Абай-175. Қарағандыда ескерткіш қойылады

21 Ақпан 2020, 15:01
3285
Бөлісу:
Абай-175. Қарағандыда ескерткіш қойылады

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына тойлауға кірісіп кетті. Аймақта көптеген іс-шаралар өткізу жоспарланған. Кенді аймақ хакім Абайдың тойына қандай сый жасамақшы, биылғы жыл тарих бетінде қандай маңызды оқиғалармен қалмақ. Осы жайында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жұмакенов Еркебұлан Қайроллаұлы баяндаған болатын.

Ұлы Абайдың 175 жылдығын мерекелеу аймақтың түкпір-түкпірінде жыл бойы жүзеге аспақ. Жоспарланған шаралардың дені облыс орталығында өтсе, өңірдің Абай, Сәтбаев қалаларында да біршама маңызды шаралар жоспарланған.

Жыл бойы Абай мұрасын зерделеу мақсатында экспедициялар мен конференциялар, форумдар мен флешмобтар, дөңгелек үстелдер мен байқаулар, пікір-сайыс туринирлері мен фестивалдар, көрмелер мен дәрістер өткізіледі. Сонымен қатар, Қарағанды облысының Абай қаласында кемеңгердің ескерткіші, Сәтбаевта бюсті орнатылады, - дейді Еркебұлан Қайроллаұлы.

Қарағандылықтардың Абай мерейтойына орай тағы бір маңызды сыйлығы – облыс орталығындағы ең әдемі, әрі кең көшелердің бірі саналатын Ленин көшесінің аты өзгеріп, Абай ақынның атымен аталуы болмақ. Кеншілер шаһарында осы уақытқа дейін ұлы ойшылдың атында бірде-бір көше, не даңғылдың болмағандығын ескерсек, қала басшылығының бұл қадамы тұрғындар арасында кең қолдауға ие болғандығы түсінікті. Қоғамдық тыңдалым өтті, дауыс берілді, енді кезек республикалық ономастикалық комиссияның құзырында.

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатында тамыз айында ғылыми-танымдық этнографиялық экспедиция ұйымдастырылады. Сонымен қатар Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы "Өз жеріңді таны" жобасы аясында "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" аталатын танымдық экспедиция өткізуді жоспарлауда. Жас ұрпақ арасында кемеңгердің шығармаларын насихаттау мақсатында әлеуметтік желілерде #Абай175 хэштегімен посттар жариялап, "Абай өлеңдер" челлендж эстафетасын, "Мен Абайды оқимын" мәнерлеп оқу сайысын өткіземіз, - деп мәлімдеді Еркебұлан Жұмакенов.

Қарағандыда жыл сайын мамыр айында өтетін "Арманға жол" жартылай марафоны да Абайдың мерейтойына арналмақ.

Жалпы мерейтойдан спортшылар, мемлекеттік қызметшілерлер, ғалымдар, мәдениет қызметкерлері, суретшілер, ақын-жазушылар, жалпы аймағымыздың барлық тұрғындары қалыс қалмайтын болады, - деді басқарма басшысы.


 

 

 

Өзгелердің жаңалығы