Алматы тауларында қанша қауіпті мориналды көл бар екені айтылды

24 Ақпан 2021, 16:50
1669
Бөлісу:
Алматы тауларында қанша қауіпті мориналды көл бар екені айтылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, полковник Ерлан Әлібеков онлайн-брифинг барысында Алматы тауларында қанша мориналды көл бар екенін айтты.  

Алматы тауларында 45 мориналды көл бар, оның 15-і қауіпті, ал жетеуі аса қауіпті деп танылған. Бірақ қазір мориналды көлдердің барлығы қысқы режимде, яғни қар астында. Сондықтан қалаға ешқандай қауіп жоқ. Сәуір айының соңы мен мамырдың басында бұл көлдерге аэровизуальдық бақылау өткіземіз. Сол кезде қай көлдің қары еріп, суға толып жатқаны белгілі болады, - дейді ол. 

Алматыда қыс басталғалы 987 шақырым арық желісі мен 30 шақырым өзен арналары тазартылыпты. Көшелер мен аулалардан 110 мың текше метр қар шығарылған. Оның бәрі су басу қаупін азайту бағытында іске асырылған. 

Ерлан Әлібеков сөз арасында Алматы қаласының Азаматтық қорғау қызметі дайындықтарын пысықтап, көктемгі су тасқынының алдын алуға әзірленіп жатқанын жеткізді.

Азаматтық қызметте 5 мың адам бар, оған қоса 746 бірлік техника, 7 жүзу құралы, 73 бірлік мотопомпа, 99 бірлік автономды электростанция қарастырылды. Наурыз айының 4-5 күндері «Көктем-2021» республикалық командалық штабтық жаттығу өткізіледі, - дейді полковник.
Бұған дейін Алматы өзендеріндегі гидрологиялық жағдай тұрақты екені анықталды.

Өзгелердің жаңалығы