Әбдіқалықова: Қазақ өнері ауыр қайғыға ұшырады

19 Сәуір 2021, 16:15
1766
Бөлісу:
Әбдіқалықова: Қазақ өнері ауыр қайғыға ұшырады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ғазиза Мәкешқызы Әбдінәбиеваның дүниеден озуына байланысты Сыр жұртшылығы атынан отбасына және туған-туыстарына көңіл айтты.

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, жерлесіміз Ғазиза Мәкешқызы Әбдінәбиеваның дүниеден озуына байланысты Сыр жұртшылығы атынан отбасына және туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамын. Ардақты да асыл Ғазиза апамыз саналы ғұмырын бекзат өнерге арнап, қазақ мәдениеті мен руханиятына өлшеусіз үлесін қосты. Ұзақ жылдар бойына театр жəне кино саласында көптеген айшықты образдарды сомдап, талғампаз көрерменнің көңілінен шығып, ыстық ықыласына бөленді - деп жазды әкім өз парақшасында.

Ғазиза Мəкешқызы түскен алғашқы отандық телесериалдар «Тоғысқан тағдырлар», «Шегіртке» мен «Біржан сал», «Айналайын» секілді фильмдер қазақ кинематографиясының алтын қорынан ойып орын алды.

Бүгін Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында сырбойылық әріптестері қоштасу рәсімін жасап, Ғазиза Мәкешқызының театр мен кинода, киелі сахнада сомдаған бейнелі рөлдерін, ақ жарқын мінезін еске алды. Ертең марқұмның денесі жерге тигеннен кейін туған жері Тартоғай ауылындағы мешітте және «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде өнер қайраткерлері мен жерлестері аяулы актрисаның рухына арнап құран бағыштайтын болады. Жайдары мінезді, дархан пейілді, ортасына сыйлы болған өнер майталманының асыл бейнесі халқының жүрегінде мәңгі сақталады. Жаны жәннатта, топырағы торқа болсын - деді Гүлшара Наушақызы.
Өзгелердің жаңалығы