400 млн теңгенің құрылғысы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Шуда ғана бар

25 Тамыз 2020, 18:34
2512
Бөлісу:
400 млн теңгенің құрылғысы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Шуда ғана бар
PHOTO
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қырық мыңға жуық тұрғыны бар Шу қаласындағы ауруханада компьютерлік томография кабинеті ашылып, соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталды.

Қалалық аурухананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Нұрбол Жолдасовтың айтуынша, жаңадан әкелінген медициналық құрылғы еліміз бойынша төрт қалада ғана бар.

ас1.JPG

Компьютерлік томография аппараты біздің ауданға 2015 жылы қойылу керек болатын. Жергілікті бюджеттің шамасы келмегендіктен кейінге шегеріліп келді. Енді, міне, еліміздегі «Демеу» медициналық орталығы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бұл аппаратты ауруханаға орнатып берді. Құны 412 миллион теңгені құрайтын құрылғы еліміз бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және біздің Шу ауданында ғана бар. Бұл соңғы үлгідегі технология болғандықтан, тиісінше оның функционалдық мүмкіншілігі де өте жоғары. Адамның кез келген ағзасын түсіргеннен бөлек, бір мезетте 64 кескіндеме жасауға қауқарлы. Сондай-ақ, компьютерлік томограф көрсетілімінің айқындылығымен және сәуле жүктемесінің аздығымен ерекшеленеді, - дейді Нұрбол Ошанбайұлы.

Аталмыш құрылғының құны тым қымбат болуына байланысты көбінесе үлкен қалаларға ғана орнатылатындығын ескерер болсақ, бұл Шу ауданы үшін елеулі оқиға болып отыр. Оның үстіне, аудан тұрғындары компьютерлік томография аппаратының қызметін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында амбулаториялық деңгейде тегін ала алады екен. Ол үшін жергілікті емханаға жүгіну қажет. Учаскелік дәрігер пациенттің денсаулығынан аурудың белгісін тапқан болса, компьютерлік томографияның қызметіне жолдама береді.

Одан бөлек, КТ кабинеті ақылы негізде де жұмыс істейтінін айта кету керек. Қалалық аурухананың бас дәрігерінің стратегиялық даму және ішкі бақылау жөніндегі орынбасары Алуа Жазылбекқызының сөзінше, бұл аппараттың қызметін көршілес ауданның тұрғындары да пайдалана алады.

Шу ауданы облыс орталығынан шалғайда орналасқандықтан, біз үшін бұл аппараттың маңызы зор. Бұдан былай аудан тұрғындары КТ-ға түсу үшін алысқа сабылмайтын болды. Тәулігіне 24 сағат бойы емделушілерді қабылдайтын КТ кабинетінің қызметіне Шудан бөлек, Мойынқұм, Қордай және Меркі аудандарының тұрғындары да жүгіне алады. Бүгінде біз дәрігерлер мен рентген-лаборанттардың біліктілігін арттыру мақсатында арнайы оқытып, КТ аппаратымен жұмыс істеуді үйреттік. Қазір мұнда 6 маман қызмет атқарады. Дегенмен, кабинет тәулік бойы жұмыс істейтіндіктен алдағы уақытта қызметкерлердің санын арттыратын боламыз, - дейді бас дәрігердің орынбасары.

Тағы бір айта кетерлігі, дәл қазір өзекті болып тұрған коронавирус пневмониясын анықтауда аталмыш аппарат өкпенің қанша пайызға қабынғанын да дәл көрсете алады екен. Ал бұрыннан қолда бар құрылғылар өкпенің ішкі бөлігіндегі зақымданған жерді дөп басып көрсете алмайтын. 

ас3.JPG

Алуа Жазылбекқызы жаңа құрылғының бұдан бөлек, мидың қай бөлігіне қанша миллилитр қан кеткеніне дейін анықтап беретіндігін жеткізді. Айталық, адамның денесіне имплант немесе темір салынған болса, я болмаса эндопротез қойылған болса, магнитті-резонансты томографияға түсе алмайды. Ал компьютерлік томография аппаратының қазіргі үлгісінде бұндай шектеулер жоқ. Сондықтан, алдағы уақытта бұл аппараттың диагностикалық мүмкіншілігі дәрігерлердің жұмысын едәуір жеңілдететініне сенім мол.

Өзгелердің жаңалығы