Бас жаңалықтар
3350 адамға 350 пәтер
PHOTO
04 Желтоқсан 2020, 11:06 730

3350 адамға 350 пәтер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елбасының тапсырмасымен 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. 

Осы ретте Елбасы жастарға сатып алу құқығынсыз жалға пәтерлер беру бойынша 3 қалаға, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына тапсырма берген болатын. Өткен жылы берілген тапсырма бойынша жастарға арналған тұрғын үйлер салынып, жалға берілді. Биыл да бұл үрдіс өз жалғасын тауып жатыр. Осы орайда елорда жастарына пәтерлерді жалға беруге өтінімдерді қабылдау басталып кетті.

Биыл аталған конкурсқа өтінім беруші жастар көп пе? Үйді жалға алуға қандай құжаттар қажет? Пәтерлерге кім үмітті? Өткен жылы конкурс қалай өтті? Осы сынды сұрақтарға жауап береміз.

 2019 жыл. Жастарға жалға 1050 үй берілді

Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы алғаш рет бұл жоба іске асты. Жұмысшы жастарға сатып алу құқығынсыз жалға 1050 пәтер табысталды. Оның ішінде 202 екі бөлмелі, 848 бір бөлмелі үйлер берілді. Үйлер Ш. Уәлиханов, С. Сейфуллин, Бөгенбай батыр, Ә.Жангелдин көшелерінде орналасқан. Құжаттарды қабылдау 5-10 қараша аралығында электронды түрде жүргізілген болатын. Жоба бойынша бөлінген 1050 үй балы жеткен жастарға табысталса, конкурсқа өтінім берген 6365 жас конкурсқа ілінбей қалған болатын. Жұмыс істейтін жастарға арналған сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтерге құжаттарын тапсырған адамдардың тізімі zhilfond.kz сайтында жарияланған.

Құжаттар қашан/қайда қабылданады?

Құжат қабылдау 1 желтоқсан мен 6 желтоқсан (қоса алғанда) аралығында жүргізіледі. Бағдарламаға қатысуға өтініштер https://qatysu.zhilfond.kz/index.php порталы арқылы электронды форматта құжаттар қабылданып жатыр.

Тұрғын үй келесі 5 жылға ұзарту құқығынсыз жалға беріледі. Ай сайынғы жалдау ақысы 5 000–15 000 теңгені құрайды. Берілетін үйлер Р. Қошқарбаев даңғылы мен Қордай және № 23-31 көшесі қиылысындағы аудан, Абылай хан даңғылы, Б. Момышұлы мен Р. Қошқарбаев даңғылының қиылысында орналасқан. Ал пәтер ауданы 31 ш.м.-ден 47 ш.м. дейінгі 1 бөлмелі пәтерлер.

 Биыл неге 350 пәтер?

Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы елордада берілетін үйлер бойынша ақпарат берді.

2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында жұмысшы жастарға 1 050 пәтердің кілтін табыстадық. Биыл еліміздегі орын алған пандемияға байланысты 350 пәтер жастарға табысталады. Бұл жобаның негізгі мақсаты – жұмыс істеп жатқан жастарға мотивация беру, екіншіден жастар 5 жылдың ішінде пәтерді жалға алып тұрған кезде тапқан қаражаттарын жинап, жеке үйлерін сатып алуға жағдай жасау, - дейді Дәулет Кәрібек. 

 Жастар vs astana.gov.kz

Бастапқыда zhilfond.kz пен әкімдік таратқан ақпарат бойынша пәтерлерге құжат қабылдау astana.gov.kz сайты арқылы жүргізілетін болды. Дегенмен 1 желтоқсан күні қалалық әкімдіктің сайты уақытша жұмыс істемей қалып, өтініштерді тікелей zhilfond.kz сайты арқылы жіберуге болатыны хабарланды.

Жұмысшы жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйге құжат қабылдау елордада 1 желтоқсаннан басталды және 6 желтоқсанға дейін жалғасады. Бағдарламаға қатысу үшін https://qatysu.zhilfond.kz/index.php порталы арқылы өтініш беруге болады, - деп ақпарат таратты қалалық әкімдік.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің баспасөз хатшысының айтуынша, 1 желтоқсан күні astana.gov.kz порталында техникалық жұмыстар жүргізілген.

 «Өтпей қаламын» деген уайым болған жоқ

2019 жылы тапсырылған 1050 пәтердің бірін жалға алуға мүмкіндік алған астаналық Гүлмира Ақылбекова бағдарламаға қалай қатысқанын, қанша балмен үйге қол жеткізгенін айтып берді.


Өткен жылы өз атымнан конкурсқа құжаттар тапсырдым. Ол құжаттарды байқаудың соңғы күні тапсырдым. Себебі жолдасым Айдостың жасы 30-ға жақындап қалған, өтпейміз деп ойладым. Мен де 28-ге келіп қалғам. 109-дан да сұрап біле алмадым. Сөйтіп ең соңғы күні сіңілім менімен қатарлас әріптестерінің тапсырып жатқанын айтты. Содан 109-бен байланысып, өтінім берушінің ғана жасы есептелетінін анықтадым. Сөйтіп, жылдам құжаттарды жинауға кірісіп, тиісті портал арқылы құжаттарды тапсырып үлгердім. Enbek.kz-те көрсетілген 100 мамандыққа салам сәйкес келіп, 10 балл берді. Одан бөлек, отбасы құрғанымызға 5 жыл болған. Оған 5 бал және әр жыл үшін 2 балдан қосылды. Қызымыз Айғаным үшін 1 балл берді. Нәтижесінде 26 балмен бір бөлмелі үй бұйырды. Пәтердің көлемі 45 шаршы метрді құрайды. Негізі «өтпей қаламын» деген уайым болған жоқ, керісінше «өтпеймін» деп ойлап жүрген едім. Себебі, ТҚЖБ-де шотым есептелмеді, оның үстіне Айдостың жасына да қарайтын шығар деп ойладым, - дейді бағдарлама бойынша жалға пәтер алған Гүлмира Ақылбекова.

Оның айтуынша, екінші турында телефоныма «депозит анықтамасын» дұрыс толтыру қажеттігі туралы хабарлама келген. Кейін оның электронды нұсқасын алып, қайта жіберген.

Берілген пәтер сапалы. Есік, терезе, едені жөндеуден өткен, қабырғасы боялған, дайын үй болды. Сондай-ақ, асханада плитасы да болды. Біз тек жиһаз ғана алдық. Жаңа жылдың алдында естен кетпес сыйлық болды. Мұндай бағдарламалар жастарға көрсетілген үлкен көмек. Себебі бұған дейін пәтерді жалға 100 мың теңгеге алсақ, қазір шаршы метріне 150 теңгеден, яғни айына 6500 теңгеден төлейміз. Енді өз үйімізді алуға ақша жинап жатырмыз, - деп айтты ол.

Сонымен қатар, пәтер иесі үйдің берекелі болғанын айтты. Қазір Гүлмираның отбасы толықты.

 

Пәтерлер мұқтаж жандарға бұйырсын

Биылғы конкурс жоғарыда аталғандай, 1-6 желтоқсан аралығында өтіп жатыр. 350 үйге үміткерлер саны күн сайын өсіп жатыр. Осы ретте мемлекеттік бағдарлама бойынша жалдамалы үйге құжат тапсырған елордалықтардың пікірін білдік.


Байқауға құжаттар жинауда еш қиындықтар болмады. Барлығын онлайн алдым. Дегенмен оның өзіне 2-3 күн кетті. Құжат тапсыратын күнге бәрін толығымен дайындап қойдым. Алайда әкімдіктің сайты жұмыс істемей, таныстарым жіберген qatysu.zhilfond.kz порталы арқылы сағат 12 шамасында құжаттарды тапсыра алдым. Оның өзінде адамдардың көп кіргенінен бе сайт қатып, 2 сағат бойы құжаттарды порталға жүктеп отырдым. Бірақ күнде көріп отырғанымыздай, берілетін үй саны аз, бірақ оған қатысушылар саны артып жатыр. Сол себепті кішкене қобалжып отырмын. Тапсырған құжаттарым бойынша автоматты түрде балл есептелді. Мамандығым 100 саланың біріне кіргендіктен жинаған балым 32-ні көрсетіп тұр. Осы ретте құжат тапсыратын сайттың жұмысы биыл жақсы жасалғаны көрініп тұр. Бірден балымызды есептеп берді. Өткен жылғы үй алған 350-ші адамның балы 27 болып тұр екен. Сондықтан өтіп кетемін деген үмітім, сенімім бар. Десек те, берілетін пәтерлер мұқтаж жандарға бұйырғанын қалаймын. Конкурс адал, ашық өтетініне сенімдімін, - дейді қатысушы Айдана Тұрсыматова.

Айта кетейік, елордалық Айдана тұрмыста, бір қызы бар. Ол құжаттарды өзінің атынан тапсырып отыр.

Сонымен қатар елордалық жас ана Базаркүл Малмахова да құжат тапсыруда еш қиындық болмағанын айтты.

Жастарға жалдамалы пәтерлер берілетінін «Дәулеттен» білдім. Құжаттардың бәрін жинаған соң танысымның компьютері арқылы тапсырдым. Себебі өзімде ондай техника болмады. Жанұяда 4 адамбыз - жолдасым және екі ұлымыз бар. Қатысып жатқан адам көп, бұйырғаны болар. Бірақ қазіргі күні үйді 95 мың теңгеге жалдап тұрып жатырмыз. Бағдарлама арқылы үй берілсе, бізге үлкен көмек болар еді, - дейді елордалық.

Жалдамалы пәтерге өтінім берушілерге қандай шарт қойылады?

– 29 жасқа толмаған ҚР азаматы;

– аяқталған орта/арнайы орта/жоғары/жоғары оқу орнынан кейінгі білім және ресми жұмысқа орналастыру;

– Нұр-Сұлтан қаласында соңғы 2 жылдан кем емес тұрақты үздіксіз тіркелу;

– өтініш берушіде және отбасының барлық мүшелерінде ҚР бойынша меншік құқығында, сондай-ақ 2 жыл ішінде сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің болмауы;

– төлем қабілеттілігін растау (ай сайынғы табыс минимум 111 120 теңге/соңғы 6 айда 40 АЕК).

 

Қажетті құжаттар тізімі

1. Өтініш берушінің ЭЦҚ кілті;

2. Өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің (жұбайы, балалары болған жағдайда) жеке куәлігінің сканерленген нұсқасы;

3. Дипломның сканерленген нұсқасы (жоғары білім туралы диплом, мектеп аттестаты, біліктілік, арнайы-техникалық білім туралы диплом – бар дипломдардың бірі);

4. . Неке қию туралы куәліктің сканерленген нұсқасы (болған жағдайда);

5. Балалардың туу туралы куәлігінің сканерленген нұсқасы (болған жағдайда);

6. Өтініш берушіге және отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасы бойынша жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы (болған жағдайда жұбайы, балаларына да);

7. Жұмыс орнынан анықтаманың сканерленген нұсқасы (меншік нысанындағы мемлекеттік органдардың «ММ», «КММ», «РММ», «МКҚК», «РМҚК», «ШЖҚ МКК», «ШЖҚ РМК» қызметкерлерінде жұмыс орнынан мемлекеттік қызметтегі жалпы өтілі көрсетілген мекеменің фирмалық бланкісіндегі анықтама болуы тиіс);

8. Еңбек қызметінің бүкіл кезеңі үшін БЖЗҚ зейнетақы аударымдары туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы;

9. Зейнетақы аударымдары есептелмейтін әскери қызметшілерге жұмыс орнынан Сіз тұрғын үй төлемдерін алмайтындығыңыз туралы анықтаманы қоса беру қажет;

10. Мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері қызметтік тізімді ұсынуы қажет (болмаған жағдайда, ҚР Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес құжаттардың бірін ұсынуы қажет);

11. Банктік шоттың бар екендігі және нөмірі туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы (карточкалық шот, ағымдағы, жинақ, дебеттік шот және т. б. – бар шоттардың бірі);

12. Банктік шот бойынша ақша қалдығы және қозғалысы туралы үзінді көшірменің сканерленген нұсқасы;

13. Өтініш берушінің жеке жетістіктері туралы құжаттың сканерленген нұсқасы;

14. Жеке кәсіпкерлер жеке кәсіпкер ретінде қызметінің басталғаны туралы хабарлама ұсынады;

15. Егер Сіз еңбек демалысында немесе еңбекке уақыташа жарамсыз демалысында болып, Сіздің табысыңыз төмендеген болса, еңбек демалысы туралы бұйрығын немесе еңбекке уақыташа жарамсыз парағын қосымша ұсыну қажет.

16. Егер Сіз ТЖ әрекетіне 42 500 теңге алған болсаңыз, Сізге осы жәрдемақы түскен картаның шотынан үзінді көшірмені тіркеу қажет (01.01.2020 – 05.12.2020 жылдар кезеңінде карта бойынша үзінді көшірме).

 Балдық жүйе қалай есептеледі?

– Отбасының болуы үшін – 5 балл, Некенің әр жылы үшін – 2 балл;

– Баланың болуы үшін-1 балл, келесі әрбір бала үшін – 2 балл;

– Бюджеттік ұйымдардағы (мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардағы) еңбек қызметі үшін – 5 балл, еңбек өтілінің әр жылы үшін -1 балл;

– нарық сұранысына ие 100 мамандық тізіміне сәйкес мамандықты игерген өтініш берушіге – 10 балл (тізім сайтта жарияланған zhilfond.kz);

– жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде кемінде 1 жыл – 5 балл, әрбір жыл үшін – 1 балл;

– өтініш берушінің әртүрлі қызмет салаларында жеке жетістіктері болған кезде (кәсіби саладағы жетістіктері ескеріледі) – 2 балл;

– екінші деңгейдегі банктердегі жинақ шоттарындағы жинақтардың әрбір жылы үшін – 2 балл.

Айта кетейік, qatysu.zhilfond.kz порталында қатысушылар саны 3 мыңнан асты. Сонымен қатар, сайтта жастардың ең жиі қойылатын сұрақтарына жауап алуға болады.


Одан бөлек, өтініштерді 7-12 желтоқсан аралығында толықтыруға не түзетуге болады. Жеке кабинетке шексіз рет кіруге болады, бірақ файлдарды жүктеп, ЭЦҚ кілтімен тек 1 рет қана қол қоя аласыз. Толығырақ мына жерден білуге болады. 




Фото: дереккөз
Загрузка...