1934 жылы салынған мектепке алғаш рет күрделі жөндеу жүргізілді

30 Қыркүйек 2020, 20:15
2505
Бөлісу:
1934 жылы салынған мектепке алғаш рет күрделі жөндеу жүргізілді

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Қарағандының білім мекемелерінің 90 пайызына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Бұл үшін бюджеттен 4 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінген.

Қарағандыда осыған дейін мүлдем жөндеу жұмыстары жүргізілмеген білім ордалары жөнделді. Соның бірі- №13 орта мектеп. Өткен ғасырдың 1934 жылы бой көтерген қаладағы ең көне нысандардың бірі саналатын мектеп ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалғанымен, күрделі жөндеуден өтпеген.

Біздің мектептің тарихы тереңде. Ғимарат сонау 1934 жылы салынған. Мектеп 400 балаға шақталған. Осы уақытқа дейін күрделі жөндеу көрмеген ғимаратты толықтай жөндеп, сыртқы кейпін өзгертуге республика бюджетінен 252 млн теңге бөлінген болатын. Бұл қаржыға мектептің сыртқы қасбеті, терезелері, есіктері жаңартылды, ауласы аббаттандырылды,- дейді №13 жалпы білім беретін мектептің директоры Қанат Бектеміров.

Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Оқушылар қазан айының ортасынан бастап өз мектептерінде оқитын болады. Қазір олар көршілес №74 мектептің ғимаратында білім алып жүр.

Биылғы жылы білім мекемелерін жөндеуге рекордтық көрсеткіштегі қаржы бөлінді. Әрине, жұмыс барысында проблемалар туындады. Пандемия кезінді жұмысшылар сырқаттанып қалды. Бұл кейбір мектептердегі жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталмауына әсер етті. Қазіргі уақытта №13, 40 мектептерде жөндеу жұмыстары бітуге жақын. №13 мектепке бұрын күрделі жөндеу жүргізілмеген. Мектептегі құрылыс жұмыстары мамыр айында басталған болатын. Қазір жұмыс аяқталуға жақын. Сондай-ақ, шілде айындағы дауыл кезінде Курьянов ауылындағы №40 мектептің шатырын ұшырып әкетті. Басында шатырды жөндеу жоспарланбаған еді. Осы төтенше жағдайдан кейін шатырға ақша бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған болатын. 15 қазанға қарай жөндеуді аяқтау көзделуде. Қазіргі уақытта мектептің кезекші сыныбында білім алатын балалар көршілес №73 мектепке қатынап оқуда. Оқу процесі зардап шеккен жоқ,- дейді қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Наталья Головина.

Сонымен қатар, №17, 81, 91 орта мектептерінің аулаларында аббаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстар жақын күндері аяқталады.

Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, бүгінгі таңда қала бойынша 23 мың бала кезекші сыныптарда оқып жүрсе, 46 мың оқушы қашықтықтан білім алуда. Кезекші сыныптардағы бала саны 15-тен аспайды. Ал, онлайн оқитын оқушылар сапалы білім алу үшін қажетті жабдықтармен толық қамтылған. Тағы бір айта кетерлігі, биылғы оқу жылында қала мектептеріне 539 мұғалім жұмысқа қабылданған. Оның 200-і жас мамандар.

Біз жыл сайын оқу жылының басында 200-220 мұғалімді жұмысқа қабылдайтынбыз. Ал, биыл 539 адамды қабылдадық. Бос жұмыс орындары жоқ десе де болады. Тек математика және орыс тілді сыныптарға білім беретін бастауыш сынып мұғалімдері ғана жетіспейді,- дейді Наталья Головина.



Өзгелердің жаңалығы