Азаматтарды 31 наурызға дейін өз статусын анықтауға шақырамыз – Айбатыр Жұмағұлов

20 Ақпан 2020, 13:51
2144
Бөлісу:
Азаматтарды 31 наурызға дейін өз статусын анықтауға шақырамыз – Айбатыр Жұмағұлов
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 31 наурызға дейін барлық ел тұрғындары шартты түрде сақтандырылған болып саналады.


Әзірге сақтандырылмаса да МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерді толық көлемде ала алады. Ал, 1 сәуірден бастап Медсақтандыру қорына жарна төлемегендер не істейді? Бұл сұраққа Қордың Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов жауап берді. Ол барша азаматтарды 31 наурызға дейін өз статусын анықтауға шақырды. 
Расында да 31 наурызға дейін барлық ел азаматтары сақтандырылған болып есептелінеді. Ал, сәуірден бастап сақтандырылмаған азаматтарға МӘМС жүйесіне кіруге мүмкіндік беріп отырмыз. Қандайда бір адам сақтандырылмаған жағдайда медициналық ұйымға келіп, қажетті жарнасын төлеп, жүйеге кіруге мүмкіндігі бар. Жалпы, аты да айтып тұр. МӘМС – бұл міндетті, сондықтан да сақтандыру жарнасын төлеу міндетті. Әрине, жарна төлемейтін 15 санаттағы азаматтар бар. Оларға мемлекет өзі төлейді, - деп түсіндірді төраға. 

Оның айтуынша, МӘМС жүйесіне осы күнге дейін қосылмаған азаматтарға белсенді үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Азаматтарды өзінің статусын анықтауға шақырамыз. Мұны өте маңызды деп ойлаймыз. Сондықтан да 31 наурыздан кейін жүйеге кірмей қалған азаматтар біз айтқан механизмдерді басшылыққа алу керек. Енді сіз айтқан "17 миллион сақтандырылған азаматтың қаншасы өз таңдауымен өзіне ұнайтын аурухана және клиникаларға барып тіркеле алды?" деген сауалға біз қосымша жауап беруге дайынбыз. Дәл қазір менің қолымда ондай цифрлар жоқ. Қазір қателеспей-ақ қояйын. Қосымша ақпарат кейін береміз, - деп айтты Айбатыр Жұмағұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде. 

Бұдан басқа, 2020 жылдың қаңтар айының нәтижесі бойынша көрсетілген науқастарға көрсетілген консультациялық-диагностикалық қызметтер өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 27%-ға өскен. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 1 258 медициналық ұйыммен келісімшарт жасасқан.
Оның ішінде 657 медициналық ұйым - мемлекеттік меншікте және 601-і — жекеменшік. «2020 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша көрсетілген консультациялық-диагностикалық қызметтер 2019 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 27%-ға өсті. Оның ішінде КТ және МРТ қызметтерін тұтыну 54%–ға, УДЗ-21%-ға артты. Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту қызметтерінің барлық түрлері мен бейіндері бойынша 48%-ға өсуі байқалады, оның ішінде невралогия бейіндері бойынша көрсетілген қызметтер көлемі 3,2 есе артты, - дейді Айбатыр Жұмағұлов тілшілерге берген жауабында.
Өзгелердің жаңалығы