Алматы әкімінің орынбасары қалаға енгізілетін шектеулер жайлы айтты

4 Шілде 2020, 14:04
1365
Бөлісу:
Алматы әкімінің орынбасары қалаға енгізілетін шектеулер жайлы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында 5 шілдеден бастап қатаң шектеу шараларын енгізу туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев қалаға енгізілетін шектеу шаралары туралы айтты.

Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді және эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша мемлекеттік комиссияның шешімін орындау мақсатында қалалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Алматы қаласының бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен қала аумағында биыл 5 шілдеде сағат 00.00-ден 20 шілде 00.00-ге дейін қатаң шектеу шаралары енгізіледі. Осы шектеулер аясында қала тұрғындары эпидемиологиялық тәртіпті қатаң сақтауы қажет. Біріншіден, 65 жастан асқан адамдардың қозғалысына шектеу бар. Адамдарды шақырумен және шоғырландырумен байланысты кез келген іс-шараларға (туған күн, той, мерейтой және т.б.) өткізуге тыйым салынады. Жұмыс және қоғамдық орындарда сауда тетіктері, көшелер, саябақтар, әуежай және т.б. нысандарда, қоғамдық көлікте маска тағу және әлеуметтік қашықтық режимін сақтау міндетті. Әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, 3 адамнан аспайтын топтармен немесе бір отбасы мүшелерімен ойын-сауық нысандарынсыз, саябақтарға, алаңдар мен скверлерге, жағалауларға және халықтың басқа да демалыс орындарына баруларына болады. Сондай-ақ, ашық ауада серуендеуге және жаттығуға рұқсат беріледі, - деді ол.

Сапарбек Тұяқбаев профилактикалық мақсатта көппәтерлі үйлер мен подъездердің аумақтарында дезинфекциялық шаралар аптасына екі рет жүргізілетінін айтты. 

Сонымен бірге, көшелер мен көпшілік орындарда, көппәтерлі үйлерден ошақ анықталған жағдайда подъездерде дезинфекция жасалатын болады. COVID-19 инфекциясын жұқтыру қаупі жоғары келесі нысандардың қызметіне тыйым салынады. Бірінші – сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, сауда желілерінде орналасқан азық-түлік супермаркеттері мен дәріханалар және жазғы террассалар (жеке кіретін есігі бар стационарлық тамақтану объектілерін қоспағанда) жұмыстары тоқтатылады. Ойын-сауық мекемелері мен кинотеатрлар қызметіне тыйым салынады. Оның ішінде караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, букмекерлік кеңселер, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, аттракциондар, балалардың ойын алаңдары, батуттар және т.б. жұмысын тоқтататын болады, - деді Тұяқбаев.

Ол сонымен қатар, бірқатар мәдени, діни, спорттық нысан қызметіне де тыйым салынатынын жеткізді.

Бұдан басқа жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың жұмысы тоқтайды. Жеткізу қызметін қоспағанда, 500 шаршы метрден асатын азық-түлік емес дүкендердің қызметіне тыйым салынады. Балалардың сауықтыру лагерьлеріне, білім беру орталықтарына, балаларды түзету кабинеттеріне, мектепке дейінгі балалар мекемелері, балалардың бос уақытын өткізетін орындар мен қосымша білім беру орындарына тыйым салынады. Балабақшалардағы кезекші топтарға ғана рұқсат бар. Мәдениет нысандары, мұражайлар, театрлар, көрмелер және адамдар көп жиналатын басқа да нысандарға тыйым бар. Діни нысандар: мешіттер, шіркеулер, соборлар және т.б. орындардың жұмысына тыйым салынады. Ұлттық олимпиада комитеті аккредиттеген спорт базаларын қоспағанда, барлық спорт объектілеріне, оның ішінде спорт алаңдары, кешендер, үйірмелер, секциялар, бассейндер де жұмысын тоқтатады. Бұған қоса, СПА-орталықтар, жаттығу залдары, фитнес орталықтар, спорттық сауықтыру орталықтары, қалалық қоғамдық жағажайлар, аква-парктер, қоғамдық моншалар, шаштараздар, косметикалық қызмет көрсету орталықтары жұмысын тоқтататын болады, - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласына шектеу шараларын енгізу туралы бүгін қала басшысы Бақытжан Сағынтаев та айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы