Бас жаңалықтар
Қызметкерлерінің жемқорлығы үшін басшы жауапқа тартылады
04 Желтоқсан 2019, 00:36 3295

Қызметкерлерінің жемқорлығы үшін басшы жауапқа тартылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы Мирлан Мұхамбетов баспасөз конференциясында мәлімдеді. 

Жуырда ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңына қол қойған болатын.

Бұл тәуелсіз мемлекетіміздің тарихындағы тың жаңалық. Аталған заңның қабылдануы -  мемлекетіміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа кезеңін бастады деп айта аламыз. Бүгінгі күні басшылардың қол астындағы қызметкерлері үшін жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітілді, - деді Мирлан Мұхамбетов.

Баспасөз мәслихатындағы ақпаратқа сәйкес саяси мемлекеттік қызметшілер – яғни,  министрлер мен олардың орынбасарлары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудан әкімдері олардың тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаса міндетті түрде отставкаға шығуға сұрану керек.

Аталған талаптың орындалуы үшін соттың айыптау үкімі немесе немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық істің тоқтатылуы жетіп жатыр.

Ал егер саяси емес, бірақ А және Б корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері болып табылатын барлық басқа басшылардың қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған жағдайда заңнамада белгіленген тәртіптік жауапкершілік қарастырылған.

Сонымен қатар аталған заңнамада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын елемеген басшыларға да қатысты тәртіптік жазаның бар екендігі айтылды.

Үшінші жаңашылық – нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманы енгізу институты қайта жандандырылды. Бұл механизм заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу сатысында ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға және жоюға мүмкіндік береді - деп түйіндеді департамент басшысы.


Фото: дереккөз
Загрузка...