Құтқарушылар Көкшетау көшелерін дезинфекциялауда

18 Сәуір 2020, 09:51
2030
Бөлісу:
Құтқарушылар Көкшетау көшелерін дезинфекциялауда

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетау техникалық институтының оқытушылары мен офицерлері төтенше жағдай режимінде қала көшелеріне дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуде.

Ақ түсті қорғаныш костюмдерін киген құтқарушылар медицина қызметкерлерін көз алдыңызға әкеледі. Алайда дәрігерлер аурухана палаталарында, ал құтқарушылар қала көшелерінде қауіпті індетпен күресуде.

Күндізгі бөлімде оқитын 575 курсант тұрғылықты жерлері бойынша жіберіліп, қашықтан оқу жүйесіне көшірілді. Олар күн сайын байланысқа шығады, педагогтар кесте бойынша жұмыс істейді. Оқу орнында атқарылар жұмыс ауқымы кең. Соған қарамастан елімізде коронавирус пен карантинге байланысты төтенше жағдай кезінде құтқарушылар алғы шептен көрінуге міндетті, - дейді оқу орнының басшысы Сырым Шәріпханов.

Он адамнан құралған жасаққа гидропульттар, арнайы костюмдер, жеке қорғаныш құралдары: бетперде, көзілдірік, қолғап берілген. Көшелерді дезинфекциялау қала әкімдігінің жоспарына сәйкес жүргізіледі.

Бұл бірреттік акция емес. Қала аумағын дезинфекциялауға үш апта бұрын кірістік. Төтенше жағдай режимі аяқталғанша жұмыс істейтін боламыз. Күніне 5-6 нысанды дезинфекциялаймыз. Негізінен адам көп жүретін сауда нүктелері, орталық базар, "Смолл", "Союз" супермаркеттері, "Жеке-батыр", "Жібек жолы" базарлары, ірі тұрғын үй кешендері басты назарда. Осы уақыт ішінде 500 мың шаршы метр аумақ деохлормен өңделіп, 32 тонна дезинфекциялық құрал жұмсалды, - дейді Сырым Шәріпханов.

Топ құрамы жаңартылып отырады. Қаланың коммуналдық қызметі де жәрдемдесіп, суды уақытылы тасымалдап тұрады. Дезинфекция жұмыстары үшін курсанттарға жалақы төленбейді.

Карантин режимі енгізілгенде Көкшетау техникалық институтының жеке құрамы орын алған жағдайға түсіністікпен қарап, қала қамы үшін өз еріктерімен еңбек етуге құлшыныс білдірді. Оқу орнының басшысы ретінде қызметкерлердің еңбектерінің еленгенін қалаймын. Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігінде төтенше жағдайда көмек көрсеткендерге ақшалай сыйақы тағайындау мәселесі қарастырылуда, - дейді оқу орнының басшысы.

Оның айтуынша, оқу орнында күрделі эпидемиологиялық жағдай кезінде шұғыл әрекет ете алатын білікті мамандар даярлануда. Көкшетау техникалық иститутында 7 кафедра жұмыс істейді. Төтенше жағдайларда қорғау және азаматтық қорғаныс кафедраларында курсанттар "Радиациялық, химиялық, биологиялық қорғаныс", "Экологиялық қауіпсіздік" пәндері бойынша инфекциялық аурулармен қалай күресу, қауіпсіздік ережелері туралы білім алады.

Өзгелердің жаңалығы