Бас жаңалықтар
30 жылдағы жетістік. Олимпиада ойындарында жүлдені көп берген спорт түрлері
EX
28 Ақпан 2021, 14:50 568

30 жылдағы жетістік. Олимпиада ойындарында жүлдені көп берген спорт түрлері

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде спорт саласында да азды-кем жетістігі бар екені рас. Әрине, спортшылардың көрсеткішін негізінен Олимпиада ойындарындағы жүлдесімен бағаланып жататыны жасырын емес. Осы ретте 1994 жылдан бері қандай спорт түрлерінен Олимпиада ойындарынан жүлдені көп әкелдік, осыған тоқтағанды жөн көрдік.

Бокс

Қазақстан жазғы Олимпиада ойындарынан 15 алтын, 21 күміс, 28 қола медаль еншіліген. Барлығы 64 медаль. Бұл допинг дауынан кейін жаңартылған тізімге сәйкес жасалып отыр. 30 жылдың ішінде бізді әсіресе боксшыларымыз қуантты. Аталантадағы Василий Жировтың тарихи алтынан басталатын дәстүр әзірге үзілген емес. «Балқаштың жолбарысы» мұхитың арғы жанынан тек алтын жүлдемен ғана емес, үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогымен де оралды. Сол жолы Жамбыл облысының қос өрені Ермахан Ыбырайымов пен Болат Ниязымбетов үштікке ілікті.


Ал Сиднейдің жөні мүлдем бөлек. Бас бапкер Тұрсынғали Еділов 7 өренге сенім артты. Оның барлығы ширек финалға дейін жетті. Жартылай финалда төрт, финалда екеуі жұдырықтасты. Сан емес, сапа нәтиже берген Олимпиада осы Сидней болды. Куба мен Ресейден кейін жалпыкомандалық есепте үшінші орынға тұрақтадық. Бұл бас бапкер Тұрсынғали Еділов және оның штабының еңбегі. Сидней Олимпиадасы дегенде бірден марқұм Бекзат Саттарханов еске түседі. 20 жасында қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Сиднейдегі бокстан екінші алтын Ермахан Ыбырайымовтың қоржынында. Ермахан 71 келі салмақта сынға түсіп, ел сенімін ақтады. Бір айта кетерлігі Ыбырайымов Тәуелсіз Қазақстан тарихында ту көтеріп барып, чемпион атанып келген алғашқы және әзірге жалғыз спортшы.Сиднейде алтынға бергісіз қос күміс 51 келідегі Болат Жұмаділов пен аса ауыр салмақтағы Мұхтархан Ділдәбековке бұйырды.


2004 жылы Афины Олимпиадасында Бақтияр Артаев жасындай жарқырады. Отандасымыз жартылай финалда Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы ресейлік Олег Саитовтан үстем шыққан Бақтияр Артаев финалда екі дүркін әлем чемпионы кубалық Лоренцо Арагонды жеңіп, алтыннан алқа тақты. Жировтан кейін араға 8 жыл салып, Вэл Баркер кубогы тағы Қазақстанға жол тартты. Бұл жолы оның иегері – Бақтияр Артаев.


Сонымен қатар Қарағанды облысының қос боксшысы Геннадий Головкин күміс, Серік Елеуов қола медальға иелік етті.

Арада 4 жыл өткенде Бейжіңде бір алтын, бір қоланы қанағат тұттық. Өзбекстанда өсіп, кейіннен Қазақстан намысын қорғаған Бақыт Сәрсекбаев 69 келіде атой салды.  Қазақ боксшысы финалда кубалық Карлос Бантоға еш мүмкіндік бермей, 18:9 есебімен ұтты. Бір қола медаль 81 келідегі Еркебұлан Шынәлиевке тиесілі.


Осыдан 9 жыл бұрын Олимпиада алауы Лондонда тұтанды. Бұл өзі қазақты бір қуантып, артынан сол қуанышын су сепкендей басқан Олимпиада болғаны жасырын емес. Олай дейтін себебіміз, тарихта тұңғыш 7 алтын алып, жалпы командалық есепте 12-орынға табан тіреген едік. Бірақ ауыр атлеттердің төртеуі бірдей алтындарынан айырылып, 24-орынға сырғыдық. Дегенмен боксшыларымызға қатысты мұндай мәселе туындаған жоқ. Дәстүр бойынша 69 келідегі алтын Қазақстанға бұйырды.Оның иегері – Серік Сәпиев.

Қарағанды облысы, Абай қаласының тумасы 1/8 финалда жапондық Ясухиро Сузукиді, ширек финалда венесуэлалық боксшы Габриел Маэстрені ал жартылай финалда Ресейден барған Андрей Замковойды, финалда  британдық Фрэдди Эвансты жеңді. Сәпиев алтын жүлдеден бөлек, Вэл Баркер кубогының иегері де атанды.


Лондонда бокстан тағы 1 күміс, 1 қола бұйырды. 81 келіде жұдырықтасқан Әділбек Ниязымбетов финалда төрешілердің шешімімен ресейлік Егор Мехонцовқа жол беріп, екінші орынды қанағат тұтты. Қола жүлде аса ауыр салмақтағы Иван Дычкоға бұйырды.

Әзірге соңғы жазғы Олимпиада Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтті. Боксшылардан Данияр Елеусіновтің алтыны талайлардың көзіне жас алғызды. Бір айта кетерлігі, Елеусінов Тәуелсіздіктің құрдасы. Батыс Қазақстан облысында дүниеге келіп, елордада бокстың әліппесін үйренген Данияр алдыңғы ағаларының жолын жалғап, 69 келіде озық шықты. Боксшы жартылай финалда Сүлеймен Сиссокомен бокстасып жатқанда қарсыласының басы тиіп, маңдайы мен қабағын жыртып алған. Бірақ соған қарамастан финалда өзбекстандық Шахрам Гиясовты жеңді. 


Риода негізі үш қазақстандық боксшы финалда өнер көрсетті. Екеуі күмісті қанағат тұтты. Әрине, 91 келіде Василий Левит чемпион атануға лайықты болып еді. Бірақ төрешілердің бұра тартуының арқасында ресейлік Евгений Тищенко жеңімпаз атанып кетті. Екінші күміс 81 келідегі Әділбек Ниязымбетовке тиесілі. Қола жүлде ауыр салмақтағы Иван Дычкоға тиесілі.

Бокстан жалпы Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарынан 7 алтын, 7 күміс, 8 қола медаль алған.

Ауыр атлетика

Егер допингке байланысты мәселе болмағанда Қазақстан ауыр атлетика құрамасы боксшылардан кейін екінші орында тұрар еді. Өйткені 6 алтын, 5 күміс, 4 қола медаль болған. Амал жоқ, біразын қайтарып беруге тура келді.

Илья Ильин Қазақстан спортшылары арасында алғаш болып, екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды. Алайда қазір оның бірі де қалмады. Сол секілді Лондонда атой салған Зульфия Чиншанло, Мая Манеза, Светлана Подобедова үшеуі де алтындарын Халықаралық Олимпиада комитетіне табыстады.

Ауыр атлетикадан Лондондағы жалғыз қуанышымыз Анна Нұрмұхамбетованың арада бірнеше жыл өткенде қола жүлдеге ие болуы. Төрт алтынды қайтарып, орнына бір қола медальға қол жеткіздік. Анна Нұрмұхамбетова «Тұманды Альбионда» 69 келі салмақ дәрежесіне дейін өнер көрсетіп, 5-орынға ие болған. ХОК 3-ші және 4-ші орын алған Беларусь елінің зілтеміршілері Марина Шкерманкова мен Дина Сазоновецті допинг сынаманың оң нәтижесіне байланысты шеттетті. Осылайша, қола медаль қазақстандық спортшыға бұйырды.

Бейжің Олимпиадасы бойынша Ильиннен бөлек, Ирина Некрасова күмісінен, Мария Грабовецкая қола жүлдесінен айырылды.

Ресейден келіп, Қазақстан туының астында өнер көрсеткен спортшылардың бірі Алла Важенине Қытайдағы 4 жылдықтың басты додасында кұміс жүлдемен оралған. Арада 11 жыл өткенде оның күмісі алтынға айналды. Себебі 2016 жылы Бейжің олимпиадасының чемпионы Чао Лей (Қытай) мен қола жүлдегер Надежда Евстюхинаның (Ресей) допинг сынамасы оң нәтиже бергені анықталып, ХОК екеуін де жүлдеден айырды. Сөйтіп, Бейжің-2008 додасының чемпионы атағы Алла Важенинаға бұйырды.


Рио-де-Жанейро Олимпиадасынан ауыр атлетика құрамасы бір алтын, бір күміс, екі қолаға қол жеткізген. Алтынды Әзербайжаннан келген Ниджат Рахимов, күмісті Жазира Жаппарқұл, қоланы Александр Зайчиков пен Карина Горичева еншіледі. Кейін бұл қатарға Денис Уланов қосылды. Өйткені, 85 келі салмақта  үшінші орынға тұрақтаған румын Габриэль Синкраян допингпен ұсталды. Уланов сол жолы төртінші орынмен жарысты аяқтаған.

Оның алдындағы Олимпиада ойындарына көз жүгіртер болсақ, 1996 жылы Аталантада марқұм Анатолий Храпатый пен 2004 жылы Афиныдағы Олимпиадада ойындарында Сергей Филимонов күміс жүлдеге ие болған.

Жаңартылған тізімге сәйкес, ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасында Олимпиада ойындарынан 2 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль бар.

Жеңіл атлетика

Жалпы, тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде қыздардан екеуі ғана 4 жылда бір өтетін додада оза шапқан екен. Бір қызығы – екеуі де бір спорттан. Тіптен, есімдері де бірдей. Оның біреуі Ольга Шишигина болса, екіншісі – Ольга Рыпакова. Алғашқысы, Сиднейде 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден алтын сыйлады.


Ольга Шишигина негізі 4 жыл бұрын яғни 1996 жылы Аталантададан да жүлде әкелу мүмкіндігі жоғары болған. Бірақ Олимпиада қарсаңында допингпен ұсталып, 2 жылға спорттан шететілді. Дегенмен бұйырған кетпейді. Сиднейде бағы жанды. Жай ғана жүлдегерлер қатарына кіріп қоймай, алтыннан алқа тақты. Тіпті, басты қарсыласы саналған америкалық желаяқ Гейл Диверс жартылай финалда сүрініп қалды. Құдайдың өзі оған көмектескендей болды. Сөйтіп,  Олимпиада тұғырының ең жоғары сатысына көтерілген алғашқы қазақстандық әйел спортшы атанды.

Ольга Рыпакованың жөні мүлдем бөлек. Ол секілді Қазақстанда үш бірдей Олимпиада ойындарынан жүлде алған спортшы жоқ.


Үш қарғып секіретін Рыпакова 2008 жылы Бейжіңдегі Олимпиаданы төртінші орынмен аяқтаған. Арада10 жыл өткенде оған сол Олимпиаданың күмісі табыс етілді. Өйткені қола жүлдегер грекиялық Хрисопия Деветци мен екінші орын алған ресейлік Татьяна Лебедеваның қанынан допинг табылған.

Лондондағы алтынды Рыпакова дәл стадионда өз күшімен жеңіп алды. 2012 жылдың бесінші тамызында 28 жастағы жеңіл атлет жанкүйерлерін қуантып, үш қарғып секіруден әлемде сол кезде теңдесіз екенін дәлелдеді.  Қазақстандық жеңіл атлет алты мәрте секіріп, екеуі саналмай қалғанымен, қалған төрт көрсеткішінің екеуі бірдей өзінен кейінгі спортшылардан асып түсті – 14,98 және 14,89 метр. Екінші орын алған колумбиялық спортшының үздік көрсеткіші 14,80, ал үшінші орындағы украиналық атлеттікі 14,79 метр болды.


Төрт жылдан кейін Рио Олимпиадасынан да Рыпакова бос қайтпады. Бразилияда үштікке ілінді. Колумбиялық Катерин Ибаргуэн (15,17) мен венесуэлалық Юлимар Рохасты (14,98) алдыға жіберіп, қола жүлдеге ие болды. Ольга 14,74 метрге секірді.

Енді, 36 жастағы спортшы төртінші Олимпиадасына дайындалып жатыр. 2019 жылы Токио Олимпиадасының нормативін орындап тастады.

Бұл екеуінен бөлек, қазіргі кезде жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметін атқаратын Дмитрий Карпов Афиныдан үшінші орынды иеленген. Қарағандылық спортшы онсайыстан қатысқан болатын.

 

 Грек-рим, еркін және әйелдер күресі

Грек-рим күресінен тәуелсіздік жылдары алған жалғыз алтынымыз бар. Оны 1996 жылы Аталантада 57 келіде белдескен Юрий Мельниченко еншілеген. Қырғызстан туып, Қазақстанда өскен Мельниченко шешуші сында жергілікті жанкүйерлердің сүйікті балуаны, әлем чемпионы Деннис Хоолдың осал тұсын тапты.


Еркін күрестен Мәулен Мамыровтың қоласы алтынға бергісіз болғаны жасырын емес.

– Атланта Олимпиадасы ме­нің ең бір кемелденген кезім­мен тұспа-тұс келді. Жалындап тұр­ған 25 жастамын. Жарыстың алғашқы айналымында канадалық Грег Вудкрофты 10:0 есебімен тас-талқанын шығардым. Келесі кез­десуде КСРО халықтары Спар­та­киадасы мен ТМД чемпионатында мені алтыннан айырған Украинаның өкілі Владимир Тогузовтан «кегімді» алдым – 3:1. Одан кейін төрткүл дүниенің теңдессіз балуаны, болгариялық Валентин Иордановтан ұтып жатып, қателікке бой алдырдым – 3:7. Сол қателік мені Олимпиаданың алтыны үшін айқасу мүмкіндігінен айырды. Одан кейін түркиялық Метин Топақтаны оңай ұттым – 5:0. Ал шешуші бәсекеде ресейлік Шешенол Монгуштан 3:2 есе­бі­мен басым түсіп, қола медальды мойныма ілдім, – дейді балуан «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.

Сиднейде еркін күрестен жалғыз Ислам Байрамуков күміс медаль алды. Ислам финалда ресейлік Сагид Муртазалиевтен жеңілді. Өзге жігіттер құралақан қайтқан болатын.

Ежелгі Эллада елінде балуандарымыздың жүлдесінің саны артты. Ол тұста Қазақстанда легионерлер қарасы көбейген еді. Соның да пайдасы болса керек. Мысалы, осетин Геннадий Лалиев еркін күрестен 74 келіге дейін салмақта финалға шықты. Тағы бір күміс грек-рим күресінен 120 келіге дейін салмақта белдескен Георгий Цурцумияға бұйырды. 66 келідегі Мхитар Манукян қоланы қанағат тұтты.

Бейжің Олимпиадасында күрес түрлерінен алған екі жүлдемізден айырылып қалдық. Оның біреуі Ресейден келген легионер Таймураз Тигиев болатын. Еркін күрестен 96 келіге дейін салмақта күміс медаль еншілеген Тигиевтен допинг табылды. Сол секілді грек-рим күресінен дәл осы салмақта белдескен Әсет Мәмбетов те тыйым салынған препарат пайдаланған. Халықаралық Олимпиада комитеті екеуінің де медалін тартып алды.

Есесіне, классикалық күрестен 60 келіде сынға түскен Нұрбақыт Теңізбаев араға бірнеше жыл салып, қола жүлдесін күміске ауыстырды. Өйткені оның салмағында екінші орынға қол жеткізген әзербайжандық балуанда допинг дауына іліккен болатын. Әйтеуір, Марид Муталимов (еркін күрес, 120 келі) пен Елена Шальгинаның (әйелдер күресі, 63 келі) қола медаліне ешкім тиіскен жоқ.

Абырой болғанда, Лондонда жүлде салған балуандардың ешқайсысы допингке шырмалмады. «Тұманды Альбионда» еркін күрестен 66 келіде белдескен Ақжүрек Таңатаровтың өнері жанкүйер көңілінен шықты. Жамбыл облысының тумасы алтынға да ие болып қалар еді, әттең жартылай финалдағы төрешілердің әрекеті болмағанда...


Дегенмен Ақжүрек Таңатаровтың алтынға бергісіз қоласы біразға дейін айтылатын болар.  Одан бөлек, Даниял Гаджиев (грек-рим күресі, 84 келі) пен Гюзель Мандрова (әйелдер күресі, 72 келі) да үшінші орыннан көрінді.

Допингтік тексерістен кейін Дәулет Шабанбайға (еркін күрес, 120 келі) қола медаль табысталды. Отандасымыз Лондонда өткен төртжылдықтың басты бәсекесінің жартылай финалында отандасымыз грузин палуаны Давид Модзманавшилиге есе жіберген еді. Халықаралық Олимпиада комитетінің хабарлауынша, грузин спортшысының қанынан тыйым салынған препараттар табылған. 

Рио Олимпиадасында балуандар тек қыздарымыз қуантты. Гюзель Манюрова (әйелдер күресі, 75 келі) күміс, ал  Эльмира Сыздықова (әйелдер күресі, 69 келі), Екатерина Ларионова (әйелдер күресі, 63 келі) қола медальға ие болды.

Жаңартылған тізімге сәйкес, күрес түрлерінен Қазақстан құрамасында Олимпиада ойындарынан 1 алтын, 5 күміс, 10 қола медаль бар.

Жалғыз чемпиондар

Александр Парыгин (бессайыс)

Олимпиада деген ешкім күтпеген чемпиондардың шығуымен де қызық. Солардың бірі – Александр Парыгин. Оны 1996 жылы чемпион атанады деп ешкім күткен жоқ. Бір жыл бұрын әлем чемпионатында 10-орыннан аспағаны тағы бар.  1996 жылғы Олимпиадада Парыгин бессайыстың алғашқысы – дүбірлі тапаншамен атуда 11-орын алды. Қылыштасудан үміті ақталып, бірінші орынға ие болды. Жүзуден 21-орынға тұрақтады. Атқа салт мініп жүруден екінші орынға ие болды. Соңғысы жүгіру болатын. Мәреге бір жарым айналым қалғанда қазақстандық спортшы ресейлік Зеновты басып озды. Александр Парыгин осылайша жігерінің арқасында жеңіске жетіп, жанкүйерлерін таңғалдырады. Мамандар сенсацияға балады. Осы сәтті әйгілі фотограф Генри Шварц таспалаған екен. 


 Кейін Александр Парыгин азаматтығын ауыстырып, жасыл құрлықтағы Аустралияға кетті.

Александр Винокуров (велоспорт)

Александр Винокуров негізі Сиднейде-ақ Олимпиада чемпионы атануға мүмкіндігі бар еді. Бірақ күміс жүлдені қанағат тұтты. Сол кезде оны айыптағандар көп болған.

2000 жылғы Сиднейдегі Олимпиада ойындарындағы велошабандоз Александр Винокуровтың германиялық Ян Ульрихтен жеңілуі мен үшін әлі күнге дейін сұрақ, – дейді Дәулет Тұрлыханов.


Өйткені жасыл құрлықтағы Олимпиада ойындарында Винокуровтың алдын ораған Ян Ульрих өзінің командаласы болатын.  Яғни Олимпиадаға екеуі де «Т-Мобайл» командасының мүшесі ретінде келді. Дәулет Болатұлы сол үшін де сезіктенетін шығар.

Дегенмен, Винокуров араға 12 жыл салып, Олимпиаданың алтынын бәрібір еншіледі. 37 жасында Лондонда топ жарғанын көзіқарақты жанкүйер жақсы біледі.

Лондонда жасы 40-қа жақындап қалған Александрдан ешкім жүлде күте қоймаған. Алайда 250 шақырымдық жарыста бір топ спортшының бұрылыста құлаған сәтін сәтті пайдаланған ол алға шығып кетіп, армандаған алтынына қол жеткізген еді.

Дмитрий Баландин (жүзу)

Бокс, күрес, ауыр атлетикадан бөлек, спорттың осындай  өзге түрлерінен де алтын алудың өз ерекшілігі бар. Рио Олимпиадасында Дмитрий Баландиннің жүзуден чемпион атануын да осы қатарға қосуға болады. Алматы қаласының тумасы 200 метрге брасс әдісімен жүзуден алдына жан салмады. Ол мәреге 2:07,46 көрсеткішімен жетті.



Өзге спорт түрлеріндегі нәтижелер

Олимпиада ойындарынан дзюдодан Қазақстан құрамасы үш  медаль еншілеген. Оның алғашқы иегері – Асхат Жіткеев. 2008 жылы Қытайдың Бейжің қаласында өткен 4 жылдықтың басты додасында финалға дейін жетті. Тек шешуші сында моңғолиялық Тувшинбаяр Найданға есе жіберіп, екінші орын алды. Арада 8 жыл өткенде Рио-де-Жанейро Олимпиадасынан Отгонцэцэг Галбадрах қола, Елдос Сметов күміс жүлде ие болды. Енді бұйырмай тұрғаны тек алтын ғана...

Нысана көздеуден де 2 күміс, бір қоламыз бар. Бір қызығы, үш медаль да бір Олимпиададан бұйырды. 1996 жылы Аталантада Сергей Беляев екі күміс, Владимир Вохмянин қола медальға қол жеткізді.

Беляев былтыр қыркүйек айында 60 жасында дүниеден өтті. Таэквондондан Арман Шылманов Бейжіңде үшінші орынға ие болған.

Қысқы Олимпиада ойындарындағы көрсеткіштер

Ақ Олимпиадаға Қазақстан 1994 жылдан бері үнемі қатысып келеді. Бұл уақыт аралығында Қазақстан бір алтын, үш күміс және төрт қола жүлде иеленді.
Қысқы Олимпиада ойындары деген кезде есімізге Владимир Смирнов түседі. Көкшетаудың тумасы 1994 жылы Лиллихаммерде (Норвегия) Олимпиада чемпионы атанды. Бұған қоса, Смирнов екі күміс жүлде алған еді. Владимирдің бұл жеңістерінің арқасында Қазақстан жалпы есепте 12 орында жайғасты.


1998 жылы Жапонияның Нагано қаласына барған 60 отандасымыздың арасынан екеуі қола медальмен оралды. Конькимен жүгіруден Людмила Прокашева,шаңғы сайысында Владимир Смирнов үздік үштікке тұрақтады. Содан кейін біраз жыл жүлде бұйырмай жүрген.

Арада 12 жыл өткенде, 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласынан биатлоннан 15 шақырым қашықтыққа сайыста Елена Хрусталева күміс жүлдегер атанды. Бір айта кетерлігі, Хрусталева сырттан келген легионер спортшы.


2014 жылы Сочидегі Олимпиада ойындарында  марқұм Денис Тен мәнерлеп сырғанаудан бір қола медаль иеленді. Төрт жылдан кейін де осы дәстүр жалғасты. Қазақстандық фристайлшы Юлия Галышева 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өткен Олимпиада ойындарында қоржынға қола жүлдені салды. Жерлесіміз  финалда 77.40 ұпай жинады. Галышева, ел тарихында тұңғыш рет қысқы Олимпиада ойындарында фристайлдан жүлде алды.


Фото: дереккөз
Загрузка...