Алматы - 2020. Жыл қорытындысы

30 Желтоқсан 2020, 16:01
3261
Бөлісу:
Алматы - 2020. Жыл қорытындысы
PHOTO

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылы Алматы қаласында қандай өзгерістер болды? Әлеуметтік-экономикалық ахуалы қалай дамыды? Пандемия қала өміріне қалай әсер етті? Қандай оқиғаларымен ел есінде қалды? Осы және өзге де сұрақтар бойынша жасаған шолуымызды оқи отырыңыздар.

Тышқан жылы елімізде Волонтер жылы деп танылып, Абайдың 175 және Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын атап өту бекітілген еді. Осы себепті жыл басы ұлы ақын мен ойшылдың шығармашылығы мен еңбектеріне арналған іс-шаралармен басталды. Дегенмен әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы көктем кезінде бізге де жетіп, халықты өзін-өзі оқшаулауға жеткізді.


Коронавирус індеті

2020 жылдың 13 наурызында Қазақстанда коронавирустық инфекцияны жұқтырудың алғашқы жағдайы Алматыда тіркелді. Вирус шетелден келген екі азаматтан анықталды. Осы сәттен бастап шетелден ұшып келген жолаушылар қатаң тексеріске алынып, 14 күн провизорлық орталықтарға карантинге жіберілді.

Оған қоса Алматыда коронавирусты инфекциямен ауыратын адамдарды емдеу үшін екі жұқпалы стационарда төсек орындары ашылды. Сондай-ақ ем-дом жүргізу үшін 250 орны бар медициналық орталық ашылды. Коронавирустық инфекциямен байланыста болған адамдар үшін 3 медициналық ұйым жұмыс істеді. Қосымша 1,5 мыңнан астам адамға арналған төрт мекеме дайындалды.

Алматы - 2020. Жыл қорытындысы

Вирус алғаш анықталған кезде Алматыдағы эпидахуалды реттеу мақсатында республикалық бюджеттен 73,5 млн теңге бөлінген. Бұл қаражат маска, дәрілік заттарды, қорғаныс құралдарын сатып алуға жұмсалған. Одан бөлек қалалық бюджеттен 94,5 млн теңге қаржы бөлінді.

Наурыздың 19-ы күні мемлекеттік комиссияның шешімімен Алматы қаласы карантинге жабылды. Алматының айналасындағы көлік пен адам қозғалысын шектеу үшін арнайы 27 қадағалау блок-бекеті орнатылды. Қалаға кіретін көліктердің кіріп-шығуын бақылайтын блок-бекеттер екі ай асқанда, яғни маусымның 1-і күні бір-ақ алынды.

Алматы - 2020. Жыл қорытындысы

Алматыда жалпы COVID-19-бен күресу үшін 100 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Республикалық бюджеттен 21,6 млрд теңге бөлінсе, жергілікті бюджеттен 89,4 млрд теңге қарастырылған. Жалпы 100 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың мәліметінше, бұл қаражат жұқпалы аурулар ауруханаларының құрылысына, медициналық жабдық сатып алуға, медициналық ұйымдарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, жедел жәрдем көлігін, жеке қорғану құралдарын, тамақ өнімдерін сатып алуға, өтемақы төлемдеріне, азық-түлік және дәрі-дәрмекті тұрақтандыру қорына, сонымен қатар қаланы ауқымды дезинфекциялауға жұмсалған.

Алматы - 2020. Жыл қорытындысы

Алматыдағы алғашқы жаңа модульді аурухана сәуір айында пайдалануға берілген болатын. Оның аумағы 5850 шаршы метр, госпиталь бір мезетте 280 науқас қабылдай алады. Ал 300 төсек-орынға арналған екінші модульді инфекциялық аурухананың құрылысы тамыз айында басталып, 1 қазанда аяқталды.

Алматы - 2020. Жыл қорытындысы

Сонымен қатар Алматыда дәрі-дәрмектер мен медициналық маңызы бар бұйымдар бойынша тұрақтандыру қоры құрылған. Оған жергілікті бюджеттен 10 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінген.

COVID-19 алдын алу желісі бойынша лабораториялардың дайындығы да қамтамасыз етілген. Қалада 18 ПТР зертханасы бар, олардың жалпы қуаттылығы тәулігіне 14 050 зерттеуді құрайды. Сонымен бірге тәулігіне 1152 зерттеу өткізу қуаттылығы бар 12 ИФТ зертханасы қызмет етеді.

Жалпы пандемия басталғалы Алматы бойынша 18 324 адам вирус жұқтырған, оның 16 856-сы жазылып шықса, 389 адам қатерлі індеттен көз жұмған.


Блок-бекеттегі апат

Карантинге жабылған Алматы ел есінде қайғылы жағдаймен қалды. 25 мамыр күні Алматының Қарасай ауданымен шектесетін тұстағы блок-бекетте қайғылы жағдай орын алды. BMW-ның мас жүргізушісі бақылау-өткізу пунктін қағып, патрульдік көлікке соғылды. Көлік ішінде екі полиция қызметкері болды. Олардың бірі оқиға орнында көз жұмды. Ал екіншісі есін жимастан ауруханада қайтыс болды. Апат салдарынан үшінші полиция қызметкері ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Алматы - 2020. Жыл қорытындысы

Кейін мас жүргізушінің полицияда қызмет еткен Азат Азаматов екені анықталды. Оқиғадан кейін полицияның үш басшысы қызметінен босатылды. Ал Алматы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденовке қатаң сөгіс берілді.

Апаттан қаза тапқан Жарас Жанғазиев пен Дастан Әбдіқанов есімді полиция қызметкерлерінің отбасыларына пәтер берілетіні айтылды.

Алматы - 2020. Жыл қорытындысы

Ал өз кінәсін мойындаған бұрынғы полиция қызметкері Азат Азаматов 10 жылға бас бостандығынан айырылды.


Экономикалық ахуал

Пандемияға қарамастан осы жылдың тек 9 айы ішінде мегаполистің негізгі капиталындағы инвестиция көлемі 608,2 млрд теңгеге жеткен. 2019 жылдың осы кезеңінде инвестиция көлемі 534,6 млрд теңгені құраған еді.

Жыл басынан бері 179 млрд теңгенің 34 жобасы іске астқан. Оның ішінде 130,7 млрд теңгесі 19 ЖТК және өңдеу өнеркәсібіндегі 32,6 млрд теңгенің 7 жобасы. Олар автокөліктер шығаратын «Hyundai Trans Kazakhstan», қағаз өнімдерін шығаратын «Papirone», май өнімдерін шығаратын «Маслодел» және автоматты қақпалар жасайтын «DoorHan» зауыттары. Бұлардан өзге «Бротмастер», «Samruk Group», «Ala Estate» өндірістік парктері құрылды.

Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар 3 нысан пайдалануға берілген, оның ішінде TAMOS&Prestige мектебі, Ш. Уәлиханов атындағы халықаралық мектеп, SEN көпсалалы музыка орталығы бар. Бұлардан басқа сауда және халыққа қызмет көрсету саласында 5 нысан салынды.

Жалпы 2020 жылдың қорытындысы бойынша мегаполистің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 900 млрд теңге деңгейінде.

Оған қоса, өндіріс саласында жалпы өндіріс көлемінде де тұрақты өсім байқалған, ол 3,2% өсіммен 712,3 млрд теңге, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 568 млрд теңге немесе 103,1%-ды құрады. Мұнда фармацевтикалық өнеркәсіп үлкен үлеске ие -152%.


42 500 мың теңге

Карантин кезінде еңбекақысынан айырылған 450 мыңға жуық адамға 42 500 теңге әлеуметтік көмек берілген. Алматы қаласы бойынша жалпы сомасы 18,8 млрд теңгені құрайтын 42 500 теңге көлеміндегі ай сайынғы төлемді 441 736 адам алған.

Алматы - 2020. Жыл қорытындысы

42 500 теңге көлеміндегі төлемдер - ең төменгі мөлшердегі бір жалақы. Бұл төлемді төтенше жағдай кезінде кірістен айырылған азаматтар алды. ТЖ режимі Қазақстанда 2 айға ұзарып, тұрғындар аталған әлеуметтік көмекке екі рет ие болды. ТЖ режімінің бірінші айында 371 933 адам бұл көмекті алса, екінші айда - 69 803 адам алған.


Жұмыспен қамту

Биыл Алматыда 77 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Алматыда 77,6 мың жаңа, соның ішінде 36,9 мың тұрақты жұмыс орны құрылған. Кәсіпкерлік субъектілерімен 29,8 мың жұмыс орны ашылыпты.

Сағынтаевтың мәліметінше, қала әкімдігімен жүзеге асырылған дағдарысқа қарсы шаралар пакеті азаматтардың жұмыс орындары мен кірістерін сақтауға, ШОБ қолдауға, өндірістік тізбектегі жаңа тапсырыстарды ынталандыруға бағытталған.

Барлық мемлекеттік бағдарлама аясында 47,8 мың жұмыс орны құрылған. Оның ішінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша – 18 648 орын, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» – 21 689, «Бизнестің жол картасы-2025» – 3540, «Қарапайым заттар экономикасы» – 1 419, өңірлерді дамыту – 824, «Нұрлы жер» – 455, индустриялды-инновациялық даму – 869, білім мен ғылымды дамыту – 70.

Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 102 млрд теңгеге 556 жобаға қолдау көрсетілген. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 1,4 мың тұрақты жұмыс орнын құру арқылы 121,2 млрд теңгеге 66 жоба мақұлданған.

Оған қоса, Алматының Индустриалды аймағында 6,5 мың жұмыс орнын құрумен 200 млрд теңгеге 53 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда 2348 жұмыс орнын құрумен 63,5 млрд теңгеге 13 жоба іске асырылған. Жыл соңына дейін 453 жұмыс орнын құрумен 17,3 млрд теңгенің 6 жобасы іске асырылады.


Инфрақұрылым

Қала әкімдігінің мәліметінше, 2020 жыл қаланың инфрақұрылымын жақсарту бойынша жемісті болған. Жүздеген шақырым сумен жабдықтау, су бұру желілері мен бірнеше КСС салынған. Оған қоса Наурызбай ауданында сүзгі-сорғы стансасының құрылысы басталған.

Инженерлік инфрақұрылымды дамыту аясында биыл 300 шақырымға жуық су құбыры мен кәріз желісі салыныпты. Нәтижесінде «Жаңа Алматының» шеткі ықшамаудандарының 50 мың қала тұрғыны орталық сумен жабдықтау мен су бұру желісіне қосылған.

Жол инфрақұрылымын дамыту аясында Жаңа Алматының ықшамаудандарында 42,8 шақырым жол салыныпты. Ұзындығы 192 шақырым болатын 270 көшеде орташа жөндеу, ұзындығы 86 шақырым болатын тротуарларды ретке келтіру және жөндеу жұмыстары аяқталды. 4 саябақ пен 5 жаяу жүргіншілер аймағын абаттандырылған.

Сонымен қатар 450 иесіз электр желілері қала балансына берілген. Оның ТП – 146 дана, электр желілері – 253,6 шақырым, жылу желілері – 19,7 шақырым, су құбырларының желісі – 66,4 шақырым, кәріз желілері – 24,1 шақырым. Оларға қатысты одан әрі қызмет көрсету үшін қаланың коммуналдық меншігіне беру туралы соттың оң шешімі шыққан.

Сондай-ақ Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен 129 электр желісі «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ға тегін берілген. Жалпы ұзындығы 50,7 шақырым болатын сумен жабдықтау желілерінің 77 нысаны мен ұзындығы 15,1 шақырым болатын 63 кәріз желілері нысандарын «Алматы Су» МКК-ға тегін беру туралы Алматы қаласы әкімдігінің қаулысы бар.


Баспана

Биыл Алматыда 2,4 млн шаршы метр баспана салынған. Бұл 22 626 пәтер, 2062 жеке тұрғын үй. Оның ішінде «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында – 290 мың шаршы метр тұрғын үй салынған, бұл – 5 206 пәтер.

«7-20-25» жеңілдетілген ипотекалық несиелендіру бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда, осы арқылы 76,5 млрд теңге сомасына 5 605 пәтер алу мақұлданыпты.

Жыл басынан бері Алматыда пәтерге мұқтаж 2 184 отбасы баспанаға ие болған. Соның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша – 289, «Бақытты отбасы» – 376, «Шаңырақ» – 250, «Алматы Жастары 3.0» – 1000, «ТҮҚЖБ-ның несиелік тұрғын үй желісімен» – 360 адам.


Бақытты отбасы

Алматыда іске асырылып жатқан «Бақытты отбасы» жобасы арқылы 15 мың адам тұрақты қолдау алған.

Бұл орталықтың мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың өмір сапасын арттыру, олардың экономикалық дербестігін нығайту және Алматы қаласында тұратын азаматтардың қиын өмірлік жағдайлардан шығуларына жеке мотивация беру.

Мұндағы қолдау шаралары қала тұрғындарына жұмысқа орналасу немесе өз ісін ашу арқылы мұқтаждар санатынан тез арада шығуға жәрдемдесуге бағытталған.

Көпбалалы аналарға қолдау көрсету үшін өңірлік «Бақытты отбасы» орталықтарының базасында қазір «Іскер Ана» бағдарламасы іске асырылуда. Мұнда оларды «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытады.

Көпбалалы отбасылардан 888 адам 555 мың теңгеге дейін грант алған. Сонымен қатар, 406 млн теңге сомасына 203 көпбалалы ана 5 млн теңгеге дейінгі грантты иеленіпті.


Волонтер көмегі

Волонтерлердің биыл атқарған еңбегін атап өтпеске болмайды. Алматының волонтерлік ұйымдары жыл басынан бері 26 мыңнан астам қала тұрғынына көмек көрсетіпті. Еріктілер жылын өткізу аясында қалада 78 іс-шарадан тұратын шара жоспары бекітілген. Оның ішінде 700 мыңнан астам адамды қамтыған 12 серпінді жоба бар.

Карантиннің бірінші күнінен бастап Алматы қаласының әкімдігі Жастар лофт-орталығының негізінде жедел волонтерлік штаб құрылып, оның құрамына қалалық волонтерлік, медициналық және қоғамдық ұйымдар енді. Осы кезде қала бойынша 1000-ға жуық волонтер жұмыс істеген, оның ішінде штабқа 100-ге жуық тұрақты волонтер тартылыпты. Еріктілерге коронавирустың таралуы жағдайында қауіпсіздік техникасы мен гигиена ережелері үйретілді. Штабтың негізгі қызметі халықтың мұқтаж санаттарына көмек көрсетуге бағытталған.

Алматы - 2020. Жыл қорытындысы

Атап айтар болсақ, пандемия кезінде мұқтаж 26 мыңнан астам азаматқа азық-түлік пакеттері, медициналық бетперделер тарату, дәрі-дәрмек жеткізу түрінде көмек көрсетілген. Штаб тұрақты негізде қоғамдық орындарға мониторинг жүргізді. Ереже, заң бұзушылықтар анықталған кезде уәкілетті органдар кәсіпорындардың жұмысын шектейтін шаралар қабылдады. Сондай-ақ, еріктілер қалалық медицина қызметкерлеріне басқа елдерден келген азаматтарды ауруханаларға орналастыруға көмектесті.

Оған қоса карантин күшейтілген кезде еріктілер 80 жұқтыру ошағына жетекшілік еткен, үнемі қашықтан байланыста болып, азаматтарға қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді жеткізіп отырған.

Оқу жылының басында клубтан бұрын да әлеуметтік көмек алған отбасылардан шыққан 200 оқушыға кеңсе керек-жарақтарын берді. Қыс мезгіліне қарай 15-ке жуық көпбалалы отбасы мен жалғызбасты қарияларды көмірмен қамтамасыз етті.


Қылмыс деңгейі

Биыл Алматыда қылмыс деңгейі 50%-ға төмендеген. Атап айтқанда, қылмыстар саны 47,5%-ға азайған, ал қылмыстарды ашу 11,6%-ға өскен. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге мынандай кешенді шаралар ықпал еткен: Полицияның материалды-техникалық жабдықталуы 87%-ға жеткізілді. Бұл – мемлекет бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Жақын арада полицияға 429 планшет табысталды, келесі жылы 33 жаңа көлік алу жоспарланған.

Оған қоса бейнемониторинг жүйесі енгізілуде. Жыл басынан бастап қала көшелерінде 404 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені іске қосылған. Оның 21-і Алматыға кіру және шығу жолдарында орнатылған. Осы жылдың 10 айы ішінде «Сергек» АБК 650 мыңнан астам жол ережесін бұзу фактілерін тіркеп, 4,5 млрд-тан астам теңгеге айыппұл салынған. Оның 2,6 млрд теңгесі өндірілген.

Алматы - 2020. Жыл қорытындысы

Сондай-ақ модульдік полиция пунктілерін орнату жобасы да өз тиімділігін көрсеткен, яғни пункт орналасқан аудандарда қылмыс деңгейі төмендеген.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күнделікті 2 мыңнан астам полиция қызметкері мен ҚР ІІМ Ұлттық гвардиясының әскери қызметкерлері жұмылдырылады екен. Олар 550 бағыт бойынша жұмыс жасайды, оның ішінде 300 көлік және 250 жаяу бағыт бар.

Ашықтылықты қамтамасыз ету үшін қаланың барлық ауданында 11 полиция фронт-кеңсесі жұмыс жасайды. Бұл жерде халыққа «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетіледі.


Жасыл Алматы

Алматыда биыл есте қаларлық жайттың бірі қалада ағаштың көп отырғызылуы болды. Мәселен, өткен жылы қалада 135 мың ағаш егілсе, биыл 282 мың ағаш отырығызылған. Келесі жылы тағы 380 мың ағаш отырғызылмақ. Оған қоса қалада бес жаңа саябақ аймағы құрылған.

Алматы - 2020. Жыл қорытындысы

Қаланы көгалдандыру жұмыстарына қарапайым қала тұрғындары, экобелсенділер, бизнес, құрылыс пен сауда компанияларының өкілдері қатысты. Олар көшеттер алып, команда болып жасыл белдеу құруға атсалысты. Соның бірі Алатау ауданындағы – «Сосновый бор».

Жақында 65 га аумаққа 480 қылқан жапырақты ағаш отырғызылды. Бүгінде мұнда үш мыңға жуық ағаш бар. Бұл жер қаланың тартымды аймағына әрі оттегі фабрикасына айналмақ.


«Желтоқсан» саябағы

Биыл Алматы жұртшылығы үшін жағымды жаңалықтың бірі «Желтоқсан» саябағының ашылуы болды десек артық болмас. Аталған саябақ қала әкімінің бастамасымен Түрксіб ауданының Жас қанат және Маяк шағын аудандарының аумағында ашылды. Аумағы бойынша (100 га) саябақ қаладағы ең үлкен үштіктің бірі және қаланың солтүстік бөлігіндегі ең үлкені.

Алматы - 2020. Жыл қорытындысы

Бұл әкімдіктің қоғамдық кеңістік құру жөніндегі ең ауқымды жобаларының бірі. Бұрын аумақ абаттандырылмаған және қараусыз қалған, ал көгалдандыру құлдыраған.

Пандемияға қарамастан, 2020 жылы бұл аумақты абаттандыру және жасыл қорды сауықтыру жұмыстарының бірінші кезеңі басталған. Онда асфальтбетон, спорт алаңдарына арналған резеңке жабын, төсем төселген. Жаяу және велосипед жолдары жасалды. Спорттық және балалар алаңдары ұйымдастырылған. Аумақта 125 орындық пен 130 қоқыс жәшігі орнатылған.

13 желтоқсан саябақтың ашылу күнінде 100 қылқан жапырақты ағаш отырғызылды. Бұл – қарағай, көк шырша және Тянь-Шань шыршасы. Көгалдандыру алаңы – 23 мың шаршы метр.

Өзгелердің жаңалығы