Алматы облысында тағы бір зертхана іске қосылады

23 Мамыр 2020, 14:27
1464
Бөлісу:
Алматы облысында тағы бір зертхана іске қосылады
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов Талдықорғандағы құрылысы аяқталған орталықтандырылған медициналық зертханаға барды, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ералы Тоғжановтың Жетісу өңіріне жасаған сапары негізінен коронавирус індетімен күрес шараларымен танысып, білу мақсатына бағытталды. Вице-премьер облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановпен бірге зертхана ғимаратын аралап көрді.

Орталық салу жобасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жүзеге асырылды. Құрылысы аяқталған ғимаратты маусым айында ашу жоспарланған. Медициналық мекеме облыстағы 7-ші зертхана. 3 қабатты ғимараттың құрылысы, зертханалық мүмкіндіктері, пациенттер қабылдау реті және басқа да мәліметтерді Ералы Тоғжановқа "Олимп" клинико-диагностикалық зертхананың Алматы облыстық филиалының директоры Арман Шаухин баяндап берді. 

зерт2.JPG

Оның айтуынша, зертхана консультативті-диагностикалық қызмет көрсететін мекеме болмақ. Зертхананың құрылыс жұмыстарын бұдан неғұрлым ерте мерзімде аяқтау жоспарланғанымен, індеттің таралуы құрылыстың біраз кешіктірілуіне себеп болған. Дегенмен бүгінгі күні құрылыс жұмыстары, ішкі әрлеуі толық аяқталған, қажетті құрал-жабдықтар әкелінген, іске қосуға дайын.

Облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов бүгінгі күні өңірде COVID-19 инфекциясына тексерудің тәулігіне 2,5 мың зерттеуі жасалса, осы зертхана іске қосылғаннан кейін зерттеулердің санын 3 мыңға жеткізуге мүмкіндік бар екенін айтты. Ал жалпы облыста бүгінге дейін 38 мыңнан астам зерттеулер жасалған.

зерт1.JPG

Вице-премьерге облыстағы коронавирус індетінің бүгінгі таралу жайы, емдеу шаралары, инфекциялық төсек пен провизорлық стационарлардың жағдайы туралы толық мағлұмат берілді.

Ең алдымен індет жұқтыру қаупі жоғары топқа жататын медицина мамандары, полиция қызметкерлері және басқа да індетпен күрес шаларарына тартылған азаматтарды тексеруден өткізу үздіксіз жүргізілуі керек. Облыстың Қытаймен, сол сияқты Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарымен шектесетін аумақтарын жіті бақылау керек. Сырттан келгендері, шет мемлекеттерден келіп жатқан студенттерімізді, сыртқаттармен байланыста болған азаматтарды провизорлық стационарларға карантинге алу жұмыстары тиісті деңгейде болуы тиіс. Індеттен қайтыс болу дерегіне жол бермеуіміз керек. Облыстағы бұл бағыттағы жұмыстарға қанықпын. Жұмысты осы қарқында жалғастыра беріңіздер, - деді Ералы Тоғжанов.

Сол сияқты вице-премьер "Олимп" зертханасының қызмет көрсету бағалары жайлы сұрап, халықтың жағдайына сәйкес болуын да есте ұстау керектігін айтты.

Орталықтандырылған медициналық зертхананың құрылысы 2018 жылдың шілде айында басталған болатын. Алдағы маусым айында ашу жоспарланған. Жалпы алаңы – 2016 ш.м. 


Өзгелердің жаңалығы