Бас жаңалықтар
3 желтоқсан – Халықаралық мүгедектер күні
03 Желтоқсан 2020, 17:52 194

3 желтоқсан – Халықаралық мүгедектер күні

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда 705 мыңнан астам мүгедектігі бар адамға түрлі қолдау шаралары көрсетілуде, деп хабарлады Р Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

3 желтоқсан – Халықаралық мүгедектер күні. Бұл іс-шара мүгедектігі бар адамдарды қоғам өміріне интеграциялауға назар аударуға бағытталған. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) жұмысының маңызды бағыты болып табылады. Министрлік мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету тәсілдерінің атаулылығын қамтамасыз ету және сапасын арттыру мақсатында оларды жетілдіру бойынша жұмысты жалғастыруда.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 705,5 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Жалпы ағымдағы жылы әлеуметтік төлемдерге, оңалтудың техникалық құралдарымен (бұдан әрі – ОТҚ) және арнаулы әлеуметтік қызметтермен (бұдан әрі – АӘҚ) қамтамасыз етуге 448 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға артық.

Азаматтардың осы санатын кешенді қолдау үшін Үкімет мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды қабылдады. Ұлттық жоспар шеңберінде Еңбекмині 4 бағытты іске асырады: «экономикалық дербестік және сапалы жұмыспен қамту», «әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту», «әлеуметтік оңалту мен абилитацияның тиімділігін арттыру» және «кешенді қолжетімділік және кедергісіз орта».

Еңбекмині бірінші бағыт бойынша таяу жылдары қосымша 30 мың адамды жұмысқа орналастырумен қатар еңбекке қабілетті жасқа жеткендердің санынан мүгедектігі бар жұмыспен қамтылған адамдардың үлесін кемінде 30%-ға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ол үшін Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жұмысқа орналастыру, бизнес негіздеріне оқыту және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бөлігіндегі мүмкіндіктері пайдаланылатын болады.

Екінші бағыт аясында 2020 жылдың қаңтарынан бастап aleumet.egov.kz әлеуметтік қызметтер порталы жұмыс істей бастады. Оның ерекшелігі – рейтингісін, басқа пайдаланушылардың пікірлерін, құны мен сапасын ескере отырып, ОТҚ мен АӘҚ-ны өз бетінше таңдау мүмкіндігі. Сервис оңалтудың техникалық құралдары мен арнаулы әлеуметтік қызметтерді алу мерзімін 6 айдан 15 күнге дейін қысқартуды; бизнес-процестердің ашықтығын, делдалдық қызметтерді жоюды; бағаларды біріздендіруді, бюджет қаражатын тиімді пайдалануды; ОТҚ және АӘҚ жеткізушілерінің тең қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Бүгінгі күні порталда оңалту техникалық құралдары мен арнайы әлеуметтік қызметтердің 1157 жеткізушісі тіркелген, 24 мыңнан астам ОТҚ берілген.

Үшінші бағыт мүмкіндіктері шектеулі адамдардың толыққанды интеграциясын қамтамасыз етуге бағытталған, оның шеңберінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік оңалту мен абилитациялаудың кешенді тәсілі іске асырылатын болады.

Төртінші бағыт бойынша «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталында «Қолжетімді орта» интерактивті қолжетімділік картасы» бөлімі ашылды, ол онлайн-режимде мүгедектігі бар адамдар үшін паспортталған және бейімделген объектілер бойынша деректерді енгізуге мүмкіндік береді. Оның көмегімен ерекше қажеттіліктері бар адамдар әлеуметтік инфрақұрылымның қандай да бір объектілерінде олар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша ақпаратты өз бетінше ала алады.

Еңбекмині Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің өңірлік департаменттері мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілеріне қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша тұрақты түрде тексерулер жүргізіп отыратынын атап өту қажет. Ағымдағы жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, мәдениет және көліктік қызмет көрсету салаларындағы объектілерде бұзушылықтарды анықтау бойынша 658 бақылау іс-шарасы өткізілді. Оның ішінде 624 объектіде мүгедек адамдар үшін қолжетімді ортаны қамтамасыз ету тұрғысынан тексеру жүргізілді. Бұл ретте профилактикалық бақылау шеңберінде 459 тексеру жүргізілді, ал азаматтардың өтініштері бойынша жоспардан тыс 199 тексеруге бастамашылық етілді, - делінген хабарламада.

Тексеру нәтижесінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және оларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында анықталған бұзушылықтарды жою туралы 472 ұйғарым берілді, олардың 37-сі бойынша жалпы сомасы 9,1 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынды.

Бұдан басқа Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды іске асыру шеңберінде 2019 жылдың соңында Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Осыған байланысты организм функцияларының айқын бұзылулары бар, оңалту болжамы күмәнді немесе қолайсыз, мүгедектік 5 жыл мерзімге белгіленуі мүмкін 19 аурудың тізбесі әзірленді. 18 жастан асқан адамдарға мүгедектіктің екінші тобы қайта куәландыру мерзімінсіз белгіленетін қайтымсыз анатомиялық кемістіктердің тізбесі және 16 жасқа дейінгі бала мүгедек деп танылатын медициналық көрсетілімдердің тізбесі кеңейтілді.

Ағымдағы жылы COVID-19 пандемиясына байланысты төтенше жағдай мен шектеу іс-шаралары кезеңінде мүгедектігі бар адамдар үшін мүгедектік мерзімдерін, жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін, кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін және мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасын бұрын белгіленген қайта куәландыру күнінен бастап үш айға автоматты түрде ұзарту көзделген болатын.

Бұдан басқа Еңбекминінде Қазақстан Республикасында әлеуметтік қызмет көрсетуді одан әрі жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспарының жобасы, арнаулы әлеуметтік қызметтер саласын жан басына нормативтік қаржыландыруға көшу тәсілдері әзірленіп, жұртшылыққа таныстырылды және Әлеуметтік қамсыздандыру кодексінің «Әлеуметтік қызметкерлердің құқықтық мәртебесі» бөлімі ұсынылды.

Әлеуметтік оқшаулауды жаңғырту 4 базалық қағидат бойынша жүзеге асырылады – олар атаулылық, ашықтық, инклюзивтілік және процестерді автоматтандыру.

Жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруға көшу «ақша клиенттің соңынан ереді» қағидатын балабақшаларда, мектептерде, емханаларда және т. б. іске асырылғандай іске асыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде еліміздің медициналық-әлеуметтік мекемелерінде дұрыс бәсекелестік болады, бұл нәтижесінде әлеуметтік қызметтердің жаңа түрлерін енгізуге әкеледі.

Сонымен қатар Еңбекмині «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірледі. Заң жобасын қабылдаудың мақсаты мүгедектігі бар адамдарға қатысты заңнамадағы кемсітуші терминдерді жою, оларды әлеуметтік қорғау жөніндегі шараларды күшейту және жұмысқа орналастыруды ынталандыру болып табылады. 


Фото: дереккөз
Загрузка...