Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын ұстап тұру үшін қандай шаралар жүзеге асуда?

12 Мамыр 2021, 10:09
3027
Бөлісу:
Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын ұстап тұру үшін қандай шаралар жүзеге асуда?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында елде әлеуметтік маңызы бар тауар бағасының себепсіз өсуіне жол бермеу мақсатында қандай шаралар қабылданып жатқаны жайлы айтты.

Оның айтуынша, сыртқы және субъективтік факторларды еске ала отырып, Үкімет отырысында мақұлданған Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын ұстап тұру жөніндегі Жол картасы аясында бірқатар шара қолға алынған.

Жол картасының 20 жедел іс-шарасы орындалды. Қалған іс-шаралар жүйелі сипатқа ие және осы жылдың соңына дейін орындалатын болады.

Бағаларды тұрақтандыру шеңберінде мүдделі мемлекеттік органдар монополияға қарсы әрекет ету шараларын жүзеге асыруда. Сонымен қатар, жұмыртқа мен күнбағыс майына шекті бағаларды енгізуге мәжбүр болдық. Тұрақтандыру қорларында 7,1 млрд теңге сомасына 57,2 мың тонна азық-түлік қалыптастырылды. «Айналым схемасы» аясында жеңілдетілген несиеге 27,8 млрд теңге бөлінді. Жақын арада тағы 4 млрд теңге бөлу көзделіп отыр. 3,7 млрд теңге сомасына 36,3 мың тонна азық-түлікті форвардтық сатып алуға келісімшарт жасалды, - деді ол.

Министрдің айтуынша, ішкі нарыққа әлемдік баға өсімінің әсерін азайту мақсатында нарықты отандық тауарлармен толықтыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Осылайша, елдің өндірістік қуатын импортқа тәуелді 6 негізгі азық-түлік өнімдерімен (тауық еті, қант, шұжық өнімдері, балық, алма) ұлғайту және ішкі нарықтың отандық тауарлар есебінен қамтамасыз етілуін 2024 жылға қарай 100%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Ұзақ мерзімді кезеңге бағаларды тұрақтандыру тетігін құру және отандық өндірушіден сөреге дейін оңтайлы тауар қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында көтерме-тарату орталықтарының желісі түрінде ұлттық тауар өткізу жүйесін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Бұл инфрақұрылым өнімді жеткізудің негізгі бағыттары үшін тиімді көлік-логистикалық арналарды құруға мүмкіндік береді, - деп атап өтті министр.
Бұған дейін ол ең жоғары баға өсімі қай облыста тіркелгенін айтты.


Өзгелердің жаңалығы