Бас жаңалықтар
1991 жыл. Назарбаев келеді. "Әлібаева ән айтсын"
PHOTO VIDEO
27 Қараша 2019, 16:30 2062

1991 жыл. Назарбаев келеді. "Әлібаева ән айтсын"

СҚО, BAQ.KZ тілшісі. 1991 жыл, Петропавл қаласы. Николай Погодин атындағы орыс драма театрының көрермен залы лық толды. Бұл күні Қазақстан Республикасының президенттігіне үміткер Нұрсұлтан Назарбаев Қызылжар өңірінің халқына сайлауалды бағдарламасын таныстыру мақсатында келген еді. Кешегі мәдениет саласының қызметкері, бүгінде зейнеткер Кәмиля Әлібаеваның жадында сол күн кеше ғана болғандай сақталған. Қызылжарлық ақын BAQ.KZ тілшісімен естеліктерімен бөліскен еді.

Кәмиля Әлібаева 1991 жылы облыстық телеарнаның дыбыс режиссері болатын. Күндегі әдеті бойынша жұмысқа ерте келген қызметкерді мекеме директоры кабинетіне шақырады.


Директор облыстық партия комитетінен хабарласқанын айтты. Ертең президенттік сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарымен Петропавлға Нұрсұлтан Назарбаев келеді екен. "Концерт болмайды. Тек Әлібаева домбырамен өлең айтсын" деген бұйрық келіпті. Осыны жеткізгеннен кейін басшылық мені болатын шараға дайындалуға үйге жіберді. Содан түні бойы жарғақ құлағым жастыққа тимей, жыр жолдарын жаздым. 8 шумақ өлең шықты. Оны өзім айтып жүрген терменің мақамына салдым, - деп есіне алады ақын.

Ол мақам – Кәмиля Әлібаеваның өзі ғана шырқап жүрген "Мың бір маржан" термесі еді. Қазақтың қайсар қызы сол кездегі қоғамдағы жаңалықтарды әдемі өлеңмен өре білді. Болашақ президент алдында шырқалған сегіз шумақ арнау өлеңге халық қол соғып, авторын қошеметке бөледі. Нұрсұлтан Назарбаев орнынан тұрып, ақын қызға құрмет көрсетіп, бетінен сүйді. Қара-ақ түсті таспаны ақын әлі күнге көздің қарашығындай сақтап келеді. Себебі онда өткен күндердің өшпес ізі сақталған.


Бүгінде Кәмиля Әлібаева 60-ты алқымдаған зейнеткер. КСРО-ның халық әртісі Ғарифолла Құрманғаливтен сабақ алған. Біраз жылдар Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының әншісі болған өнерпазды қызылжарлық тыңдарман жақсы біледі. Уақыт өте келе Кәмиля апай өнер жолын телевизия саласысына айырбастайды. Ол өмірде болып жатқан құбылыстардың ешқайсысы кездейсоқ болмайтынына сенімді.

1.jpg

Жәмиля есімді әпкем бар. Екеуіміз мектеп жасынан бірге ән айтып, облыстық байқауларға қатысып жүрдік. Бірде Петропавлға Алматыдан ағайынды Мүслім мен Ришат Абдуллиндер келіп, байқау өткізді. Жеңімпаздар астанадағы өнер студиясында оқуға жолдама алуға тиіс еді. Орта мектепті аяқтап, қолыма аттестат алған шағым. Жәмиля екеуміз де қатыстық. Аудандардан жиналған үміткерлер көп болды. Екеуміз де сыннан сүрінбей өттік. Алматыға баруды жоспарлап жүрген кезде әпкем ойынан айнып қалды. Ауылдан шықпаған бала үлкен қалаға баруға жүрексінсе керек. Сөйтіп, әкем мені жалғыз жібермей қойды, - дейді өткен күннен сыр шерткен Кәмиля Қайыргелдіқызы.
6.jpg

Мектепте жақсы оқыған түлекті директор музыка пәнінің мұғалімі қызметіне қабылдайды. Бойындағы табиғат берген талант бойжеткенді әрқашан өнерге, домбыраға магниттей тартып тұратын еді.

Пионерлер кабинетінде екі домбыра ілулі тұрады. Қолым қалт етсе, сонда барып, қос ішекті шертемін. Әнге, домбыраға деген құштарлық болуы керек, аспаптың құлағын бұрап, өздігімнен ойнауды үйреніп алдым. Уақыт өте домбырамен ән айтуды да меңгердім. Ауылда мерекелік шара болса, халық маған ән айтқызады. Сондағы білетінім екі ән. Солай жүргенде ауылға облыс орталығынан Қазақстанның еңбек сiңipген әртiсi, бишi Мархаба Иманқұлова келді. Клубта концерт берген соң, әңгіме арасында ауылда ән салатын қыз-жігіттер жайында сұрастырыпты. Менен басқаны тыңдамаған ауылдастарым үшін керемет әнші болсам керек, бірден есімімді атапты, - деп күледі әнші.
Облыс орталығынан келген мейманның шақырып жатқанын естіген Кәмиля тез басып, клубқа жетеді. Өзі айтып жүрген "Біздің ағай тамаша" мен "Қызыл құмда ауылым" әндерін шырқап беріп, Мархаба Иманқұлованың көңілінен шығады. Ол Кәмиляны бірден қалаға, облыстық филармонияда қызмет етуге шақырады. Жас мұғалім оқу жылы аяқталысымен, домбырасын қолға алып, Петропавлға кетеді. Алғаш рет үлкен сахнаға шығады, гастрольдерге барады. Репертуарындағы екі ән басқа шығармалармен толыға түседі. Енді ол ауылдағы Әлібаева Кәмиля емес, сахнадағы Кәмиля Әлібаева болады.

5.jpg

Бір жыл бойы сахнаға төселдім, ой түзедім, бой түзедім. Алматыдағы өнер және цирк студиясында тағы да іріктеу өтетін болды. Солтүстік Қазақстаннан 17 адам жолдама алды. Арасында мен де бармын. Мен бұл жолы вокал емес, халық әні бөліміне іріктеуге түстім. Байқау 8 турдан тұрды. Алғашқысында-ақ бірге барған 16 адам өтпей қалды. Қазақстанның барлық облыстарынан 200-ге тарта адам жиналды. Нағыз тартысты бәсеке орнады. Жолым болып, 7 турдан өттім. Артта соңғы сын. Әлібаева болған соң, тегім үнемі тізім басында тұратын. Сахнаға бірінші болып шықтым. Әннің бірінші шумағы мен қайырмасын орындаған соң, қазылар алқасы "жетеді" деген белгі берді. Осымен байқаудың мен үшін аяқталғанын түсінгендей болып, шығып кеттім, - дейді ол.

Бұл қызылжарлық бойжеткен үшін байқаудың аяғы емес, жаңа өмір басы еді. Ол халық әні сыныбына қабылданады.

Менің бір жыл сахнада жүргенім – азық болды. Алғашқы жылы келсем, оқуға қабылданбайды екенмін. Әкемнің сол жолы Алматыға жібермей қойғанына қуандым. Өмірде ештеңе кездейсоқ болмайды, - деп жалғады естелігін Кәмиля апай.

Алматыда білім алған соң, ол туған жерге оралады. Облыстық филармониядағы қызметін жалғастырады. Күнде болатын гастрольдік сапарлар мен концерттер әйел адам үшін оңай тимесі анық. Әнші бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлу мақсатында облыстық телеарнаға ауысады. Бірақ өнерін ешқашан тастаған емес. Әлі күнге өзін толғандырған тақырыптарға өлең жазады.

Оны Нұрсұлтан Назарбаевтың алдына алып шыққан да табиғаттың сыйға тартқан өнері мен қайсар мінезі еді. Ақынның ендігі арманы – Елбасымен тағы бір жүздесу.

"Тұңғыш президентпен кездессеңіз не айтар едіңіз?" деген сауалға өнерпаз "Ол құпия. Оны Нұрсұлтан Әбішұлының өзіне ғана айтамын" деп жауап қатты. Кәмиля Әлібаева күндердің күнінде тағдыр оны Елбасымен тағы да жолықтыратынына сенімді.



Фото: автордан
Загрузка...