150 мыңнан астам оқушы онлайн олимпиадаға қатысты

22 Мамыр 2020, 22:38
1487
Бөлісу:
150 мыңнан астам оқушы онлайн олимпиадаға қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР БҒМ "Дарын Республикалық ғылыми-практикалық орталығының" бастамасымен 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша өткізілген республикалық олимпиада аяқталды. 

Алғаш рет олимпиада онлайн форматта өткізілді. Олимпиаданың негізгі мақсаты – оқушыларды пәндерді тереңдетіп оқуға ынталандыру, пандемияға байланысты қашықтан оқыту кезінде дарынды балаларды қолдау және олардың жетілуіне жағдай жасау.

Олимпиада қатысушылары келесі пәндер бойынша 50 сұрақтан құралған көп деңгейлі тест тапсырмаларын орындады: математика, физика, химия, биология, география және информатика, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі,  Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, "Адам. Қоғам. Құқық".

Олимпиадаға 9-11 сыныптардан барлығы 150851 оқушы қатысты, оның ішінде қазақ тілді мектептерден - 84711 оқушы, орыс тілді мектептерден - 66120 оқушы. Сонымен қатар 9-сыныптан – 73087, 10-сыныптан – 47433, 11-сыныптан – 30331 оқушы қатысты. 

Өткізу форматына қарамастан, оқушылар барынша белсенділік танытты. Олимпиада тапсырмалары өте күрделі және қызықты болды. Берілген тапсырмалар оқушылардың білімін ғана емес, креативті ойлауын талап етеді, миды "тонуста" ұстайды. Осындай олимпиадаларды өткізу уақытты тиімді пайдалануға және тапсырманы қобалжымай орындауға үйретеді, сондай-ақ маңызды емтихандарды тапсыру алдында қосымша жаттығу болатынына сенімдіміз, - деді "Дарын" орталығының директоры Ақжол Боранбай.

Олимпиаданың Ережесіне сәйкес қатысушылардың 25%-ы І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталатын болады. Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің дипломдары электронды форматта daryn.kz  сайтында 25 мамырға дейін жарияланады.

Өзгелердің жаңалығы