1 қарашадан бастап еңбек мигранттары ХҚКО арқылы рұқсат рәсімдей алады

26 Қазан 2020, 19:19
1649
Бөлісу:
1 қарашадан бастап еңбек мигранттары ХҚКО арқылы рұқсат рәсімдей алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ІІМ жүргізіліп жатқан жаңғырту және жүйелі реформалар аясында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру бойынша тиісті шаралар қабылдауда.

Барлық облыстағы қалаларда 2018-2019 жылдар аралығында Көші-қон қызметі орталықтары ашылған болатын. Сол жерде еңбек мигранттары «бір терезе» қағидасы бойынша еңбек патенттерін рәсімдеп келді.

Бұл Орталықтарда көші-қон, ПД-нің криминалистикалық қызметі, Мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері, сондай-ақ медициналық ұйымдар, сақтандыру компаниялары және екінші деңгейлі банктердің қызметкерлері орналасқан, электронды кезектер енгізілген. Жұмысты осылайша ұйымдастыру еңбек мигранттарына рұқсат рәсімдеу мерзімін бірнеше күннен 2-3 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді және тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметті алу бұрынғысынан да ыңғайлы бола түсті.

ІІМ азаматтардың оң пікірлерін ескере отырып, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясымен бірге ағымдағы жылы еліміздегі барлық Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы еңбек мигранттарына патент рәсімдеу бойынша пилоттық жобаны жүргізуге кірісті. Сол үшін ХҚКО-ның ақпараттық жүйесі ІІМ көші-қон қызметінің жүйесімен біріктірілді. Осылайша «бір терезе» арқылы бастапқы және әзір құжаттарды берудің тәртібі оңтайландырылды, - делінген ІІМ хабарламасында.

Соның нәтижесінде ХҚКО арқылы 18 мың 500-ден астам патент рәсімделіп, берілді.

Ағымдағы жылғы 1 қарашадан бастап мемлекеттік қызметті көрсетудің осындай тәсілін барлық ХҚКО-да пайдалану жоспарланып отыр. 

Өзгелердің жаңалығы