Еңбекке қабілетті әр адам әлеуметтік волонтерлықпен айналысуы керек - Тоқаев

10 Желтоқсан 2019, 13:27
16839
Бөлісу:
Еңбекке қабілетті әр адам әлеуметтік волонтерлықпен айналысуы керек - Тоқаев
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға аптасына екі сағатын  мүгедектерге көңіл бөлуге жұмсау бастамасын ұсынды.

Волонтерлық батыста пайда болған қозғалыс болса да, жақсы іс жасау біздің дәстүріміз бен құндылықтарымызға сәйкес келеді. Волонтер болу бұл тегін жұмыс қана емес, азаматтардың жауапкершілігі мен әлемді жақсы жағына өзгертуге дайындығының көрсеткіші. БҰҰ мәліметінше әлемдік экономикаға волонтерлықтың жыл сайын қосатын үлесі 400 млрд долларды құрайды. Волонтерлықты бір реттік сенбілік, экологиялық шаралар, челленджер ретінде қабылдау қате. Олардың өзі де маңызды, қажет. Бұл жүйелі және үздіксіз қызмет. Біздің қамқорлығымыз бен назарымызды табиғат қана емес, айналамыздағы адамдар да қажет етеді, - деді Тоқаев. 

Ол Қазақстанда 700 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат барын, оларды қолдауға биыл 34 млрд теңге бөлінгенін, алайда мәселе қаржыландыруға ғана тірелмейтінін айтты. 

Оларға адамдар аптасына тым құрығанда екі сағат көңіл бөлуі тиіс. Әрбір еңбекке қабілетті адам әлеуметтік волонтерлықпен айналысу керек. Екі сағат көп те емес, бірақ одан да көп болғанын қалаймыз. Волонтерлық ұлттық масштабта ғана емес, әрбір қалада, ауылда дамуы тиіс. Волонтерлар балалар алаңын, үйдің кіреберісін жинау, қоқыстан тазарту, ерекше қажеттілігі бар және қарт адамдарға көмектесумен айналысып келеді. Оларға алғысымды білдіремін, - деді Мемлекет басшысы.  

Тоқаев келер жылы келесідей бағыттар бойынша волонтерлық жобалар атқаруды ұсынды. "Сабақтастық" жобасы аясында балалар үйіндегі балалармен жұмыс; "Саулық" бағыты бойынша аурулар күтіміне көмек көрсетуде медициналық волонтерлықты дамыту; "Таза әлем" жобасы бойынша қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазалау, ағаш отырғызу, қоқыстарды сұрыптау; "Асыл мұра" бағыты бойынша волонтерларды халықтың материалды және рухани, мәдени және тарихи жәдірегрлерін сақтауға тарту; "Қамқор" бағыты арқылы қарттар үйіне жәрдемдесу, "Білім" бағыты бойынша ауылдық жерлердегі жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындауға, ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылықты үйретуге волонтерлар көмегі; "Үміт" жобасы бойынша ҰОС 75 жылдығына орай батырлық көрсеткен қазақстандықтардың құжаттарын іздеу. Сондай-ақ волонтер заңгерлерді халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға тарту және азаматтарға құқықтық сұрақтар бойынша консультациялық көмек көрсету. Мемлекет басшысы әрбір бағыт бойынша ҮЕҰ-ларға гранттар бөлінетінін айтты.

Өзгелердің жаңалығы