2020 жылғы білім беру саласындағы мемлекеттік қолдаулар

6 Қаңтар 2021, 17:40
3126
Бөлісу:
2020 жылғы білім беру саласындағы мемлекеттік қолдаулар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жыл білім саласы үшін де көптеген өзгерістердің басы болды. Бұрын-соңды болмаған қашықтан оқыту да осы жылмен тұспа-тұс келді.

Жалақы көбейген жыл 

Жыл басында «Педагог мәртебесі туралы» заң күшіне енді. Құжат 21 баптан тұрады және ол мұғалімдердің құқығын қорғау, оларды әлеуметтік қолдауға бағытталған. Заңда ұстаздардың еңбекақысын көтеру, педагогтің кәсіби құзіретіне кірмейтін міндеттер жүктегені үшін айыппұл салу, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу сынды жеңілдіктер мен қолдаулар қарастырылған. 

Қазақстанда жыл сайын білім саласына, оның ішінде мұғалімдердің жалақысын өсіруге қаржы бөлініп келе жатыр. Әсіресе, соңғы жылдары ерекше көңіл бөліне бастады. Президенттің Жолдауына сәйкес, 2020 жылдың қаңтар айынан бастап барлық педагогтің еңбекақысы 25%-ға көбейтілді. Сондай-ақ 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап тәлімгерлік үшін 10 АЕК көлемінде қосымша үстемақы төлеу қолға алынды. 

Әлеуметтік кепілдіктер қатарында педагог дәрежесіне теңестірілген тұлғалардың барлығының да еңбек демалысының кезеңі 56 күнге ұзартылды. Бұл 100 мыңнан аса педагогті қамтиды. Осыған дейінгі уақытта балабақшаларда немесе қосымша білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін педагогтердің еңбек демалысы 42 күнді құраса, қазір мектеп мұғалімдерінің демалыс күнімен теңестіріліп, 56 күн болып белгіленді. Сонымен қатар еңбек демалысына шыққан кезде төленетін бір лауазымдық жалақы көлеміндегі сауықтыру жәрдемақысы сақталады. 

Мұғалімдердің жалақысысын өсіру 2021 жылы да жалғасады. Педагогтардың жалақысын өсіруге, үстемеақыларды қоса алғанда, 2021 жылы 305 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл 2020 жылға қарағанда жоғары. Жалпы білім және ғылым жүйесін дамытуға алдағы үш жылға республикалық бюджеттен 5,1 трлн теңге қарастырылған. 2021 жылға 1,3 трлн теңге бөлінеді, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 458 млрд теңгеге артық. 

Биылғы жылы жалақыны 25% көтеру міндеті қойылды, біз бұл міндетті орындадық. Келесі жылы қаңтардан бастап барлық мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайызға көтеріледі. Мұғалімдердің жалақысын көтеру туралы бұйрық тек мектеп мұғалімдерін ғана емес, мұнда біз балабақшалардың, колледждердің, қосымша білім беру жүйесінің мұғалімдерін де қамтитынын ескертеміз, - дейді АсхатАймағамбетов. 

«Шамадан тыс есеп беру» азайтылды 

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 6 сәуірде қол қойған № 130 бұйрықта орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мұғалімдері толтыруға міндетті құжаттардың нақты тізімі көрсетілген. 

Құжатқа сәйкес, мұғалімдерден бекітілген тізімнен өзге құжаттар бойынша артық есепті талап еткендерді арнайы орган айыппұл түріндегі әкімшілік жауапқа тарту көзделген. 

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, енді пән мұғалімі күнделікті екі құжат толтырады. Біріншісі – сынып журналы, екіншісі – сабақ жоспары. Сондай-ақ оқу жылының басында күнтізбелік-тақырыптық жоспарды дайындайды және әр тоқсан соңында критериалдық бағалау бойынша құжаттарды толтырады. Қалған құжаттың еш қажеті жоқ. 

Егер мұғалім жас педагогтің тәлімгері болып, сол үшін 17 мың теңгеге жуық үстемеақы алса, онда жас әріптесімен бірлесіп атқарған жұмысы бойынша әдістемелік құжат толтырады. 

Егер мұғалім сынып жетекшісі болса, онда оқу жылының басында тәрбие жұмысының жоспарын жасайды, өткізілген ата-аналар жиналысы бойынша электрондық форматта хаттама толтырады, оқушылардың табельдерін толтырады және қажеттілігіне қарай олардың жеке істерін жаңартып отырады. Мектеп басшысы мен басшының орынбасарлары толтыратын маңызды құжаттардың да нақты тізімі белгіленді, артық құжаттың еш қажеті жоқ, - дейді Асхат Аймағамбетов. 

  Мұғалімдерді заңсыз жұмысқа тартқандарды қандай жаза күтіп тұр? 

Педагогтерді кәсіби міндеттеріне кірмейтін жұмыс түрлеріне тарту, олардан қызметтік міндетіне кірмейтін мәселелер бойынша ақпарат немесе есеп талап ету фактілері бойынша арыз түскен жағдайда, білім және ғылым министрлігі білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі комитетінің аумақтық департаменттері жоспардан тыс тексеру жүргізеді. Тексеріс ұйымға барып немесе қашықтан жүргізіледі. 

Құқықбұзушылық фактісін дәлелдейтін материалдар: 

·         педагогтердің кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыс түрлеріне тартылғанын растайтын фото және бейнежазбалар, хаттардың, бұйрықтардың, актілердің, хаттамалардың көшірмелері немесе басқа да материалдар;
·         жазбаша тапсырмалар немесе олардың көшірмелері, бұйрықтардың көшірмелері, есеп беру нысандарының көшірмелері мен педагогтен білім беру саласындағы Қазақстан заңнамасында көзделмеген есептіліктің немесе ақпараттың талап етілуін растайтын басқа да материалдар;
·         ​Қазақстан заңдарында көзделмеген тексерудің жүргізілгенін растайтын фото немесе бейнежазбалар, күні, тексеруші тұлғалардың аты-жөні, тексерудің мәні және басқа да материалдар;
·         тауардың немесе көрсетілетін қызметтің фото немесе бейнежазбасы, сондай-ақ, сатып алу рәсімдері, чектері, тауарлық шоттар, шот-фактуралар, түбіртектер мен басқа да материалдар;
·         мектеп ұйымдастырмаған ​іс-шараларға қатысқанын растайтын фото немесе бейнежазба, хаттардың, бұйрықтардың, актілердің, хаттамалардың көшірмелері немесе педагогтің іс-шараларға жіберілгенін растайтын басқа да материалдар. 

Егер адам алғаш рет заң бұзып, кінәсін мойындаса, комитет және оның аумақтық органы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырмайды. Кінәлі адамға ескерту жасалады. 

Егер заң бұзушылық қайталанса, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, айыппұл салынады. Оның мөлшері 20-дан (55 560 теңге) 120 АЕК-ке (333 360 теңге) дейін. 

Пандемия кезіндегі қашықтан оқыту 

Коронавирус індетіне байланысты алғаш рет қашықтан оқыту қолға алынды. Қазақстанда бұған дейін қашықтан оқыту форматы болмағандықтан, білім беру ісінде бірнеше мәселе туындады. Олардың қатарында: 

·         Техникалық дайындық;
·         Ұстаздардың цифрлық сауаты;
·         Интернет желісінің дайындығы;
·         Техниканың қолжетімдігі. 

Осы мәселелер бойынша министрлік жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, біраз жұмыс атқарды. БҒМ мәліметінше, оқушыларды қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін уақытша пайдалануға 723 мың компьютер берілген. Ұстаздар да тиісті құрал-жабдықпен қамтылды. Оларды интернетке қосу мәселесін жергілікті әкімдіктер шешті. 

Енді оқу жылының III тоқсанынан бастап бітіруші сыныптар (9,11,12 сыныптар) санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақтала отырып, аралас оқыту (пәндердің 70%-ын – дәстүрлі форматта, 30%-ын – қашықтан) форматына көшіріледі. 

Білім алудағы олқылықтарды аз да болса толтыру үшін басқа да сыныптардың оқушыларына сабақтан тыс уақытта жеке консультациялар ұйымдастыруға рұқсат. Бірақ топта 5 оқушыдан ғана болуы керек. Колледж бен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттері 2-ші семестрден бастап аралас оқыту форматына көшеді. 
 


Өзгелердің жаңалығы