Бас жаңалықтар
"Бес баланың өлімінен кейін қорқамын" – 8 баламен вагонда тұратын ананың жан айқайы
Сұхбат PHOTO VIDEO
31 Қаңтар 2020, 12:01 5366

"Бес баланың өлімінен кейін қорқамын" – 8 баламен вагонда тұратын ананың жан айқайы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық базардан асып, Алай базарына жақындаған жерде санаулы жер үй бар. Арасында сары вагон да тұр. 30 шаршы метрге жетпейтін темір "жәшік" ішінде 10 адамнан құралған отбасы түтін түтетіп отыр. Балалары жөтеліп, аяғындағы галошпен далада ойнап жүр. Үстіндегі күртешесі күзде киюге жарайды. Дем алғанда сыр-сыр етеді. Жарты сағат әңгімелескен менің және операторлардың аяғы үсіп қалды. Қара суық. Осылай 4 жылдан бері вагонды "қара шаңыраққа" айналдырған отбасы көмекке мұқтаж. Бар тілеуі – балаларын бауыр етіне басып, жылы төсектен тұра алатындай баспана.

image-30-01-20-09-43-1.jpeg


Өткен жылдың 4 ақпанында бас қалада бес бала өртке оранып, қазақ жұрты қара жамылды. Содан соң елдегі тұрғын үйлердің газ, жылу құбыры тексерілді. Тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға мемлекет атаулы әлеуметтік көмек берді.

Әйтсе де, 8 баламен вагонды паналап отырған отбасы бар. Елорданың іргесіндегі 30 шаршы метрге жетпейтін, ешқандай жылу, су, жарық келмейтін үйде тұрып жатқан шаңырақтың ең кішкентайы әлі жасқа толмаған. Үйдің тұңғышы 14 жаста.

image-30-01-20-09-42-2.jpeg

8 құрсақ көтерген Айнұр Ысқақова 2019 жылы атаулы әлеуметтік көмек алмаған. Елордаға Қызылорда облысынан келген.

Менің жасым 39-да. Қызылорда облысынан келдік. 8 балам бар. Осында тұрып жатқанымызға 6 жыл болды. Жақсы жерде тұрғымыз келеді, бірақ қаражатымыз жеткіліксіз. Оның үстіне сегіз баламен квартираға алмайды. Баста келгенде осы баламыздың денсаулығына байланысты келдік. Қызылордаға барғанмен, үйіміз жоқ, жұмыс жоқ. Үлкен қызым 14-те, содан кейінгісі 13-те, үшінші бала – ұл, 12-де. Сосын 9 және 8 жастағы екі ұл. Сосын 4 жасар қыз, 3 жасар ұл және кенже ұлым 11 айлық. Бұған дейін Кардиорталықта жұмыс істедім. Сол жерден декретке шықтым. Қазір бала күтіміне байланысты демалыстамын. Жолдасымның табысы ғана бар. Ол жеткіліксіз. Жолдасым "Қазгерстройсервисте" істейді. Жазда жұмыс болады, қыстай үйде болады. Тапқан айлығы 85-100 мыңнан артылмайды. Осылардың тамағы бар, киімі бар, әйтеуір. Екі баланы докторға көрсетемін үш ай сайын. Олардың дәрі-дәрмегі бар. Кейде көрсеткенмен, уақтылы дәрісін алып бере алмаймын. Өйткені, жолдасымның табысы жеткіліксіз. Қай уақытта ақша артылады, сол уақытта алып береді. Оған дейін дәрігерге көрінет уақыты болып қалады. Бәрі қаражатқа байланысты ғой. Сол қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты уақтылы дәрі-дәрмек алып бере алмаймын.

image-30-01-20-09-27-2.jpeg

8 бала үшін "Алтын алқа" иегересіз...

"Алтын алқам" бар, иә. Оған 16 мың теңге аламын. Биылғы айлық табысқа қарамай 74 мың алып жатырмыз. Арасында көміріміз бар, тамағымыз бар. Осылардан артыла алмай қалса, балаларға тамақ та алып бере алмай қаламын.

image-30-01-20-09-27-1.jpeg

Сонда күйеуіңіздің жалақысынан бөлек, сіз Үкіметтен қанша теңге көмек алып отырсыз?

Осы қаңтардан бастап жолдасымның жалақысынан бөлек 74 мың алып отырмын. Тамағын алып беремін. Киіміне жетпейді, негізінде. Бес балам мектепке барады. Осылардың дәптері бар, қаламы бар, әйтеуір.

image-30-01-20-09-42-1.jpeg

Нұр-Сұлтан қалалық үй кезегінде тұрсыз ба?

Кезекке тұра алмай жатырмыз. Бұрын жеріміз болды. Осында көшіп келген кезде пропискаға тұру керек болды. Дәрігерге көріну керек болды. Сөйтіп ол жерді саттық. Енді 5 жыл өтпей, ол біздің атымызда жер болды деп тұрады. Келер жылы ғана 5 жыл толады. Сол үшін үй кезегіне тұра алмаймын.

Баламның денсаулығы... Порог сердца болып туылған. Ұйықтағанда ентігіп қиналады. Үш, алты ай сайын көрсетіп тұрамын. Кейде жаңа айтқанымдай дәріге ақша болмай қалады. Ал мына баламда (8 жастағы баласы – авт.) черепное давление бар. Осы баламды дәрігерге үзбей апарып келген соң жақсы болып қалды. Кішкене нәтиже бар. Мирас пен Нұрқадір – екі кішкентайым №12 мектепке барады, үлкен үшеуі №55 мектепке барады. Олар автобуспен барып келеді. Екеуі өздері жаяу барып келеді.

image-30-01-20-09-43-2.jpeg

Қайырымдылық қорлардан көмек сұрап көрдіңіз бе?

"Харакет" қайырымдылық тобынан балалар келіп, ролик түсіріп кетті. Олар да көрсетеді екен. Олар қаланың сыртынан 100 шақырым жерден үй алып береміз дейді. Ол алыс болады. Екі қызым өсіп қалды. Үй берді болды деп отыра бермейсің ғой. Оны асырауың керек, тіршілік істеуің керек. Осындай жақын жер болса, өздері барып-келе беретін, жұмысқа барып-келетін жер болса деп айтып көргенбіз. Білмеймін "көреміз" деп кетті ғой. Бірақ кішкене көмектесіп, Ильинкадан алып көруге болады деді. Қосшы, Қоянды жақты айтып көріп едік. "Ол жақтардан келмей тұр. Төрт миллион ғана ақша бар" деді. Жүз километр жерден дейді. Ол суық, алыс. Кешегідей боран болса, не үйіңе қайта алмайсың. Не жұмысқа келе алмайсың.

Бұл вагон кімдікі?

Бұл вагон, негізінде, осыдан төрт жыл бұрын ремонтқа қойылған. Бір стройканың басынан алып келген. Сол кезде біз тұрып жатқан квартирамыз бұзылып, ол жерде стройка жүретін болды да, біз шығарып жіберді. Мұның іші отыруға жарамайтын. Ішін утеплять етіп алдық. Участковыйлар келіп тұруға болмайды деді. Енді не істеймін? Мені 8 бала-шағаммен квартираға алмайды. Онда олардың квадрат метрі кішкентай. Бір жағынан қиын, қорқынышты. Шынын айтқанда, әрбір таңың атқанша уайым ғой. Бұрын онша уайымдай бермейтінмін. Ана бел бала өртенгеннен кейін қорқамын. Қатты аяз болғанда да отты көп жағуға қорқамын. Аздау жағып, бір қалыпты температурада ұстаймыз. Салқындап бара жатса, тұрып қайтадан от жағамыз. Қанша дегенмен, темірдің аты темір ғой. Үйдей болмайды, үйдің жылуындай болмайды. Балалар да шаршайды. "Осы жерден қашан көшеміз, мама, қашан үй аламыз" деп қояды. "Құдай қаласа жақындап қалды, Аллаһ тағала береді бізге үй" дейміз. Бірақ болмай жатқан шығар.

image-30-01-20-09-43.jpeg

Былтыр астаналық көптеген отбасы жатақханаға көшірілді. Оған қалай ілінбей қалдыңыз?

Жатақханаға ілінбедім. Бірақ былтыр қыркүйек айында "Байқоңыр" ауданының әкімшілігі келді. Әкім мырза "көмектесіңіздер, АСП-сын өткізіп беріңіздер" деп орынбасарына тапсырма берді. Орынбасарын танимын. Бірақ олар ешқандай нәтиже шығарған жоқ, келген де жоқ. Бір барғаннан ешқандай көмек болмаған соң, екінші қайтара бармадым. Бұлар біздің осындай жағдайда тұрып жатқанымызды білмейтін шығар. Босанып келген кезімде Ира деген ханым келіп, балаларының киімдерін әкеліп береді. Продукты әкеліп береді. Осылар қуанады. Сол кісі әкімшілікке айтқан. Әкімдікке айтқан соң келген болатын.

image-30-01-20-09-42-3.jpeg

Сонда аудан әкімі үйіңізде болды ғой?

Әкім өзі келгенде әжептәуір продукты әкелген. Отын, көмір әкелген жоқ.

Ерлан деген кісі әрі-бері не қылды. "Үй кезегінде барсыз ба?" деді. Бір жағдай жасап берейін десе, жер әлі атымнан шықпай тұр. Жерді сатқанымызға келер жылы 5 жыл болады.

image-30-01-20-09-43-3.jpeg

Атаулы әлеуметтік көмек алдыңыз ба?

21 мыңға да өте алған жоқпын. Жұрт алты ай болса да рахаттанып алды ғой. Оған да өте алмай қалдым. Балаңның ақшасы қосылып, асып кетті деді. Бір рет министерствоға барғанмын. Ол кезде қарастырамыз, көмектесеміз деді. Бірақ ешқандай көмек болған жоқ.

Жұмысқа шығып кетейін десем, кішкентайды тастап кетуге қорқамын. Қараусыз қалып кетсе күйіп қалады. Балалардың екеуі таңертең оқиды. Үшеуі түстен кейін барады. Осы 2-3 сағат қалып кетейін деп тұр. Пештің аузын ашып жіберсе, көмірдің иісі шықса, иістеніп қала ма деп ешқандай жұмысқа шыға алмай отырмын. Әйтпесе, жұмыс істеуге қабілетім жетеді. Күн жылысын деп отырмыз. Жолдасым екеуміз жұмыс істегенде де ақшамыз жеткіліксіз. Өйткені ол жазда жұмыс жасайды да, қыс ауасында үйде отырып қалады.

image-30-01-20-09-27-3.jpeg

"Маған ең басты керегі – баспана"

Балдарым ұйқыдан тұрғанда жылы жерде, қуанып, бүрсеңдемей. Күн аяз болса, жылымай да қалады. Кейде күйеуімнің ұйықтамаған күндері де болады. Балдары үшін түнімен отырып от жағады. Таңды көзбен атыратын күндер болады. Түнде де аяз болды. Бала жылап жатыр, от жақшы деп ояттым. Жаураған соң ұйқысы келмейді. Осылардың ұйқысы тыныш болсын.

image-30-01-20-09-42.jpeg

Біз Айнұр Ысқақованың неліктен үй ала алмай жүргенін және атаулы әлеуметтік көмек алмағанын білу үшін Нұр-Сұлтан қаласы "Байқоңыр" ауданы әкімінің ішкі саясат, әлеуметтік сала, кәсіпкерлік және мемлекеттік қызметтер жөніндегі орынбасары Ерлан Жаулыбаевқа хабарластық.

Бұл кісілер – қызылордалықтар. Мен барған кезде жолдасы үйде болған жоқ. Қызылордаға бір апайы қайтып, сонда кетіпті. Күйеуінің жалақысы 300 мыңнан артық, кем емес. Өзі бала бір жасқа толғанға дейінгі жөргекпұлды алып отыр. Сол уақытта біз барып, АСП-ны (Атаулы әлеуметтік көмек – ред.) тапсыр деген кезде бала бір жасқа толғанға дейін алатын екі жүз мыңын алған. Айына 300 мың жалақысы бар, балаларына алатыны бар. Сонымен 550 мың теңге кірісті әкесі-шешесі он адамға бөлген кезде, орташа 55 мыңнан келеді, дұрыс па? АӘК орташа кіріс 21 мыңнан төмен болса тағайындалады. Сондықтан 300 мың теңге жалақы ала отырып, ол кісіге қаладан 30-40 мың теңге көмірмен от жағатын жер үй алуға болады. Өзі жалдап тұруға жағдайы бар. Үкімет оған үш жүз мыңнын жалақысын беріп отыр. Сізде ондай жалақы жоқ деп ойлаймын. Күйеуінің жалақысы 80-90 мың деген мүмкін емес, ол – жалған сөз. Себебі ол маған қағаздарын алып, кабинетке келді. Базадан қарадық. Базадан көрініп тұр. Үш жүз мыңнан айына 30 мың зейнетақысына түсіп отырған. Яғни ол 10%, тіпті үш жүз мың емес, 330 мың теңге жалақы алып отыр деген сөз. Ал екі жүз мыңды... Оның бесікте жатқан баласы 2019 жылдың екінші тоқсанда туған. Атаулы әлеуметтік көмекті есептейтін кезде сол екі жүз мың қосылып кетті. Бұл 200 мыңды есептемегеннің өзінде қазіргі күні оның құр жалақысының өзі 300 мың. Бұл ақшаны 10 адамға бөлген кезде 30 мыңнан келеді. Яғни 21 мыңнан асып кетеді. Ал енді көмірмен көмектесетін болсақ, 60-70 мыңнан айлық алып отырған адамдар да бар. Соларға көмектескіміз келеді. Бұл кісілер былай қарағанда неге өзін-өзі сыйламайды, неге өзін-өзі аямайды? Мұндай жалақымен 40 мыңға үш бөлмелі көмірмен жағатын жер үй табуға болады. Өзіне де айтқанмын: "Өздеріңізді өздеріңіз сыйламасаңыздар, онда тұра беріңіздер, енді не істеймін. Мүмкіндіктеріңіз бар" деп. Мұндай кіріс менің үйімде жоқ.

Ал үй кезегіне неліктен тұра алмай жүр?

Олар Қызылордада үй кезегінде тұр. Мұнда тұрақты тіркеуі жоқ. Ол жақта кезегі жақындап қалған. Одан айрылып қалғысы келмейді.

Қалай сегіз баласымен далада қалып қойды деген ой маза бермейді.

Біз білген жоқпыз оны. Біз екі жылдан бері бұл жаққа ешкім кіріп кетпесін деп қоршап қойдық. Кейін байқап, әкім және әріптестеріммен азық-түлік алып, бардық. Содан кейін маған келген кезде, базадан тексергенде солай шығып тұр.



Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Видео: Кенжетай АҚСЕЙІТОВ
Загрузка...