Абаев мемлекеттік қызметкерлерге смартфонды қайтару қажет екенін айтты

8 Қараша 2019, 15:25
2732
Бөлісу:
Абаев мемлекеттік қызметкерлерге смартфонды қайтару қажет екенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдауына келген ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мемлекеттік қызметкерлерге смартфонды қайтару қажет екенін айтты. 

Министр жұмыста смартфонға тыйым салу оған үлкен қиындықтар туғызбағанын, бірақ көбіне жұмыс уақытында гаджетті қажет ететінін жеткізді.

Смартфондарды мемлекеттік қызметкерлерге қайта берілуін қолдаймын. Жұмыс бабы бойынша қажет кездер болады. Алайда қатты қиналдым деп айта алмаймын. Смартфон болғаны ыңғайлы, әртүрлі коммуналды қызметтерді төлейсің. Осы жағынан алып қарағанда смартфон қажеттілігі сезіледі. Құзыретті органдар арнайы сараптама өткізді, нәтижесінде осындай шешімге келіп отыр, – дейді Дәурен Абаев.

Айта кетейік, 2016 жылдың наурыз айынан бастап мемлекеттік органдардың ғимараттарында смарфтон, планшет, смарт-сағаттарды пайдалануға тыйым салынған болатын. Мұндай орындарда қоңырау шалу, қабылдау және хабарлама жазу секілді мүмкіндіктерді ғана қамтитын ұялы телефондар қолданылады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов кеше мемлекеттік қызметкерлерге жұмыс орнында смартфондарды пайдалануға рұқсат беру жоспарланып отырғанын айтқан еді.

Қаулы жобасы үкіметке енгізілді, отырыстардың бірінде ол қаралады. Бұл сұрақты барлық уәкілетті органдар мақұлдады. Біз қараша айында рұқсат беріледі деп үміттенеміз. Яғни, барлық мемлекеттік қызметкерлерге смартфондарды қайтаруымыз керек. Бұл мемлекет басшысының тапсырмасы,– деді Абылайхан Оспанов.

Өзгелердің жаңалығы