Алматыда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды

15 Қараша 2019, 14:13
2000
Бөлісу:
Алматыда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жиналысты ашқан Бердібек Сапарбаев бұл іс-шараны Қазақстанның ең ірі қаласында өткізу кездейсоқ ​қабылданған шешім еместігін атап өтті.

Еліміздің ең ірі мегаполисінде Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Ұлттық экономика вице-министрлерінің, Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт министрліктерінің, сондай-ақ мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің өкілдерінің қатысуымен мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Іс-шара алдында жиналысқа қатысушылар Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратында орналасқан мүгедектерді оңалтуға арналған техникалық құралдар көрмесін қарап шықты.


Мұнда ең белсенді үкіметтік емес ұйымдар мен озық тәжірибелер шоғырланған. Алматы – инновациялық технологиялар мен мемлекет пен жеке сектордың әлеуметтік саладағы тиімді ынтымақтастығының флагманы. Қала әкімдігі үкіметтік емес және жеке ұйымдарға мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру арқылы да жан-жақты қолдау көрсетеді, – деді ҚР премьер-министрінің орынбасары.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев ағымдағы жылдың мамыр айында ҚР Үкіметі 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды бекіткенін еске салды. Оның іске асырылу барысы және мүгедектігі бар адамдардың экономикалық белсенділігі үшін мүмкіндіктер жасау туралы отырысқа қатысушыларды ҚР Еңбекминінің басшысы хабардар етті.

Біржан Нұрымбетов биыл мүгедектерге берілетін жәрдемақыға 315 млрд теңге бөлінгенін, бұл 2018 жылға қарағанда 10%-ға артық екенін, оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуге 85,5 млрд теңге немесе өткен жылға қарағанда 6% - ға артық қаражат бөлінгені туралы хабарлады. Келесі жылы жәрдемақы төлеуге, оңалту құралдары мен қызметтерін ұсынуға мемлекеттік бюджеттен 448 млрд теңге көзделіп отыр.

2017 жылдан бастап "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында 47 мыңнан астам мүгедектігі бар адамға мемлекеттік қолдау көрсетілді, оның 40 мыңнан астамы жұмыспен қамтылды, оның 26 мыңы тұрақты жұмыс орындарына тұрғызылды. 900-ге жуық мүгедектігі бар адам микрокредит алды, оның ішінде 268 адам өз ісін ашты. Сонымен қатар, 287 адам жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға қайтарымсыз гранттар алды. Мүгедектігі бар адамдар үшін қосымша 2-4% мөлшерінде жұмыс орындарын квоталау қарастырылған. Осы квота шеңберінде соңғы 3 жылда 9 мың адам жұмысқа орналастырылды. Өткен жылдан бастап мүгедектігі бар адамдарға арналған жұмыс орнын жабдықтауға жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау жүзеге асырылуда. Өткен жылы тірек-қимыл аппараты мен есту қабілеті бұзылған адамдарға 50,3 млн теңгеге 282 арнайы жұмыс орны ашылды. Ағымдағы жылы көру қабілеті нашар адамдар үшін 72 млн теңгеге 24 орын ашылды, – деп толықтырды министр.

Нұрымбетовтің айтуынша, таяудағы жылдары мүгедектігі бар адамдардың экономикалық белсенділігі үшін мүмкіндіктер жасау негізгі басымдық болып белгіленді.

Бүгінде Қазақстанда еңбекке қабілетті жастағы мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының төрттен бір бөлігі ғана еңбек қызметіне тартылған. ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 40%-ға жетеді. Алдағы екі жылға алдымызға мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамтылуын 30% -ға жеткізу міндетін қойдық. Ол үшін қосымша 20 мың адамды жұмыспен қамту қажет. Осы мақсатта өткен айда біз, әлемдік тәжірибеге мұқият талдау жүргізіп, зерделедік, мүгедектігі бар адамдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және жұмыс берушілермен бірқатар кездесулер өткіздік. Біз бірлесе отырып, мүгедектігі бар адамдарды экономикалық қызметке тартуға кедергі болатын негізгі проблемаларды және олардан туындайтын міндеттерді анықтадық, – деді ҚР Еңбекминінің басшысы.

Бірінші міндет – мүгедектігі бар адамдарды еңбек нарығына сапалы дайындау. Осы бағыт шеңберінде мүгедектігі бар адамдардың құзыреттілігі бойынша дерекқор құру жоспарлануда. Мүгедектер жұмыс істей алатын кәсіптердің атласы әзірленетін болады. Сондай-ақ, "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы шеңберінде мүгедектігі бар адамдарды ІТ-дағдыларға оқытуды жүргізу жоспарланып отыр, олар бағдарламалауға, өз бизнесін ілгерілетуге, электрондық коммерциямен және т. б. айналысуға мүмкіндік береді.

Барлық өңірлерде 18 жастан асқан мүгедектерді кәсіптік бейімдеу және оңалтумен айналысатын оңалту орталықтары жұмыс істейді. 2020 жылы біз 3, 2021 жылы тағы 3 оңалту орталығының құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, сондай-ақ мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру арқылы жеке оңалту орталықтарын дамыту шаралары қабылданатын болады. Бұл бәсекеге қабілеттілікті арттырады және көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын жақсартады, – деді Біржан Нұрымбетов.

Екінші міндет – мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру және оларға кәсіпкерлік саласында көмек көрсетуді қарастырады. Негізгі тетік "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы болмақ, оның аясында жыл сайын кемінде 15 мың мүгедектігі бар адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға 500 микрокредит пен 380 грант, 2021 жылы 550 микрокредит және 420 грант бөлу жоспарлануда.

Жұмыс орындарын құруды субсидиялау тетігі қайта қаралады. Бұл шара стандарттардың күрделілігіне байланысты жұмыс берушілер арасында аса сұранысқа ие емес. Біз оларды жеңілдетеміз, соның нәтижесінде 2021 жылдан бастап кемінде 200 арнайы жұмыс орнын құруды субсидиялауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарды мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы штаттық позицияларға, оның ішінде басшылық лауазымдарға тағайындау ұсынылады. Мұндай тәжірибе бүкіл әлемде белсенді қолданылады. Кадрларды іріктеу жұмыс тәжірибесі бар және біліктілік талаптарына сәйкес келетін кәсіби мамандар қатарынан жүргізіледі, – деді ҚР Еңбекминінің басшысы.

Үшінші міндет – мүгедектігі бар адамдарды тиімді жұмыспен қамту үшін жағдай жасау. Бұл бағытта мүгедектерді әлеуметтік бейімдеу және оңалту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпараттандыру үшін егжей-тегжейлі түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады. Мүгедектігі бар адамдарға 111 колл-орталық, халықты жұмыспен қамту орталықтарының байланыс нөмірлері, сондай-ақ есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдар үшін пайдалануға ыңғайлы мессенджерлер арқылы консультациялар берілетін болады.

Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, кедергісіз орта мен қолжетімді көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.

Мүмкіндіктері шектеулі адамдарға тауарлар мен қызметтерді дербес таңдау құқығын беру үшін келесі жылы біз Amazon және Alibaba сияқты табысты сервистердің негізінде әлеуметтік қызметтер порталын енгіземіз. Бұл 338 мың құралдары мен қызметтерін ұсыну уақытын қысқартады және шамамен 101 млрд. теңгені игерудің ашықтығын қамтамасыз етеді – деді Біржан Нұрымбетов.

Төртінші міндет – мүгедектіктің алдын алу және профилактика. Осы бағыт аясында Қазақстан Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы әзірлеген Vision Zero нөлдік жарақат тұжырымдамасын енгізуді жоспарлап отыр.

Отырыста Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің өкілдері мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік маңызы бар объектілер мен инфрақұрылымға қол жеткізуін қамтамасыз ету, мүгедектіктің профилактикасы мен алдын-алу бойынша қабылданып жатқан шаралар және мүгедектігі бар адамдардың білімге қол жеткізуі, сондай-ақ, қоғамдық сананы жаңғырту туралы баяндады.

Іс-шараның соңында Бердібек Сапарбаев орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға Ұлттық жоспардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді және мүгедектердің экономикалық белсенділігі үшін жағдай жасау бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
Өзгелердің жаңалығы