Ақсақалдар кеңесі құрылды

11 Желтоқсан 2019, 08:34
7623
Бөлісу:
Ақсақалдар кеңесі құрылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордадағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесінің алғашқы ұйымдастыру отырысы өтті, деп хабарлады "Қоғамдық келісім" КММ баспасөз қызметі.

Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, ақын-жазушылар,Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері және елордалық этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты.

Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова өз сөзінде Достық үйі қонақтарына ақсақалдар кеңесінің құрылымы мен маңыздылығына тоқтала кетті.

Бүгін біз алғашқы рет елордалық ҚХА ақсақалдар алқасының ұйымдастыру отырысын өткізіп отырмыз. Тарихта халқымыз билер кеңесіне, ақсақалдардың көмегіне әділ шешім табу үшін жүгінген. Аталмыш шара сол ата дәстүрдің жалғасын табуымен іспеттес. Алдағы уақытта ақсақалдар кеңесі қалалық Ассамблеяның жұмысына көмек көрсетумен қатар, ел ішіндегі әлеуметтік мәселелердің уақытылы шешімін табуына үлес қосады, - деді хатшылық меңгерушісі Л.Құсайынова.

Ақсақалдар кеңесінің алғашқы отырысында сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Қазбек Қазкенов, "Возрождение" неміс қоғамының басқарма мүшесі Леонид Гейленгер, "Коре ильбо" республикалық газетінің меншікті тілшісі Владимир Сон, Рыскелді қажы атындағы мешіттің бас имамы Яхияхаджи Исмаилов және тағы басқалары ел бірлігі, ұлттар достығы, ұрпақ сабақтастығы мен жастар тәрбиесі төңірегінде өзекті мәселелерді талқылады.

Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Мен Қазақстанда өмір сүру мүмкіндігін таңдаған адамдармен кездескеніме қуаныштымын. Баршамыз тек бейбітшілікте өмір сүруіміз қажет. Ақсақалдар алқасының құрамына елдің құрметті азаматтары кіреді. Мен үшін еліміздің үйлесімді дамуына, өз мәдениетін сақтауға мүмкіндік беретін Нұр-Сұлтан қалалық ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесін басқару үлкен мәртебе,- деп атап өтті елордалық ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Байгелді Өмірбек.

Айта кетейік, Байгелді Өмірбек Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы сенаторлар кеңесінің мүшесі, ҚР Парламенті Сенатының 1-3 шақырылымдарының депутаты, ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының, халықаралық және Қазақстанның Инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі болып табылады.

Отырыс соңында Нұр-Сұлтан қаласы ақсақалдар кеңесінің құрамына кіретін 17 адам таныстырылып, алдағы жұмыс жоспарлары талқыланды.

Өзгелердің жаңалығы