Жаңа әліпби авторлардың қатысуымен талқыға түседі

14 Қараша 2019, 18:40
2309
Бөлісу:
Жаңа әліпби авторлардың қатысуымен талқыға түседі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ертең «Жаңа әліпби: емле, әдістеме және халықаралық тәжірибе» тақырыбында республикалық конференция өтеді.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өтеді.

Конференция Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында көрсетілген мемлекеттік тіл саястын жүзеге асырудың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында өткізіледі - дейді ұйымдастырушылар.

Конференция барысында жаңа әліпби мен емле ережелеріне қатысты ғылыми-теориялық және әдістемелік мәселелер, латын әліпбиін меңгертудің тиімді әдістемесі, жаңа емле ережелеріндегі өзекті мәселелер, әліпби ауыстырған түркі тілдері емлесінің қалыптасу, жетілу жолдарын саралау туралы талқыланады.

Конференцияда А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының профессоры Нұргелді Уәли "Жаңа орфографиялық ереженің лингводидактикалық негіздері", Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Таңат Аяпова "Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін үйретудің әдістемелік бағыттары", А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Айнұр Сейітбекова "Кірме сөздердің әзербайжан емлесіндегі жазылымы", Назарбаев университетінің қауымдастырылған профессоры Жазира Ағабекова "Шет тілінен енген жалқы есімдердің игерілуі (Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Қазақстан)" және т.б. тақырыптарында баяндама жасайды.

Конференцияның секциялық отырысында Е.Тасболат, М.Сапарбаев, А.Мырзаш, Н.Түлтебаевтар ұсынған әліпби жобалары авторлардың тікелей қатысуымен ғалымдар тарапынан талқыланып, сараланады.

Аталған іс-шараға елімізге белгілі ғалымдар, сондай-ақ латынграфикалы қазақ тілі әліпбиіне қызығушылық танытушы барлық тіл жанашырлары шақырылады.
Өзгелердің жаңалығы