2021 жылы 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы өсті

30 Сәуір 2021, 12:16
1771
Бөлісу:
2021 жылы 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы өсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында халықпен есептік кездесу барысында айтты. 

Министр 2020 жылғы қызметі және ведомствоның 2021 жылға арналған жоспарлары туралы әңгімеледі.

Халыққа сапалы медициналық көмек көрсету үшін денсаулық сақтаудың кадрлық ресурстары маңызды мәнге ие. Қазіргі уақытта еліміздегі дәрігерлер саны 76 мың штаттық бірлікті құрайды, оның 32 мыңы – бейінді мамандар. 2020 жылдың қорытындысы бойынша республикада дәрігер кадрлармен қамтамасыз ету 10 мың тұрғынға 40,5-ті құрады. Сонымен қатар 2020 жылы медициналық жоғары оқу орындары 2 171 түлек дайындады, - деді ол.

Айта кету керек, ауылдық жерге жұмысқа келген жас мамандар әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз етіледі. Министрдің сөзінше, 2020 жылдың қорытындысы бойынша 836 маманға көтерме жәрдемақы берілді, 235 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді, 73 дәрігерге өзге де әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді.

Медициналық ұйымдарды білікті кадр ресурстарымен жасақтау үшін біз медицина қызметкерлерін даярлауға гранттар санын ұлғайту, дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу, медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен, 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан екі жарым есе жоғары деңгейге дейін көтеру шараларын көздедік, - деді ол.

Осылайша, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы, дәрігерлерге 30%-ға, орта медицина қызметкерлеріне 20%-ға өсті. Министр 2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 561 мың теңгені, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 210 мың теңгені құрайтынын жеткізді.
Өзгелердің жаңалығы