2019 жылғы қазақ спорты несімен есте қалды?

20 Желтоқсан 2019, 11:16
9062
Бөлісу:
2019 жылғы қазақ спорты несімен есте қалды?
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тағы бір жыл тарих қойнауына еніп барады. Осы ретте 2019 жылы қазақ спорты несімен есте қалды деген сауалға жауап іздеп көрсек.

20 жыл күткен алтын тағы да бұйырмады

c35d11a76d42572740452f081d5e6afb.jpeg

Биыл еліміз күрес түрлерінен алғаш рет әлем чемпионатын қабылдады. 14-22 қыркүйек аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өткен біріншілікке дүние жүзінің 100 елінен 1002 балуан келді. Жалпы 30 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

"Барыс-Арена" бозкілемінде Олимпиада мен әлем чемпионатында бірнеше рет жеңіске жеткен еркін күрестің шеберлері америкалық Кайл Снайдер мен ресейлік Абдулрашид Садулаев, грек-рим күресінен екі дүркін Олимпиада чемпионы ресейлік Роман Власов секілді мықтылардың өнерін тамашаладық.

Өкініштісі, қазақ балуандары тағы да әлем чемпионатынан алтсынсыз қалды. Грек-рим күресінен Қазақстан балуаны соңғы рет 1999 жылы топ жарған. Одан бері 20 жыл өтті. 55 келі салмақтағы Қорлан Жақаншаның мүмкіндігі болып еді, бірақ ол финалда грузиннің Нугзари Цурцумия есімді жас баласынан жеңіліп қалды.

Ал еркін күрестен 65 жылдан бері чемпион шықпаған. Елімізге еркін күрес 1954 жылы келген екен. Содан бері бірде-бір балуанымыз тұғырдың ең жоғары сатысына көтеріле алмады. Бұл жолы үш қазақ финалға дейін жеткенімен, күмісті қанағат тұтты.

Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында Дәулет Ниязбеков (еркін күрес, 65 келі), Нұрқожа Қайпанов (еркін күрес, 70 келі), Қорлан Жақанша (грек-рим күресі, 55 келі) күміс медальға қол жеткізсе, Нұрислам Санаев (еркін күрес, 57 келі), Мейрамбек Айнақұлов (грек-рим күресі, 60 келі), Алмат Кебіспаев (грек-рим күресі, 63 келі), Валентина Исламова (әйелдер күресі, 50 келі) қола жүлдеге қол жеткізді.

Элизабет қуантты

э.jpg

Жақында Қазақстанның ұлттық комитеті "Қысқы спорт түрлеріндегі үздік спортшы" аталымында мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан жұлдызы Элизабет Тұрсынбаеваны марапаттады. Шынымен де, Элизабет биыл ерледі.

Осы мәнерлеп сырғанау спортында марқұм Денис Теннен кейін әлемдік деңгейде енді кім шығады-ау деп жүргенде Элизабет наурыз айында қуантып тастады. Қазақтың қаршадай қызы Сайтамада (Жапония) өткен әлем чемпионатында әйелдер арасындағы жарыста күміс медаль алды. Отандасымыз тек Олимпиада чемпионы ресейлік Алина Загитоваға есе жіберді.

Тұрсынбаева әлем чемпионатында тек күміс медаль алып қойған жоқ, ол негізгі бағдарламада 4 айналым сальхов (4S) элементімен секірді. Ол төрт айналым элемент секірген алғашқы мәнерлеп сырғанаушы қыз ретінде тарихқа есімін жазып қалдырды.

Батыр Бекзат

2019_09_21_bekzat.jpg

Қыркүйек айында Ресейдің Екатеринбург қаласында бокстан әлем чемпионаты өтті. Осы жарыста 81 келіде қарсылас шыдатқан жоқ. Жартылай финалда төрт дүркін әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының жеңімпазы Ла Крузды жеңгенде көзіне жас алмаған қазақ болмаған шығар.

Бекзат Нұрдәулетов көпшілігімізге 2000 жылы құйрықты жұлдыздай ағып өткен Бекзат Саттархановтың есімін өшірмейтіндей көрінді. Сиднейде топ жарған ағасының спорттағы жетістігін Бекзат енді Токио төрінде қайталайды деп үміттенеміз.

Чемпионаттан кейін Маңғыстау облысының әкімі боксшыға Ақтау қаласынан екі бөлмелі үйді сыйға тартты. Ал Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Құрмет" орденін табыстады.

б.jpg

Иесін тапқан алтын мен күміс медаль

Ұлттық Олимпиада комитетінің жылдың үздіктерін анықтауға арналған "Алтын Самғау-2019" жүлдесін табыстауға арналған салтанатты іс-шарада екі спортшымыз Олимпиада ойындарындағы жүлделеріне ие болды.

Нақтырақ айтсақ, допинг дауынан кейін 2008 жылғы Олимпиада ойындарының нәтижелері қайта қаралып, ауыр атлетика мен жеңіл атлетикадағы Қазақстанның көрсеткіштері өзгерген еді.

Алла Важенина 75 келіде 2008 жылғы Олимпиада ойындарының алтын жүлдегері атанды. 

в.jpg

Ал Ольга Рыпакова өз туған күнінде үш қарғып секіруден Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдесін ресми түрде иеленді. 

о.jpg

Осылайша, Рыпакова Олимпиада ойындарындағы жүлделер жиынтығын толық еншіледі. Ол 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының алтын және 2016 жылғы Рио Олимпиадасының қола жүлдегері атанып отыр.

Хоккейден элиталық раундқа жолдама алды

х.jpg

Биыл елімізде алғаш рет шайбалы хоккейден әлем чемпионатының (1 дивизион, А тобы) ойындары өтті. 6 елдің ұлттық құрамалары элитаға берілетін қос жолдаманы сарапқа салды. Бұл екі жолдамаға Қазақстан мен Беларусь құрамалары ие болды.

Айтпақшы, Қазақстан осы іріктеуде өз тариxында алғаш рет Беларусь xоккейшілерін жеңді. Қазақстан өз тариxында тоғызыншы рет элиталық раундта өнер көрсететін болады.

"Манчестер Юнайтедті" жеңген күн

ф.jpg

Елордаға Еуропа лигасының топтық кезеңі аясында атақты "Манчестер Юнайтед" клубы келді. "Астананың" өз алаңындағы Чемпиондар лигасының үш дүркін, Англияның бірнеше дүркін чемпионымен өтетін ойынды күткендер көп. Бірақ ағылшындар негізгі құрамдағы жұлдыздарын емес, жастарын әкелді. Бірінші таймда жеңіліп жатып, екінші кезеңде екі гол соғып , "Астана" жеңісті жұлып алды. Тарихта нәтиже қалады деген сөз бар. "Астананың" бұл жеңісін жоғары бағалауға болады.

Көптен күткен заң қабылданды

дд.jpg

Биыл ҚР Мәдениет және спорт министрлігі допинг туралы жаңа заң жобасын әзірледі. Мәжіліс пен Сенатта талқыланып, кейіннен қолдау тапқан заң жобасына президент қол қойды.

Заң жобасы допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдатуға, Допингке қарсы ұлттық ұйымның мәртебесін күшейтуге бағытталған.

Қолданыстағы заңнамаға допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу, атап айтқанда спортшыға допинг тағайындаған адамдарға қатысты әкімшілік жауапкершілікті енгізу қажеттілігі туындады, ол 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жазаны көздейді.

- дисквалификация;

- спортшының спорттық нәтижесін жою және біліктілік ұпайларын немесе балдарын алып тастау;

- ақшалай көтермелеуді қайтару;

- спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеуді тоқтату;

- спортшыларға, жаттықтырушыларға және клуб командаларының басшыларына ай сайынғы ақшалай қамтуды тоқтату;

- спорттық атағынан айыру;

- Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпионы және жүлдегері тұрғын үйді пайдалану шартын бұзу;

- спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама және штаттық құрама командаларының құрамынан спортшыларды, жаттықтырушыларды шығару.

Сондай-ақ, Заң жобасында Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне 10 жыл мерзімге жалға беру үшін тұрғын үй беру, сондай-ақ допинг-тестілерді сақтау мерзімі 10 жыл болуына байланысты осы мерзімге аталған тұрғын үйді иеліктен шығаруға тыйым салу көзделген және егер осы кезеңде сынамаларда допинг анықталмаса, тұрғын үй спортшының меншігіне берілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы