Бас жаңалықтар
"100 жаңа есім": Дидар Хамза
PHOTO
18 Қазан 2019, 12:20 2316

"100 жаңа есім": Дидар Хамза

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Дидар Хамза – 81 келіге дейінгі салмақта күресетін дзюдошы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2007 жылы Түркістан қаласындағы А. Нұрмаханов атындағы олимпиада резервтерін дайындайтын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдо бөліміне барады. Сол кезден бастап Дидарды ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы – Марат Фазиев дайындайды. 2016 жылы алғашқы Олимпиадасына қатысқан ол екі жыл өткен соң Джакартада өткен Азия ойындарында алтын медальға ие болды. Татами төрінде Қазақстанның туын желбіретіп жүрген 22 жастағы Түркістан тумасы Дидармен сұқбаттасып, Токио Олимпиадасы алдындағы жоспарын сұрадық.

57a8acce0a3d7.JPG
-        2019 жылы қатысқан жарыстарыңыз қалай өтті?

-        Биыл қатысқан жарыстарымда айтарлықтай нәтиже болған жоқ. Ең жоғарғы нәтижемді айтар болсам, Гран При жарыстарын 7-орынмен аяқтадым. Биылдыққа айтарлықтай үлкен нәтижеге кол жеткізе алмадым. Жыл аяғында Masters турнирі бар және Абу-Даби Grand Slam жарыстарында жақсы нәтиже көрсетемін деген ойдамын.

-        Токио Олмипиадасына дайындығыңыз қалай?

-        Олимпиадаға әлі дайындық болып жатқан жоқ, өйткені қазір Олимпиадаға лицензия алу маңызды болып отыр. Лицензияны алып болғаннан кейін тыңғылықты дайындаламыз деген ойдамын. Қазір ұпай жинауға баса назар аударуым керек. Олимпиада рейтингінде 16-орында тұрмын. Мақсатым – үздік 8 дзюдошының қатарына кіру.

-         "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасына қатысушылардың арасынан сіздің аты-жөніңізді көрдім. Кім ұсынды?

-        "100 жаңа есімге" Түркістан облыстық спорт басқармасы мен ХҚТУ университеті ұсынды. Қатты мән беріп, көңіл бөліп жүрген жоқпын. Қазіргі дайындығымның бәрі Олимпиадаға лицензия алуға, сол жақта топ жаруға арналады. Сол себепті мен бұл жоба туралы ұмытып та кетіппін.

-        Дзюдодан бөлек бос уақытыңызда немен шұғылданасыз?

-        Дзюдодан бөлек қатты айналысатындай ештеңе жоқ. Балалармен бірге компьютерлік ойындар ойнаймын. Бірінші мамандығымды алдым, спорт факультетінде жоғарғы білімді бітірдім. Қазіргі таңда Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде екінші жоғары білімді алып жатырмын.

-        Артыңыздан еріп келе жатқан кішкентай спортшыларға қандай кеңес бересіз?

-        Спортта үлкен жетістікке жету үшін ең бірінші шыдамдылық, сабырлылық, төзімділік керек. Өйткені спорт жолы өте қиын. Жарты жолда жетістікке жете алмаған кезде, жарақат алған кезде, қиналған кезде қойып кеткің келетін кездер де болады. Спорт болған соң өте қиын бұл жолда өте төзімділік, шыдамдылық керек. Одан бөлек, әрине, талмай еңбектенуің қажет. Сол себепті жас балаларға айтарым, өздеріңді аямай еңбектеніңдер. Өздеріңе сенсеңдер. Өз-өздеріңді жігерлендірсеңдер, үлкен жетістікке жетесіңдер деген ойдамын.

-        Ересектер санатына өткен кезіңізде 19 жасыңызда Рио Олимпиадасына жолыңыз түсті. Олимпиадаға баратыныңыз соңғы сәтте белгілі болды. Осы қызық оқиғаңызды оқырмандарға баяндап берсеңіз.

-        Лицензия алу қиын болды, өйткені жас болдым. 18-19 жастамын. Жастар арасында күресіп жүрдім де бірден ересектер құрамасына өтіп, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздім. Азияда 2-орын, Гран приде 3-орын алдым. Лицензиялық Еуропа кубогі жарысын жеңдім. Рейтингіде жоғарылап, 23-орынға тұрақтадым. Олимпиадаға рейтингіде алғашқы 22 орында тұрған дзюдошылар қатысады. Бар-жоғы 30-40 ұпай жетпей 23-орында қалып қойдым да, Олимпиадаға жолдама алмадым. Оқу-жаттығу жиындарынан өттік. Балаларды олимпиадаға шығарып салдық. Келесі Олимпиадаға дайындалу керек болды. Үйде ұйықтап жатқан кезде Қазақстан дзюдо федерациясында спорт менеджері Роза деген қыз хабарласып, әкеме жақсы жаңалығы барын айтқан. Олимпиадаға бармаған соң, әкемнің көңіл-күйі болмаған. "Роза, менімен ойнама. Менің онсыз да көңіл-күйім жоқ. Қандай жақсы жаңалық болсын?" деп жауап берген. Роза болса, менің Олимпиадаға баратынымды айтып сүйінші сұраған. Папам "Роза, не шути. Онсыз да көңіл-күйім жоқ. Ондай нәрсемен ойнама" деген. Роза барлық мән-жайды түсіндірген. Розаның аузынан Олимпиадаға баратын 22 спортшының ішінде 11-орында тұрған дзюдошы допингпен ұсталды дегенді естіген әкем менің автоматты түрде 22-ге көтерілетінімді білген де, телефонды тастай салып "уралап" қуанған. Мен ол кезде ұйықтап жаттым. Кенет әкем "Тұр, Олимпиадаға барасың, кеттік" деп оятты. Ұйқымды аша алмай қандай Олимпиада, балалардың бәрі кетіп қалған жоқ па деп ойладым. Сонымен Роза хабарласып, Олимпиадаға баратынымыз белгілі болып, Рио де Жанейроға ұшып кетпейінше, өз-өзімізге қайта-қайта сенбей сондай қызық жағдай болған. Күтпеген жерден Олимпиада бұйырды.

-        Сұқбатыңызға рақмет, тек жеңіс тілеймін!
1548050954.jpg

Жетістіктері: 
2012 жылы Шымкент қаласында өткен Қазақстан Республикасы чемпионатында 1-орын;
2012 жылы Якутияда өткен Азия балалар ойынында 2-орын;
2012 жылы Тайпейде өткен Азия чемпионатының чемпионы;
2013 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының (АҚШ, Майами) қола жүлдегері;
2014 жылы Гонконгте өткен Азия чемпионатында 1-орын;
2016 жылы Австрияда өткен Еуропа кубогінде 1-орын;
2016 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері;
2017 жылы Загребте өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында 3-орын;
2018 жылы Джакарта қаласында өткен Азия ойындарының чемпионы;
2018 жылы Ташкентте өткен Гран При турнирінің чемпионы;
2018 жылы Абу Дабиде өткен Grand Slam жарысының қола жүлдегері.

Анықтама: 

2020 жылы 24 шілде мен 9 тамыз аралығында Токиода ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Дзюдо 1964 жылы Токиода өткен Олимпиадада алғаш рет бағдарламаға қосылып, келесі жазғы ойындарда дәстүрлі түрде медальдар жиынтығы сарапқа салынатын болды.

Қазақстандық дзюдошы Асхат Жіткеев 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында күміс медальға ие болып, дзюдодан алғашқы медальды сыйлады. 2016 жылы Рио Олимпиадасында Елдос Сметов күміс медаль алса, Галбадрах Отгонцэцэг қола жүлдеге ие болды.


Фото: автордан
Загрузка...