Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі жаңғыртылады

28 Қаңтар 2021, 03:32
1717
Бөлісу:
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі жаңғыртылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасында әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарының жобасын әзірледі. 

Ол мемлекеттің, жеке сектордың, үкіметтік емес ұйымдардың және азаматтардың өздерінің ынтымақты қатысуы есебінен әлеуметтік қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер сапасының қажетті деңгейіне қол жеткізу және халықтың мұқтаж топтары үшін олардың қолжетімділігін арттыру үшін құжатта әлемдік үрдістерді ескере отырып, жаңа жағдайларда әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін дамытудың негізгі басымдықтары мен тетігі айқындалған.

Ұлттық жоспарды іске асыру шеңберінде мынадай жүйелі өзгерістер көзделген:

1. Өтініш беру қағидатының орнына әлеуметтік қызмет көрсетудің проактивті форматына көшу.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің проактивті форматына көшу үшін Әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж азаматтардың бірыңғай электрондық тіркелімі құрылатын болады. Ол орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылады, онда әлеуметтік тәуекелдердің алуан түрлерінің туындауына байланысты мемлекеттік қолдау алатын адамдар туралы ақпарат қамтылады. Сондай-ақ, «Отбасының (азаматтың) цифрлық картасы», «Е-өтініш» және Әлеуметтік қызметтер порталы сияқты ақпараттық жүйелер іске қосылады.

Жалпыланған өзекті ақпараттың болуы ұсынылатын арнаулы қызметтер мен тауарлардың түрлері мен көлемдерін жедел айқындауға және нақтылауға, сондай-ақ азаматтардың өтініштерін күтпей-ақ проактивті әлеуметтік қызмет көрсетуді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

2. Ірі интернат-үйлердің орнына үйде немесе шағын жинақталған әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында қызмет көрсету.

Осы мақсатта ірі интернат-үйлерді кезең-кезеңмен деинституцияландыру жүргізілетін болады. Олардың базасында әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін қолдау және дамыту жөніндегі өңіраралық және облыстық ғылыми-әдістемелік орталықтар және көп бейінді шағын әлеуметтік қызмет көрсету үйлері құрылатын болады.

Әлеуметтік қызмет көрсетудің көп бейінді шағын үйлерін мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі негізінде коммерциялық емес ұйымдар мен жеке сектор субъектілері құратын болады.

Конкурстан өткен ұйымдар көрсетілетін арнайы тауарлар мен қызметтердің тізбесін әлеуметтік қызметтер порталында орналастыратын болады. Әлеуметтік қызметке мұқтаж адамдар лайықты ұйымды өз бетінше таңдай алады.

Сондай-ақ осы бағытты іске асыру шеңберінде азаматтардың осы санатын цифрлық сауаттылыққа оқытумен айналысатын, қашықтықтан оқыту, еңбек қызметімен айналысу және қоғамдық іс-шараларға қатысу мүмкіндігін беретін цифрлық қызметтерге қолжетімділікті ұйымдастыру үшін оларды қажетті компьютерлік техникамен қамтамасыз ететін сервистік қызметтерді құру және дамыту көзделеді.

Үйде қызмет алу мүмкіндігі кеңейтіледі. Бұл ретте үйдегі адамдарға қазіргі кездегідей жалпы бейіндегі қызметтер ғана емес, сондай-ақ олардың жеке қолайсыздығы мен қажеттіліктеріне қарай мамандандырылған және кешенді қызметтер де ұсынылатын болады.

Жалпы бейіндегі қызметтерді көрсетуге жұмыспен қамтылмаған отбасы мүшелері кеңінен тартылатын болады. Олар үшін азаматтардың нысаналы санаттарымен жұмыс істеу дағдыларына тегін оқыту курстары ұйымдастырылады.

Үйде қызмет алатын адамдар тұрғылықты жері бойынша медициналық-әлеуметтік ұйымдарға міндетті түрде бекітілетін болады. Ұйымдар қамқорлықтағы адамдардың тіршілік әрекетін және/немесе әлеуметтік интеграциясын қолдауға бағытталған мамандандырылған және кешенді қызметтер көрсететін болады.

3. Ұйым типтері бойынша стандарттардың орнына қызмет түрлері бойынша стандарттарды енгізу.

Әлеуметтік қызмет көрсетудің нұсқалық нысандарын кеңейту арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуде тәсілдер мен шешімдердің біркелкілігін талап етеді. Әдістемелер мен технологияларға біріздендірілген көзқарас қазіргі кездегідей әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарының түрлеріне емес, ұсынылатын арнаулы әлеуметтік қызметтердің түрлеріне қарай жүзеге асырылатын болады.

4. Жалпы тарифтердің орнына жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу.

Жоспарланып отырған өзгерістер шеңберінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді қаржыландырудың жан басына шаққандағы тетігі енгізілетін болады. Тарифтер мемлекет кепілдік берген қызметтердің түрлері бойынша белгіленеді. Жалпы бейіндегі қызметтер бойынша бірыңғай тарифтер, кешенді қызметтер бойынша аралас тарифтер белгіленетін болады.

Қызмет көрсетушілердің нақты шығындары тарифтердің негізіне айналады. Цифрландыру және қызметтерді алушылардың электрондық жеке карталарын (арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету тарихы) енгізу шеңберінде әлеуметтік қызмет көрсетуді ұйымдастыру шығыстарының мониторингі жүйесі кезең-кезеңімен іске асырылатын болады. Бұл нақты шығындар негізінде тарифтік саясаттың ашықтығы мен тиімділігін едәуір арттырады. Мемлекет кепілдік берген көлем шеңберінде берілетін арнайы тауарларға (техникалық компенсаторлық құралдарға) шекті бағалар белгіленетін болады. Олар өндірушілердің бағалары, олардың импорты кезінде уәкілетті мемлекеттік органдардың мамандандырылған ұйымдарында тіркелген тауарлардың құны және нарықта іс жүзінде қалыптасқан бағалар ескеріле отырып қалыптастырылады.

Арнайы тауарларға шекті бағаларды бекітілген бюджеттік бағдарламаларға сәйкес орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар белгілейді.

5. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің орнына әлеуметтік бағдарламалар қызметтерін құру.

Жүйедегі қайта құру процестерін тиімді басқару үшін жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік қызметтерін қазіргі кездегідей осы міндеттерді орындауға емес, әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды үйлестіруге және ұйымдастыруға қайта бағдарлау көзделеді.

6. Аумақтық бекітудің орнына әлеуметтік қызметкерді таңдау.

Әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж адамдарға арнайы тауарлар мен қызметтерді таңдаумен, қызмет көрсетуді ұйымдастырумен қатар, оларға қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлерді таңдау мүмкіндігі ұсынылатын болады. Осы мақсатта әлеуметтік қызметкерлердің бірыңғай базасы (тізілімі) құрылады. Онда әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігі, олар көрсететін қызметтердің түрлері мен сапасы және жұмыс нәтижелері туралы ақпарат қамтылады.

Бірыңғай база қызмет тұтынушыларына бәсекелестік ортада әлеуметтік қызметкерлерді таңдауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік қызметкерлерге деген сұраныс олардың жалақы деңгейінде көрініс табады. Әлеуметтік қызметкерлердің кәсіптік деңгейін арттыру үшін үздіксіз білім беру элементтерін пайдалана отырып, кадрлар даярлаудың көп деңгейлі жүйесі енгізілетін болады.

Жоспарланып отырған қайта құрулар және оларды іске асыру 2025 жылға дейін әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж адамдардың тұрғылықты жеріне қарамастан, олардың 90%-ына дейін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетумен қамтуға, әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж азаматтардың бірыңғай электрондық тіркеліміне енгізілген адамдардың 65%-ынан астамына проактивті қызметтер көрсетуге мүмкіндік береді. Интернат-үйлердегі адамдардың 50%-ы тұрғылықты жері бойынша шағын жинақталған әлеуметтік қызмет көрсету үйлеріне көшіріледі немесе үйде қызмет көрсету үшін отбасына қайтарылады.

Өзгелердің жаңалығы