Бас жаңалықтар
 «Тurkistan» арнайы экономикалық аймағында 408 млрд теңгенің жобалары жүзеге асырылады
26 Қыркүйек 2020, 11:40 99

«Тurkistan» арнайы экономикалық аймағында 408 млрд теңгенің жобалары жүзеге асырылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.Түркістан облысының орталығында құрылған «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағында»  20 компания жалпы құны 408 млрд теңге болатын 23 жоба іске асыратын болады. 

Бүгінге дейін оның 115 млрд. теңгесі игерілді. Нәтижесінде құрылыс кезеңінде жұмыспен қамтылғандар саны 5900-дан асады.

Олардың қатарында әуежай, неке сарайы, көпбейінді аурухана, сауда-ойын-сауық орталығы, қонақ үй, тұрғын үй, спорт кешендері және көпфункционалды туристік кешені мен бизнес орталықтары бар.

Бұдан бөлек, өңірде тоқтап тұрған өнеркәсіптік алаңдардың әлеуетін іске қосу үшін арнайы экономикалық аймағының өнеркәсіптік аймағының аумағына Кентау қаласындағы бұрынғы Экскаватор зауытының 35 гектары да қосылды. Мұнда "TURKISTAN" арнайы экономикалық аймағының Басқарушы компаниясы "Brownfield" дайын ғимараттар базасында аумақты бірлесіп игеру бойынша зауыт құрылтайшыларымен бірлескен жобаны іске асырды. Қазіргі таңда, құжаттарды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны 2,2 млрд теңге болатын 2 жоба қол қою сатысында, және 15 млрд. теңге болатын 6 жобамен келіссөздер жүргізілуде. 

Айта кетейік, «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы» Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бұйрығымен 2018 жылы құрылған болатын. Ондағы мақсат – Түркістан қаласын жедел дамыту, Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттыру және жалпы Түркі әлемінің рухани астанасы ретінде одан әрі қалыптастыру.

"TURKISTAN" арнайы экономикалық аймағы 4 субаймақтан тұрады. Жалпы ауданы 3014 гектарды құраса, оның 297-сі тарихи-мәдени орталық, 1350-і әкімшілік-іскерлік орталық, 400-і өндірістік, 967-сі әуежай аймағына жатады.

"TURKISTAN" арнайы экономикалық аймағына келетін әлеуетті инвесторларға қолайлы инвестициялық жағдайлар жасау мақсатында 2043 жылға дейін кеден салығынан, корпоративтік табыс салығынан, жер салығынан, мүлік салығынан, қосымша құн салығынан босату және өтеусіз негізде жер телімі беру қарастырылған.


Фото: дереккөз
Загрузка...