2022 жылдың соңына қарай 827 радиотелевизиялық станция толықтай іске қосылады

25 Қаңтар 2021, 12:42
1824
Бөлісу:
2022 жылдың соңына қарай 827 радиотелевизиялық станция толықтай іске қосылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Қазтелерадио» АҚ Алматы облыстық телерадио хабарларын тарату дирекциясының директоры Қайсар Раздыков бүгін Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында елімізде цифрлық телевизия 2012 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқанын айтты.

Цифрлық телевизияны ҚР Тұңғыш президенті  Нұрсұлтан Назарбаев индустрализация күніне орай қосқан болатын. Алматы, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Жезқазған және Жаңаөзен қалаларында цифрлық-эфирлік телевизияға қол жеткізілді. 2013 жылы республикамыздың қалған барлық облыс орталықтарында да іске қосылды. Бүгінде 546 радиотелевизиялық станция салынған, 2018 жылдан бастап толықтай цифрлық телевизияға көшкен облыстар қатарында – Маңғыстау, Түркістан, Павлодар, Қостанай, Алматы облыстары және Шымкент қаласы бар. 2021 жылы 1 ақпанда толықтай цифрлық-эфирлік телевизияға көшу Алматы қаласында да жүзеге асырылмақ, - деді ол.

Қайсар Раздыковтың айтуынша, басты мақсат – осы жоба бойынша 827 радиотелевизиялық станция салу. Осылайша, республикадағы  елді мекендердің 95%-ын қамту.

Цифрлық-эфирлік телехабар тарату желісі аясында 2022 жылдың соңына қарай 827 радиотелевизиялық станция тұрғызуды деп жоспарлап отырмыз. Бұған дейін ауыл тұрғындарына аналогтық телевизияда тек 2-3 телеарна көрсетілетін еді, қазір цифрлық-эфирлік телевизия қосылғалы бері елді мекендерге 15 телеарнаға дейін қолжетімді. Осы арада айта кететін жайт, аналогтық телевизияда көпшіліктің сұранысына ие «Qazsport», «Balapan» сияқты телеарналар жоқ болатын. Қазір олар бар, пандемия кезінде балалар қашықтан оқу процесіне еш кедергісіз қосылды. Сол сияқты қалалық жерлерде бұрын небәрі 10 арна болса, қазір олардың саны 30-ға жетті, - деді ол.

Айта кетейік, бүгінгі эфир Алматы қаласындағы «Көк-төбе» телемұнарасында цифрлық-эфирлік телевизияға толық көшу мәселесі аясында өтті.


Өзгелердің жаңалығы