2019 жылы қабылданған заңдар: Браконьермен күрес, мұғалім мәртебесі, бала құқығы

27 Желтоқсан 2019, 18:29
8771
Бөлісу:
2019 жылы қабылданған заңдар: Браконьермен күрес, мұғалім мәртебесі, бала құқығы
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Аяқталуға жақын 2019 жылда елді елең еткізіп, халық арасында кең талқыға түскен заң жобалары аз болмады. Бірқатар заңға президент қол қойып, олар күшіне енді, ал тағы біреулері Сенат пен Мәжілісте мақұлданып, өз кезегін күтіп тұр. "Барлығына бірдей жақсы болатын заң болмайды" деп ежелгі Рим саясаткері Марк Порций Катон айтқандай, биыл қабылданған заңдар мен өзгертулер сіз бен біздің өмірімізге қалай әсер етеді? Соған шолу жасап көрелік.

Әлеумет

й1.jpg

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар, инвестицияларды тарту, экспортты дамыту және ілгерілету, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына өзгертулер енгізілді.

Атап айтқанда, бұл құжат аз қамтылған азаматтар мен көпбалалы отбасыларға әлеуметтік қолдау шараларын және атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау тетіктерін жетілдіруді көздейді.

"1 сәуірден бастап АӘК көлемі күнкөріс минимумының 50%-ынан 70%-ға дейін өсіп, 20 789 теңгені құрады. Егер бұрын АӘК-тің орташа мөлшері отбасының әр мүшесіне 4 834 теңге болса, сәуір айынан бастап әр балаға 20 789 теңге төленетін болды. Бұл ретте ересектерге отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен АӘК критерийінің өлшемі арасындағы айырма төленеді".

Сонымен қатар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар мен І топтағы мүгедек балаға күтім жасайтын адамдарға арналған ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 30%-ға артты.

Бұл заң жобасы аясында білікті педагог, дәрігер, полицей және басқа да мамандар үшін "7-20-25" бағдарламасы аясында жеңілдетілген ипотека бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жергілікті бюджеттен субсидиялау тетігі енгізілді.

Балаларды қорғау

й2.jpg

Елімізде балаларға қатысты жыныстық сипаттағы барлық күш қолдану әрекеттері үшін жауапкершілік күшейтіледі. Сонымен қатар, қатаң жауапкершілікті көздейтін "Қызметтік міндеттерін орындау кезінде қылмыс жасау" деген жеке тармақ пайда болады.

Жас балаға (14 жасқа дейін) қатысты жыныстық зорлық-зомбылық көрсету енді өмір бойы немесе кемінде 20 жыл бас бостандығынан айыруды көздейді.

Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық әрекетке байланысты қылмыс жасау фактілері бойынша айғақтарды жасыру және бұрмалау, сондай-ақ педофилияның ауыр фактілері туралы хабарламаған үшін жауапкершілік енгізіледі. Бұл ауыр қылмыс болып есептеледі және ол бойынша бас бостандығынан айырудың ең жоғары мерзімі – 6 жыл.

Мысалы, қылмыстық жаза өз қабырғаларында балаларға жыныстық зорлық көрсету фактілерін жасыруы мүмкін мамандандырылған балалар мекемелерінің қызметкерлері мен басшылығына қатысты. Баланың ата-аналары мен қамқоршылары үшін де осындай жауапкершілік көзделеді.

Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық көрсету қылмыс істері бойынша жауапкершілік енгізіледі.

ҚК-тің 416-бабы, 6-бөлімі – 5 жылдан 7 жылға дейін (кез келген фактілер үшін);

ҚК-нің 432-бабы – 6 жылға дейін (кез келген факт бойынша);

ҚК-нің 434-бабы – 6 жылға дейін (ауыр немесе аса ауыр қылмыстар бойынша).

Мұғалім мәртебесі

й3.jpg

Жыл соңына қарай Сенат мұғалімдерге қосымша әлеуметтік кепілдіктер ұсынуға, олардың жүктемесін төмендетуге және есептілікті қысқартуға бағытталған "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасын қабылдады.

"Заң аясында кәсіптік міндеттермен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға, одан білім беру саласындағы заңнамада көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етуге, заңда көрсетілмеген тексерулер жүргізуге, оған тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі міндет жүктеуге, мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педагогтарын мемлекеттік емес ұйымдардың шараларын өткізуге тартуға тыйым салу арқылы түсетін жүктемені қысқарту жөніндегі нормалар нақты белгіленген".

Заң жобасының ережелеріне сәйкес, мұғалімдерге ұзақтығы 56 күнтізбелік күн төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы, олардың балаларына мектепке дейінгі ұйымдарда тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы органдардың бірінші кезекте орын беретіні белгіленген.

Браконьерлермен күрес

й4.jpg

Биыл еліміздің тұрғындарына браконьерлерді ұстау кезінде "Охотзоопром" инспекторы Қаныш Нұртазинов қазасы да ауыр тиді. Қылмыскерлермен алпарыста ерлікпен қаза болған 43 жастағы қорықшының артында 5 баласы қалды. Осыдан кейін елімізде браконьерлерге қатысты заң күшейіп, Қылмыстық кодекске өзгертулер енгізілді.

"Браконьерлерді жазаға тартатын негізгі 339-бап едәуір жетілдірілді. Жауапкершілік те неғұрлым қатал болатын болды. Егер бұрын осы бап бойынша заңды бұзған адам 5 жылға бас бостандығынан айырылатын болса, енді жаза 12 жылға дейін көтерілді".

Енді экологиялық тәртіп бұзушылық үшін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды елден 5 жылға шығарып жіберу мүмкін. Осыған қоса:

- азаматтар заңсыз аң аулағаны үшін 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады;

- бірнеше рет браконьерлік жасағаны үшін бас бостандығынан айыру мерзімі 4 жылға дейін ұлғайтылды;

- жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторларға қатысты күш қолданғаны үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Мемлекеттік қызмет

й5.jpg

Қараша айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев "ҚР мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы" Заңға қол қойды.

"Түзетулер бірінші басшылардың қол астында істейтін қызметкерлер үшін жеке жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Енді сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыс жасаған қызметкер үшін оның тікелей басшысы, яғни мемлекеттік орган басшылары – саяси мемлекеттік қызметшілер орнынан кетеді".

Сонымен қатар, бұл заң құқық қолдану практикасы барысында анықталған жекелеген проблемалық мәселелер мен қайшылықтарды шешуге бағытталған.

Нақтырақ айтса, енді шетелде білім алған түлектерді, сондай-ақ халықаралық, трансұлттық және шетелдік компанияларда жұмыс тәжірибесі бар тұлғаларды, квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі жетекшілерді мемлекеттік қызметке конкурстан тыс тағайындауға мүмкіндік бар.

Қарызды кешіру мен Салық рақымшылығы

й6.jpg

26 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы" Жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес, қиын жағдайға тап болған жарты миллионнан астам қазақстандықтың несиесі кешірілді.

Олардың арасында 4 немесе одан көп кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, бала кезінен мүгедек 18 жастан асқан балалары бар отбасылар, атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатын отбасыларға және т.б. бар. Олар өздерінің отбасыларының қаржылық ахуалын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік алды. Бұл мақсатқа бюджеттен 150 млрд теңге бөлінді.

Осыдан кейін еліміздің азаматтары үшін салық рақымшылығын көздейтін "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң қабылданды.

"Қарыздың негізгі сомасын төлеген қазақстандықтардан өсімақылар мен айыппұлдар алынып тасталады. Салық рақымшылығы шағын және орта бизнестің 90 000-нан астам субъектісіне жүреді. Алайда оған акцизделетін компаниялар топтары, мұнай және жалған кәсіпорындар кірмейді".

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, салық рақымшылығы аясында Мемлекеттік кірістер органдары осы уақытқа дейін есептеліп қойған өсімақыны автоматты алып тастайды. Қазірге дейін 549 мыңнан астам азаматтың 2,3 млрд теңге өсімақысы кешірілді. Олар 12,6 млрд теңге берешегін төлеген.

Жаңа экологиялық кодекс

й7.jpeg

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Экологиялық кодекстің негізгі қағидаттары мен жаңашылдықтарымен таныстырды.

"2025 жылдан бастап "бірінші санаттағы" ірі нысандарға кешенді экологиялық рұқсаттар (КЭР) қолданылады және қоршаған ортаға шығарындыларды азайтуға бағытталған ең жақсы қолжетімді технологиялардың (ЕҚТ) тетігі енгізіледі. Сонымен бірге, экологиялық құқық бұзушылық үшін салынатын әкімшілік айыппұлдар 10 есеге арттырылады".

Экологиялық кодекстің жаңа редакциясының жобасында қалдықтардың 5 сатылы иерархиясы және оларды өңдеудегі міндетті "кезеңдік" енгізілген, яғни бұл: пайда болудың алдын алу/азайту – қайта пайдалану, өңдеу, кәдеге жарату – жерге көму. Қалдықтарды жіктеу қауіпті емес және қауіпті қалдықтарды қамти отырып, Еуропалық қалдықтар каталогына сәйкес жасалады.

Спорт және допинг

й9.jpg

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң допинг үшін спортшылардың жауапкершілігін күшейтуді көздейді.

"Осылайша, егер Қазақстан атынан Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарына қатысып, чемпион немесе жүлдегер атанған спортшы допингпен ұсталса, мемлекет сыйға тартқан тұрғын үйді падалану туралы келісім-шарттың күші жойылады".

Осыған қоса, допингті қолданған спортшы үшін дисвалификация көзделген, оның спорттағы нәтижесі жойылады, біліктілік ұпайлары немесе балдары алынады және ақшалай сыйақылары қайтарылады.

Енді спортшыға допинг тағайындаған тұлға үшін 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады (505 мың теңге немесе 1300 доллар).

Мұндай спортшылар мен жаттықтырушылардың ай сайын төленетін материалдық көмегі тоқтатылып, спорттық атақтарынан айырылады және құраманың және штаттық команданың құрамынан шығарылатын болады.

Айта кетейік, егер он жыл ішінде спортшыдан допинг анықталмаса, тұрғын үй оның меншігіне беріледі. Егер спортшы қайтыс болып кетсе, онда баспана оның мұрагерлеріне қалады.

Өзгелердің жаңалығы