Бас жаңалықтар
Алматыда жапон гравюрасының үздік үлгілері көрсетіледі
20 Қараша 2019, 16:53 905

Алматыда жапон гравюрасының үздік үлгілері көрсетіледі

Алматы, BAQ.KZ. Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі "Pygmalion" галереясының раритеттері: еуропалық баспа графикасы мен жапон гравюрасының үздік үлгілері" көрмесін ұсынады.

Экспозиция Ә. Қастеев атындағы музейде  22 қарашадан 2020 жылдың 26 қаңтары аралығында ұсынылады.
Бұл көрме - кемеңгер шеберлердің уақыт пен кеңістіктегі символдық сұхбаты. "Pygmalion" галереясының коллекциясы әлемдік деңгейдегі суретшілердің авторлық баспа графикасын ұсынады. Өткен шақ пен қазіргі кезең, Шығыс пен Батыс экспозицияның біртұтас кеңістігінде үндесе үйлесім табады, - делінген хабараламада.
Коллекциядағы шеберлердің туындылары Еуропа мен Азияның көрнекті шеберлерінің эстетикалық, философиялық, көркемдік ізденістерінің негізгі шеңберін көрсетеді. Мұнда, шығармашылық жаңалықтары әлемдік өнер тарихында бетбұрысты кезеңге айналған есімдер ұсынылған. Дюрердің шығармашылығындағы қайта өрлеу дәуірінің классикалық ережелері Ренуар, Пикассо, Шагал, Матисс, Дали, Мироның ізденістеріндегі ХХ ғасыр өнерінің авангардтық эксперименттік қағидаларымен бірігеді. Олар өзіндік көркемдік жүйе құру арқылы, көркемдік тілдің жаңа стилистикасын іздеп таба білді, заттар мен құбылыстардың құпия мағынасын таныды, дәуірге үндес дүниетаным кодтарын ұғынған.
Экспозицияның келесі бір ерекше үлкен Шығыс өнері бөлімі Эдо дәуіріндегі укиё-э жапон гравюрасын ұсынады. Утагава Хиросигэ, Утагава Кунисада, Утагава Куниёси, Тоёхара Кунитика сияқты әйгілі суретшілердің арқасында "құбылмалы әлемнің бейнелері" пайда болады. Кабуки театрының актерлары мен сұлу әйелдер, қала тұрғындарының өмірі мен табиғат құбылыстарына сүйсіну көріністері – әрбір парақ эстетикалық көзқарастардың біртұтас жүйесімен тізіледі, соның арқасында өнердің бұл түрі әлемдік көркемдік мұраның маңызды бөлігіне айналады", - делінген хабарламада.
Еуропа мен Азияның көркемсурет кемеңгерлері "Pygmalion" галереясының бірегей коллекциясына біріктірілген. Ширек ғасырдан астам уақыт бойы аталмыш коллекция сүйіспеншілікпен және түсіністікпен қалыптасты, бүгінде оның ең үздік үлгілері өнерді шынайы бағалаушылар үшін қол жетімді болады. Көрме Алматы қаласының мәдени өмірінде айтулы оқиға болмақ.




Фото: ашық дереккөз
Загрузка...