4 АЕК жәрдемақы тағайындау ұсынылып отыр: депутат жағымды жаңалық айтты

19 Ақпан 2020, 11:35
11837
Бөлісу:
4 АЕК жәрдемақы тағайындау ұсынылып отыр: депутат жағымды жаңалық айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс сегіз және одан да көп балалары бар отбасыларға әр балаға шаққанда 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы тағайындайтын жаңа Заң жобасын қарастыратын болады.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ана мен баланы қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасын жұмысқа енгізді. Бұл Заң жобасы туралы Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова айтты.

Аталған заң жобасына Мәжіліс депутаттары - Нұркина, Аманжолова, Жұмаділдаева, Омарбекова және Сенаттан Бектұрғанов бастамашы болды. Заң жобасы мемлекет басшысының Қазақстан азаматтарын ұрыс-қимыл аймақтарынан қайтару, сондай-ақ көпбалалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету жөнінде шаралар қабылдау туралы тапсырмаларын орындау аясында әзірленді. Заң жобасында сегіз және одан да көп балалары бар отбасыларға әр балаға шаққанда 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы тағайындау ұсынылып отыр, - деді Гүлшара Әбдіқалықова. 

Оның айтуынша, білім мен ғылым саласындағы өкілетті органға терроризм өршіп тұрған аймақтардан келген адамдарды, отбасыларды әлеуметтік оңалту мен радикалды көзқарастан арылту мәселелері жөніндегі құзыретті бекітіп беру көзделеді. 

Заң жобасымен 4 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Оны іске асыру теріс әлеуметтік-экономикалық әрі құқықтық салдарға әкеп соқпайды. Комитет заң жобасын жұмысқа алуға және ол бойынша 2020 жылғы 24 маусымға дейін мерзімде қорытынды әзірлеуге дайын, - деді депутат.
Өзгелердің жаңалығы