Бас жаңалықтар
Алматыда әмбебап дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды
25 Қыркүйек 2020, 22:50 144

Алматыда әмбебап дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Алматы облысында 180 орынға арналған жекпе-жек пен күш қолданылатын спорт түрлерінің әмбебап дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды.

Кешен Елбасының 100 ДСК салу туралы тапсырмасына орай Қарасай ауданы Райымбек ауылында салынды. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында іске асырылған жобаның жалпы құны 1,8 млрд. теңге, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алғашқы құттықтау сөзінде облыс әкімі Амандық Баталов өңірдегі бұқаралық спортты дамыту шаралары туралы айтты. Мәселен, Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында қазіргі кезде облыста Алакөл, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар, Панфилов, Кеген аудандарында 8 ДСК пайдалануға берілген.

Президенттің Жолдауында халықтың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарға көп көңіл бөлінген. Бүгін біз сондай пайдалы да маңызды нысанды елдің игілігіне пайдалануға бергелі тұрмыз. Биылғы жылы облыста 8 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізсек, өткен жылы 5-еуін салып, іске қостық. Жуырда Шонжыда салынып жатқан ДСК нысанының төбесі құлады деген ақпарат тарады. Соған байланысты біз арнайы комиссия құрып, себебін анықтадық. Мердігер мекеме қателік жіберіп, жобалық шешімді бұзған. Сондықтан сол мердігер мекеме өз қаржысына нысанды қалпына келтіріп, барлық шығынды өзі жабатын болады. Жаңадан салғаннан кейін сапалы, заманға сай, қолайлы етіп салу керек. Бүгінгі дене шынықтыру-сауықтыру кешені - сондай жоғары талаптардың бәріне жауап беретін заманауи кешен. Жобаны жасағанда біз барлық жағын ескердік, қай жерде қандай зал орналасатынына дейін ойластық, спорт нысаны пайдалы әрі қолайлы болуы үшін ұсақ-түйегіне дейін бәрін егжей-тегжейлі қарастырдық. Қазіргі кезде Талдықорғанда олимпиадалық стандарттарға сай келетін жүзу бассейнінің құрылысы аяқталып қалды. Мұнда түрлі жарыстар, тіпті әлем чемпионатын да өткізуге болады. Ең бастысы біздің жас балғындарымыз сол жерде жаттығады, жаңа чемпиондар тәрбиелеуге мүмкіндік жасалған. Жалпы облыста мемлекеттің қолдауымен әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту, бұқаралық спортты дамыту бағыттарында көптеген жұмыстар жаласып жатыр. Осының бәрі халықтың денсаулығын нығайтуға, өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді, - деді өз сөзінде Амандық Баталов.

Мұнан соң Алматы облысының Құрметті азаматы, ДСК-ның салынуына үлес қосқан меценат Амангелді Шабдарбаев сөйлеп, тілегін білдірді:

Бүгін ерекше күн, мен туған жерімде осындай тамаша спорт кешені ашылғаныны шын жүректен қуаныштымын. Оның құрылысына үлес қосқан барша азаматтарға шын жүректен алғыс айтамын, - деді.

Жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтаған каратэден ҚР спорт шебері Бекжан Сүнбеков мемлекеттің қолдауының арқасында, спорттың дамуына зор көңіл бөлінудің нәтижесінде ел спортшылары, соның ішінде жетісулық спортшылар түрлі деңгейдегі көптеген спорттық жарыстарда жеңіске жетіп жүргенін атап өтті. Бұл жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені жаңа чемпиондарды тәрбиелеп шығаруға ықпала ететін маңызды нысан болатынына сенім білдірді.

«СК «Элитстрой проект» ЖШС мердігер мекемесінің өкілдері Қайрат Оразбеков пен Бекзат Сарманов қарасайлықтарды қуанышпен құттықтай отырып, спорт кешенінің символикалық кілтін кешен директоры Айгүл Ысқақоваға тапсырды.

Маңызды спорт нысанының ресми ашылу салтанатынан соң қонақтар кешеннің ішкі құрылымымен танысты. Мұндағы құрылыс алаңы 3,6 мың шаршы метр, барлық құрылыс жұмыстарын МЖС шеңберінде «Элитстрой проект» ҚК» ЖШС мердігер компаниясы жүргізді. Қонақтар мен шараға қатысушылар күрес, гимнастика және спорт залдарын аралап, үстел теннисінің, шахмат пен тоғыз құмалақ ойындарына дайындық барысын тамашалады.

ДСК негізгі 3 бөліктен тұрады. Бірінші блокта күреспен және бокспен айналысатын залдар, сол сияқты тренажерлық жаттығу жасайтын орын (еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо, самбо, қазақша күрес, бокс, тай боксы/муайтай, бодибилдинг, кроссфит) бар. Екінші блокта тілек білдірушілер шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, үстел теннисін ойнап үйрене алады, сонымен бірге бимен және түрлі сауықтыру гимнастикаларымен айналысуға мүмкіндік жасалған. 3-ші блокта тағы бір әмбебап зал бар, мұнда мүмкіндігі шектеулі 6 адамға арналған орынды қоса алғанда 325 көрерменге арналған орны бар трибуналы әмбебап зал минифутбол, волейбол, гандбол ойындарына арналған. Сонымен қатар ДСК-ның қоршалған аумағында күндіз және түнгі уақытта футбол ойнауға арналып жасанды жабын төселген футбол алаңы, сол сияқты балалар ойын алаңы мен тренажерлық алаң орналасқан.

Осы шарада ҚР Ұлттық лигасында 1-ші орын алған «Жетісу» командасын марапаттау салтанаты болды. Нысанның ашылуын ардагерлер командасы мен «Жетісу» командасы арасындағы жолдастық кездесу түйіндеді.

Атап өтсек, Алматы облысында 3 мыңнан астам спорттық нысандар, 37 спорт мектебі бар. 500-ден астам жетісулық спортпен тұрақты айналысады. Биылғы жылы спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінген.


Фото: дереккөз
Загрузка...