Алматыдағы ЖЭО-2-ні газға ауыстыру жұмысы басталды

19 Ақпан 2020, 15:05
1725
Бөлісу:
Алматыдағы ЖЭО-2-ні газға ауыстыру жұмысы басталды
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев халыққа есеп беру жиынында айтты.

Жиын барысында қала тұрғындары шаһардың экологиялық жағдайының мүшкіл жағдайын сөз етіп, ауаны тазартуға қатысты қандай іс-шаралар жасалып жатқанын сұрады.

Бақытжан Сағынтаев өз кезегінеде қалаға әкім болып келе салысымен ЖЭО-2-ні аралап, жылыту қазандықтарының жұмысын газға көшіру мүмкіндіктерін қарастырғанын жеткізді.
Бұл мәселе бақылауға алынып, "Самұрық-Қазына" және "Самұрық-Энергомен" келіссөздер басталды. Қараша айында байқау өткізіліп, мердігер ұйым анықталды. Мамандар газға өту кезінде тарифтер өсетінін және субсидия қажет болатынын ескертуде, - деді әкім.
Сондай-ақ, ол бұл мәселені шешу бойынша қосымша қаржыландыруға қол жеткізіп, ЖЭО-2-ні газға ауыстыру жұмысына кіріскендерін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Оны тұрғындармен талқылаймыз және бірігіп шешім шығарамыз. Сонымен қатар жеке секторды көмірден газға ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді әкім. 
Сөз арасында ол, тұрғындардың қала экологиясына немқұрайлы қарамай, оны жақсы жаққа өзгертуге тырысып жатқанына ризашылығын білдірді. 
Қазір қала кәсіпкерлері тәуелсіз экологиялық қор құрды. Ол экология мәселелерін талқылайтын алаңға айналады. Бұл жұмыстардың барлығы қатар жүргізіліп жатыр, кезең-кезеңімен шешімдер қабылдануда және жақын арада біз жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз деп үміттенеміз, – деді ол.



Өзгелердің жаңалығы