Бас жаңалықтар
Аштықтан әлсіреген балалар ауруханаға түсті
01 Қараша 2019, 10:15 2079

Аштықтан әлсіреген балалар ауруханаға түсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы Қордай аудандық орталық ауруханасына 4 және 2 жасар ағайынды балалар түсті. Олар апталап тамақ ішпей, азып-тозып кеткені сонша, дамуы да баяулаған.

КТК арнасының мәліметінше, Жамбыл облысы Қордай ауданының тұрғындары көршілерінің 4 және 2 жасар баласы тойып тамақ ішпей, апталап жуынбай, әкесінен оңбай таяқ жегенін айтып хабарласқан. Аштықтан бұратылып ауру тапқан екі бүлдіршін расымен ауруханада жатыр. Ал аудандағы атқамінерлер дәрігерлермен қосылып, "ұрды-соқты" деген ақпаратты жоққа шығарып әлек. 

0b888c37984928fc3119baec97401a5a.jpg

24 қазан күні құзырлы мекемелердің келісімінен соң екі баланы бізге алып келді. Жағдайлары орташа болды. Екеуі де арып-ашып, әлсіреген. Балалардың дамуы баяу және салмағы аз. Тойып тамақ ішпегені көрініп тұр. Бірақ, денесінде еш жарақат немесе көгерген белгі жоқ, - деді Қордай аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Иван Черных.

Екі баланы жақын күндері Қордайдан Тараз қаласына ауыстырмақшы. Белгілі болғаны, ауруханада жатқан екі баланың еш құжаты болмаған. Ал қазір үшінші сәбиін босанып перзентханада жатқан анасы – Қырғызстан азаматы. 

Ең сорақысы, тойып тамақ ішпеген ұл мен қыз әлі де тағдыр тауқыметін тартып жүре беруі мүмкін. Себебі, келіншектің Қырғызстандағы туысқандары "қызым хабарсыз кетті" деп арызданған соң құзырлы орындар іздеу салып, кейін отбасын тапқан кезде бүлдіршіндердің мүшкіл халін көріпті.   

Олар бір жерде тұрақты тұрмаған. Біресе Алматы облысын, біресе осы жақты мекен етіпті. Үлкен ұл мен жаңа туған нәрестенің туу туралы куәлігін жасадық. Екінші қызы Қырғызстанда дүниеге келген. Оның да құжаты қалпына келтірілді. Тіпті отағасыны әкелік құқығынан айыру мәселесін жоққа шығармаймыз. Ал анасы Қырғызстан азаматы болғандықтан, сол жақтағы комиссияға жіберіледі, - деп атап өтті Қордай аудандық әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияның хатшысы Алина Почуева.


Фото: дереккөз
Загрузка...