он жылда дінді дәстүрден қасақана бөліп қарау мәселесі пайда болды. Бұл туралы ақын, шығыстанушы, құрантанушы ғалым, ұстаз Айнұр Әбдірәсілқызы "Желмая" жобасында айтты.

Оның айтуынша, соңғы кездері дінді өмірден бөліп қарау мәселесі пайда болған. Егер оны өмірден бөліп қарасақ, сөз жоқ, дәстүрден де бөліп қаралмақ. 
Қазір дін бейне бір қолжетпес биікте тұрған нәрсе сияқты көрсетіп жүр. Ата-бабамыз дінді ұстанбаған, дін тек теориядан тұратын сияқты етуде. Яғни халықтың өмірінен қасақана алшақтату мәселесі пайда болды. Осыдан кейін, әрине, ол дәстүрден ажырайды. Оның бәрі белгілі бір радикалды ағым өкілдерінің мақсатты түрде жасап отырған іс-әрекеті, ол туралы өте көп жазылды, айтылды, – дейді ол.
Сонымен қатар, Айнұр Әбдірәсілқызы көп адамдар оның шырмауына білместіктен түсетінін айтады. 
Дана дәстүрдің мағынасын танымағандықтан, астарында не жатқанын білмегендіктен, тіптен арғы жағында гигиеналық, тазалық ұғымдардың жатқанын ажырата алмағандықтан осындайға барады. Оның үстіне көптеген дәстүр өмірде көп қолданылмай кетті, сондықтан оның өзі де оларға бір аңыз, ертегі сияқты көрінеді. Содан "бұл дінде жоқ" деген сияқты әңгімелер шығады. Ал көптеген азаматымыз дәстүрдің шығу тегін жөнді білмегендіктен "ата-бабамыз көшпенді болған, мүмкін солай болса, солай шығар" деумен өзінің дәстүрінен айырылып қалып жатыр, – дейді Әбдірәсілқызы.  

Сұхбат барысында ол қазір көптеген дін ұстанушы қазақ келіндерінің сәлем салу салтына тиісіп жатқанын сөз етті.
Сәлем салуды ширкке әкеп тіреп жатыр. Мың жылдан бері мұсылман болған еліміз оны қалай ширкке айналдырды. Египеттегі пәтуа орталығының басшылары, мүфтилері әртістердің сахнаға шығып, халыққа иіліп, ізет көрсетуіне қатысты мынандай пәтуа шығарған: "Мұның барлығы амал ниетімен қайырлы" дейді. Яғни, әртістің мақсаты, Аллаға серік қосу емес, халыққа құрмет көрсету. Сондықтан сол құрметіне қарай бұл амал бағаланады. Бірақ намаздағы рукуғ дәрежесіне жеткенше иілмегені дұрыс деп айтылады. Осы секілді қазақтың сәлем салуы да елге көрсеткен құрметі. Тек келіндер ғана емес, ер адамдар да амандасқанда қолын кеудесіне қойып, басын иіп сәлем беріп жатады. Қазақта сәлем салмайтын адам жоқ, бұл терең ішкі мәдениеттің көрінісі, – дейді шығыстанушы. 
Дінтанушы ата-бабамыздың мың жылдан бері исламды ұстанып келе жатқанын және ұлттық дәстүр дінмен біте қайнасып кеткенін айтады.
Бізде әбден уақыт сынынан өткен, қанша заманнан бері өзімізбен жасасып келе жатқан дәстүріміз бар. Өзін ақтаған осындай дәстүрлерге төңкеріс жасамай-ақ, оларды тергеп, тексермей-ақ имандық дәрежемізді мал баққан замандағы ата-бабамыздың деңгейіне жеткізіп алсақ жөн болар еді. Яғни, өзіміздің мың жыл бойы жиған мұсылмандық тәжірибемізді игеріп алып, содан кейін барып қана енді не жетіспейді, не үйренсек болар еді деген сауалға ойыссақ, жөн болар еді. Қарап тұрсақ, көптеген адам дәрет, ғұсылдың қалай алатыны жөнінде сұрақтар қойып жатады. Міне, осындай қарапайым нәрселерді түгендей алмай жүріп, діннің әрбір шартын мақал-мәтелге айналдыра білген ата-бабаларымызға сын айтқымыз келеді, – дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы