Академиялық еркіндік деген не?

25 Ақпан 2021, 17:30
5231
Бөлісу:
Академиялық еркіндік деген не?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті саясаттану кафедрасының меңгерушісі Индира Рыстина жоғары білім туралы көпшілікке қызықты сұрақтарға БҒМ-нің youtube арнасында жарияланған видеода жауап берді.

Маманның сөзінше, академиялық еркіндік – бұл ғылым, білім ордасының өзінің оқу траекториясын өзі таңдауы. 
Қазір бізде мамандық деген жоқ, бізде білім беру бағдарламалары бар. Әрбір университет өзінің білім беру бағдарламасын жасайды. Егер қарапайым бір мамандықты алып қарайтын болсақ, мысалы, шартты түрде журналистиканы алайық. Бұрын журналистиканы оқытудың мемлекеттік бағдарламасы болатын. Ол мемлекеттік бағдарламада журналистерді дайындау үшін олар 1-курста мынадай пәндерді оқиды, 2-курста басқа пәндерді оқиды және 3-4 курста деп курстарға бөлініп қойған болатын, - деп айтты Индира Рыстина.
Сонымен қатар, ол атап өткендей, әрбір пәннің өзінің типтік ережесі болды. Ол типтік ережеде 15 апта оқылатын 15 тақырып жазылып тұратын. Сол 15 тақырыптан ауытқуға болмайтын. Сол бойынша шаблонды түрде мамандар дайындайтын. 
Ал академиялық еркіндік дегеніміз – университетте өз бетімен өздерінің таңдауы бойынша білім беру бағдарламаларын жасақтайды деген сөз. Журналистерді қарайтын болсақ, бір университет саяси журналистиканы көбірек бергісі келеді, бір университет, керісінше, аграрлық саладағы журналистика бойынша білім бергісі келеді. Басқа университет спорт саласындағы журналистерге аса мән бергісі келетін шығар. Яғни, 35 университет журналистерді дайындаған кезде, әртүрлі саладағы журналистерді дайындайды, - деп түсіндірді саясаттанушы.

Рыстинаның айтуынша, бұл – қоғамда сұранысқа ие болудың мүмкіндігі. 

Қазір бізге салалық журналистер қажет. Медицинаны, спортты жақсы меңгерген журналистер керек. Ал академиялық еркіндік аясында жасалған білім беру бағдарламалары осындай мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Академиялық еркіндік дегеніміз осы. Бірақ академиялық еркіндікпен қатар академиялық жауапкершіліктің бірге берілетінін ұмытпауымыз керек, - деп атап өтті ол.

Яғни, білім беру бағдарламаларын, олардың экспертизасын жасаған кезде, біз адал болуымыз керек. Шынайы қабілеттерді, дағдыларды қалыптастыратын пәндерді ұсынуымыз керек.

Өзгелердің жаңалығы