Алматыға тұмауға қарсы екпенің 430 мың дозасы жеткізіледі

14 Қыркүйек 2020, 17:37
1199
Бөлісу:
Алматыға тұмауға қарсы екпенің 430 мың дозасы жеткізіледі

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында ЖРВИ, тұмаудың алдын алу және 2020-2021 жылдардағы эпидемиологиялық кезеңге дайындық жөнінде баяндады.

Оның айтуынша, өткен аптада Алматыда ЖРВИ ауруларының 1219 оқиғасы тіркелген. Бұл алдыңғы аптадағы көрсеткіштен 25% төмен және өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық  21% пайызға жоғары. Аурудың 62%-ын балалар құрайды екен. Алайда, қазіргі уақытта тұмау жағдайлары тіркелмеген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша алдағы келе жатқан күз-қыс маусымында тұмаудың екі A типті Гуандонг-Муанон (H1N1) pdm09 және Гонконг (H3N2), B типті Washington Линия Виктория және Пхукет Линия Ямагата штамдары айналымда болады. Бұл штамдардың алғашқы 3 антигені елімізде егілетін Грипол+ вакцинасының құрамында бар, - деді ол.

Сонымен қатар, ол жыл сайын эпидемиологиялық маусымның алдында республика көлемінде, соның ішінде, Алматы қаласында осал топтағы тұрғындарға тұмауға қарсы тегін егу жүргізілетінін айтты. 

Биыл жергілікті әкімдіктің қаражатына осал топтағы адамдарды тұмауға қарсы егуге 130 000 доза көлемінде үш валентті Ресейде өндірілген Гриппол плюс  вакцинасы сатып алынды. Қалада осал топтағы адамдарды тұмауға қарсы егу көпшілікке биыл қыркүйек айының 15-нен басталады. Егуден соң иммунитет 14 күннен кейін қалыптасады және тұмау маусымының аяғына дейін сақталады, - деді Бекшин.

Былтыр жергілікті бюджет есебінен Ресей Федерациясында өндірілген 100 000 доза Гриппол плюс вакцинасы сатып алынса, биыл 430 мың  доза алу көзделіп отыр екен. 2019 жылы қала тұрғындарының 10,3% вакцинациядан өткен, оның ішінде тәуекел тобына жататын 100 000 адам жергілікті бюджет есебінен, 93 633 мың адам жұмыс берушілер есебінен, 7114 - ақылы негізде жекеменшік медициналық орталықтар арқылы екпе салдырған. 

Қала тұрғындары арасында ЖРВИ, тұмаудың алдын алу және эпидемиологиялық жағдайды қалыптастыру мақсатында жұмыстар ұйымдастырылып, әдістемелік көмек көрсету жұмыстары толық жүргізілуде. Біздің департамент пен Алматы Қоғамдық денсаулық басқармасының бірлескен бұйрығы шығарылды және денсаулық сақтау мен білім беру ұйымымен бірлесе ведомствоаралық кешенді іс-шаралар жоспары дайындалды. Емханаларда дене қызуы көтерілгендер бөлек  қабылданады, эпидсезон кезеңінде жүкті әйелдерді бақылап-қарау күшейтіледі, - деді ол. 

ЖРВИ, тұмаумен ауырғандардан түскен  шақыруды қабылдау үшін 116 телефон және үй жағдайында медициналық қызмет көрсетуге 92 автокөлік бөлінген. Оған қоса ауруханаларда науқастарды емдеу үшін 485 орын қосымша белгіленген. Қаладағы медицина ұйымдары мен дәріханалар бір рет маскамен, залалсыздандыру, тұмауға қарсы препараттардың керекті қорымен қамтамасыз етілген. Алматы қаласы бойынша Ұлттық сараптама орталығы филиалы зертханалық тексеру жүргізуге тест жүйелерімен жабдықталған.

Өзгелердің жаңалығы