36 мыңнан астам компьютер сатып алынды – Аймағамбетов

14 Шілде 2020, 12:11
1635
Бөлісу:
36 мыңнан астам компьютер сатып алынды – Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен "Оқу процесін ұйымдастыру туралы" онлайн брифингі барысында  ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

Біздің бірінші тоқсаннан соң елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақталғаннан кейін, қашықтан оқу форматынан дәстүрлі оқу форматына қалай көшу керегі жөнінде жоспарымыз бар. Бұл да маңызды мәселе. Қазір сырқаттанушылықтың қызыл деңгейі кезінде оқуды қашықтан жалғастыруды жөн көріп отырмыз. Кейін сырқаттанушылық деңгейі сары, жасыл түске ауысқан шақта қолға алар бірнеше нұсқамыз бар. Осы нұсқалар арасында дәстүрлі оқу форматына кезеңдік ауысу поцесі жүретін болады. Мұндай стратегия тиісті профильді министрлікпен келісіліп дайын тұр. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты бұл жұмыстар жалғасатын болады, - деді ол.

Министр елде ескірген компьютер көп және мұндай құрылғыға қол жеткізе алмай отырған балаларға уақытша пайдалануға беретін компьютер жеткіліксіз екенін айтты.
Дайындық процессі де маңызды рөл атқарады. Өткен төртінші тоқсан нәтижесі бойынша бұл бағытта бірқатар мәселе барын байқадық. Қазіргі таңда компьютерлерге қатысты жұмыс атқарылып жатыр. Бізде расымен ескірген компьютер көп және мұндай құрылғыға қол жеткізе алмай отырған балаларға уақытша пайдалануға беретін компьютер жеткіліксіз. Сондықтан, бүгінде 36 мыңнан астам компьютер сатып алынды.  Әрі қарай 1 қыркүйекке дейін аймақ әкімдіктері қосымша қажетті көлемде компьютер сатып алатын болады. Бүгін Үкімет отырысында осындай тапсырма берілді, - деді министр.

Асхат Аймағамбетов интернет платформаларына да қатысты мәселе барын айтты.
Интернет платформаларын жетілдіруге қатысты педагогтар, ата-аналар мен балалардың ұсыныстарын саралап, IT-компаниялармен келісіп, бүгінде аталмыш интернет платформаларды модернизациялауға қатысты шаралар жүргізілді. Қазір бұл платформалар мейлінше ыңғайлы бола түсті, "Күнделік" және т.б. жүйелермен біріктірілген. Сонымен қатар, бұл платформаларда жаңа оқу жылының бірінші және екінші тоқсандарының материалдары дайын, қазір бұл сабақтардың ерекше білім беруді талап ететін оқушыларға қолжетімді ету жағы қарастырылып жатыр. Біз сурдоаударма, қаріптер көлемін үлкейтуге қатысты тапсырма бергенбіз, - деді ол.
Министр контентпен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмағанын жеткізді. Видео-сабақтардың түсірілімі, сандық білім беру ресурстарын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Теле-сабақтар бойынша профильді министрлікпен келісім жасалған, трансляциялар ұйымдастырылатын болады. Теле-сабақтар қазіргі таңда түсіріліп жатыр.



Өзгелердің жаңалығы