Бас жаңалықтар
МӘМС: Жамбыл облысы тұрғындарының 85,4% астамы сақтандырылған 
12 Наурыз 2020, 15:07 212

МӘМС: Жамбыл облысы тұрғындарының 85,4% астамы сақтандырылған 

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі елімізде толыққанды жұмыс істеуде. 

Биылға әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы 68 медициналық қызмет көрсетушімен 70 миллиард теңгеден астам қаржыға 178 келісімшарт жасады. Оның 36-сы мемлекеттік медициналық ұйым болса, 32-сі жеке меншік мекеме екен. 

 Бұл туралы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Жамбыл облыстық филиалының директоры Мавлюда Боқаева айтып берді. 

Оның сөзіне қарағанда, жеткізушілерге келісімшарт сомасының 10-15 проценті көлемінде аванс төленген. Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті көрінеді. 

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған алғашқы айда еліміз бойынша халыққа көрсетілген консультативтік-диагностикалық қызмет саны былтырғы қаңтармен салыстырғанда 27 процентке артты. Атап айтқанда, компьютерлік томография және магнитті-резонанстық томография қызметтерін тұтыну көлемі – 54 процентке, ультрадыбыстық зерттеу 21 процентке өскен, - деді ол. 

Маманның сөзіне сенсек, биыл бағасы қымбат болып келетін компьютерлік томография, магнитті-резонанстық томография, стоматология сынды қызметтерге ақы төлеу жүйесі өзгерген. Бұрын қызмет ақысы консультативтік-диагностикалық қызмет көрсететін клиникаға тікелей аударылатын болса, биылдан бастап емханалар арқылы төленеді. Ол үшін қосымша келісімшарт бекітіледі екен. Бұған дейін КТ, МРТ, ПЦР, ИФА-анализ сынды зерттеулер тек әлеуметтік жағынан аз қорғалған тұрғындарға тегін көрсетіліп келсе, енді бұл мүмкіндікті сақтандырылған азаматтар да пайдалана алады. Бұл жерде айта кететін жәйт, аталған зеттеулерден өту үшін міндетті түрде дәрігерлердің нұсқауы – көрсетілімі қажет. 

Осы жерде стоматологиялық қызметтердің әлеуметтік осал топтарға ғана көрсетілетінін атап өткім келеді. Сақтандыру енгізілгенге дейін стоматологиялық көмек тек пациенттің тіркелген емханасы арқылы ғана көрсетілетін. Жаңа жүйенің арқасында аталған санаттағы азаматтар бұл қызметті еліміздің кез-келген жерінде пайдалана алатын болды. Яғни, қаржы пациенттің соңынан жүреді деген сөз, - деді М.Боқаева. 

 Ал сақтандыру жүйесінің басты бағыттарына келсек, ол медициналық көмектің сапасын арттыруға және қолжетімді етуге негізделген. Яғни, қалаған медициналық ұйымда көмек алуға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда Қазақстан халқының 90 пайыздан астамы, Жамбыл облысы тұрғындарының 85,4 пайызынан астамы сақтандырылған. Соның ішінде, 659,4 мыңнан астам тұрғын, яғни облыс тұрғындарының жартысынан көбі автоматты түрде мемлекет тарапынан сақтандырылып отыр. 

Барлық азаматтар медициналық сақтандыру жүйесінде өз жарналарын төлеу арқылы, оның ішінде медициналық ұйымдардағы орналасқан терминалдары арқылы төлем жүргізіп, медициналық көмек алуға мүмкіндіктері бар. Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 27 медициналық ұйымның 23-інде төлем терминалдары орнатылды, - деген қор директоры халықпен кері байланысты қамтасыз ету мақсатында 1406 нөмірі бойынша Бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейтінін де жеткізді. 

Ол 24 сағат бойы қызмет етеді екен. Бұл арнаға жыл басынан бері 50 арыз-шағым түсіп, уақытында жауап берілген. Одан бөлек, филиалда азаматтарды қабылдау кабинеті ашылған. 

Еске сала кетсек, қазақстандықтардың барлығы наурыз айының соңына дейін «шартты түрде» сақтандырылған болатын. Халықтың сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан, жаңа жүйенің артықшылықтарын көріп, сақтандыру пакетіне енген қызметтерді пайдалануына мүмкіндік беріліп отыр. Бірақ бұл сақтандырылмаған тұрғындарды жарна төлеу міндетінен босатпайды және сәуірден бастап өткен үш айдың қарызын өтеуге тура келмек. Сондықтан, әр азамат өзінің статусын анықтап, сақтандыру жүйесін пайдаланғаны абзал. 


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...