Алтын орданың рухани болмысына ықпал еткен Ясауи жолы

27 Қазан 2020, 14:17
4141
Бөлісу:
Алтын орданың рухани болмысына ықпал еткен Ясауи жолы
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл елімізде тойланып жатқан атаулы мерекелердің қатарында Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығы да бар. Мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралардың қатарына ел Президенті Қасымжомарт Кемелұлы өткен жылы атап өтуді арнайы қосқан болатын. Осыған орай, жеті жарым ғасырға жуық бұрын құрылған мемлекеттің қалыптасу кезеңі туралы дінтанушы, Ясауитанушы, тарих ғылымының кандидаты Зікірия Жандарбекпен жолығып, кеңінен тарқата айтып беруін өтіндік. 

– Әңгімемізді биыл аталып өтіп жатқан Алтын Орданың 750 жылдығы мен оның тарихтағы алатын роліне тоқтала кетуден бастасақ. 

Биыл Алтын Орданың 750 жылдығын көршілес елдер де тойлап жатыр. Бұл алып мемлекеттің тарихы туралы ғалымдар барынша айтып, жазып жатыр ғой. Мен Жошы ұлысында Алтын орданың қалыптасуына Қожа Ахмет Ясауидің ықпалы болғандығы туралы айтқым келеді. Яғни бұл бізге түркі тарихына игі ықпал еткеніне толық көз жеткізуіміз үшін қажет. Бұл қала берді мемлекет алдындағы парызымыз. Өкінішке қарай, біздің рухани-мәдени болмысымыз бен діни тарихымыз халық санасына жетпегендіктен және одан хабарсыз болуынан әлі де көптеген шындықтың беті ашылмай келе жатыр. 

Бұл жердегі мәселе, біздің тарихымыздағы екі тұлғаның бірі Ясауи қайтыс болардан сәл ғана бұрын дүниеге келген Шыңғыс ханның алып империя орнатуы, ол империяның түркілердің орта ғасырларда әлемдік деңгейде ұлы халыққа айналуының тікелей авторы болды. Мұның өзі түркінің тарихына Алланың жіберген мұғжизасы. Олай дейтініміз, Қожа Ахмет Ясауи дүние салғаннан кейін ол кісінің ілімі халыққа бірден тарап кете қойған жоқ. Себебі Ясауиді қолдаған Қарахан мемлекетінің өзі Орта Азияда қара қытайлардың қол астында болатын. Қасында отырған Хорезмшах мемлекеті парсылық мәдени бағытта еді. Оның да достық ниеті дұрыс болған жоқ. Ясауи жолынан кейін түркілердің қайтадан бас көтеріп рухани мәдени болмысын қалыптастыра бастауы Хорезмшахты қорқыта бастады. Хорезм шах құлдың әулетінен шыққан болатын. Түркілер құлдан шыққан адамды билікке отырғызбайды. Белгілі бір әулет өкілдері ғана отыра алатын. Ал Түркістан жерінде қаи немесе қият деп аталатын тайпа өкілдеріне билік берілетін. Бұл  Оғыз ханнан келе жатқан дәстүр болатын. Осы дәстүрді бұзған Хорезм шах Мұхамедті түркі халқы таққа отырғызбас еді. Осылайша қара қытайлар, Хорезм шах, кейіннен Күшлік келіп қосылып, сол кезеңдегі қарахандық билеушілер үш жақты бірдей қысымға қалды. Алайда, олардың Ясауидің көзі тірісінде діни тұрғыдан ілімін талқандау әрекеттері іске аспады. Қожа Ахметті тоқтатамыз деп келген Хорезм шах тарапынан жіберілген ғұламалар ілім сайысында жеңіліп, оның жолын мойындауға мәжбүр болды. Хорезм шах Мұхамед ХІІІ ғасырдың басында Отырардың ханы Білге қағанға «Біз сені қара қытайлар билігінен құтқарамыз» деп әскер кіргізді де, өзі солардың орнына отырып алды. Ал Білге қағанды Ирандағы Ниса қаласына жіберді. Білге қағанның орнына Қайыр ханды отырғызды. Осы фактордың өзі Қайыр ханның Отырардың өз ханы емес, басқа әулеттен екенін көрсетеді. Қайырханның нәсілі қаңлы еді. Бұл нені білдіреді? Сол кездегі халықтың Қайырханды қаламағанын, оны жаулаушы ретінде көргенін айғақтайды. 

Дәл осы кезеңде қазіргі Алматы облысының территориясында Қашғар жақта алғаш рет Ясауи жолын ұстанған мемлекет пайда болды. Яғни Бұзар тегін Алмалық қаласын басып алды да, сол маңайды жеке мемлекет етіп жариялады. Таққа отырысымен әйелі мен ұлын Шыңғыс ханға елшілікке жібереді. Майқы би бастаған түркінің он биі Шыңғыс ханға келіп, оны ақ киізге көтеріп, хан екенін мойындады. Ол 1217 жылы аңға шыққан кезде Күшлік ханның колына түсіп өлтірілгеннен кейін, Шыңғыс хан Жебе ноян бастаған 20 мың әскерді жіберді. Ол Күшлік ханды толығымен талқандап, Саркөл деген жерде өзін өлтірді. Барлық халықтың ықпалы да, назары да Шыңғыс ханға ауа бастайды. 

– Шыңғыс ханның тарихта Отырарды ғана емес талай өркендеген қалаларды қиратқанын білеміз. Жалпы, оның түркі жерін жаулап алуға қандай фактор әсер етті? 

1219 жылы Отырарға жіберген 450 елшісін өлтірген соң Хорезм  шахқа елшісін жіберіп Қайырханды беруін сұрайды. Алайда ол үш елшіні өлтіреді. Шыңғыс ханның Түркістан жеріне келіп Отырарға шабуыл жасауы, сол Еуразия кеңістігінің көп жерін басып алуы Хорезм шахқа бағытталған еді. Ол кезде Шыңғыс ханның небары 140 мың әскері бар еді. Ал Хорезм шахтың 700 мыңға тарта әскері болатын. Бірақ үш айдан кейін Шыңғыс ханның әскерінің саны 450 мыңға жетті. Ол жергілікті халықтың есебінен көбейді. Осының өзі халықтың Шыңғыс ханды қалай қолдағанын көрсетеді. Ең бастысы Ясауидің шәкірті Мұхаммед Данышманд Зарнуқи Шыңғыс ханның рухани саладағы кеңесшілерінің бірі болды. Ол Зарнұқ деген қаланы қиратудан аман алып қалды. Шыңғыс ханды жергілікті түркілер, Ясауи шайықтары қолдаған. Он би де Йасауи тариқатының өкілдері еді. Тоғрұл хан құрған мемлекеттің негізгі діни бағыты Ясауи жолы болатын. Шыңғыс ханның тарихын жазған «Жылнамалар» атты еңбегінде Рашид-дин Мұхамедтің діні Ахметтің заңы болғанын атап өткен. Өйткені, кезінде Қожа Ахмет Ясауи Исламнан бес парызды алып, қоғамдық қатынастарды реттеуде толығымен түркінің көнеден келе жатқан салт-дәстүріне берген болатын. Ал Шыңғыс ханның жаугершілігі кезеңінде Ясауи жолы өкілдері Шыңғыс ханды қолдап шықты. Өйткені, Шыңғыс хан кез келген халықтың дініне, дәстүрі мен мәдениетіне қиянат жасаған жоқ. Әр халықтың өзінің өзіндік болмысын сақтап қалуға мүмкіндік берді. Өзі Моңғол жеріне оралған соң Шыңғыс хан жаулап жерлерді Бөртеден туған төрт ұлына бөліп берді. Қазіргі Қазақстанның территориясы түгелімен үлкен ұлы Жошының билігіне берілді. 

– Алтын Орданың бастауы демек осы Жошының басқарған жылдарымен өрбиді ғой? 

Жошы ұлысы қазіргі біздің Қазақстан территориясының Ертіс пен Еділдің сол жағалауы толығымен Жошының құзырында болды. Әрі қарай 1236-1242 жылдар арасындағы Бату ханның батысқа бастаған жорықтарының нәтижесінде Жошы ұлысының территориясы кеңейіп, Ертіс пен Дунайдың арасын алып жатқан мемлекетке айналды. Бату хан осы жерлерді өзінің 14 туысқанына бөліп берді. Бұл жерде Шыңғыс ханнан қалған Үш орда болатын. Біріншісі алтын босағалы Ақ орда, ол Бату ханның иелігі, күміс босағалы Көк орда Жошының кіші ұлы Орда Еженнің иелігі, үшіншісі қазіргі Қазақстанның солтүстігін қамтып жатқан Шағатай ұлысы болды. 

– Осындай алып империя неліктен күйреді? Оған не әсер етуі мүмкін? 

Әрине, бұл мемлекеттің  тағдыры ұзаққа бармайтынын сол кезде Бату да, өзгелер де сезді. Себебі, Жошы ұлысы көлемі үлкен болғандықтан ол жерлерде көптеген халық өмір сүрді және олардың арасында мәдени, діни ерекшеліктер болғандықтан ол жерді билеп отырған Жошы ұрпақтары да сол өздері билік жүргізіп отырған халықтардың рухани-мәдени болмысына қарай ыңғайлана бастады. Сонымен қатар, өздерінің туған-туыстарымен де арасы алшақтай бастаған еді. Мұны алғаш сезген Солтүстік Кавказ жерін билеп отырған Берке жақсы түсінді. 1241 жылы Угедей қайтыс болғаннан кейін Бату хан өзінің ұлы Сартақты Ұлыханға аттандырды. Сартақ оралып келгенше Бату хан қайтыс болып, орнына Берке отырып алды. Берке таққа отырғаннан кейін кубравийа тариқатын Жошы ұлысының идеологиясы етіп жариялады. Сыр бойы, Еуразия даласының көпшілігі Ясауи жолында еді. Бұл сол кездегі түркілердің рухани мәдени болмысына қайшы келіп, түркілердің наразылығын тудырды. Берке ханның бұл саясаты біріншіден Жошы ұлысынан бөлініп жеке мемлекет болып қалыптасуына ықпал етті. Бұрын исламға қарсы күрессе, исламды қабылдаған соң Сұлтан Бейбарыс құрған халифаттың одақтасына айналды. Берке хан өзінің саясатын толығымен ислам мемлекеті ретінде көрсету үшін барын салды. Жошы ұлысы ислам дінін қабылдай отырып, өзінің бұрынғы туысқандарымен аражігін кесісті.   

– Ал мұның салдары неге алып келді? 

Салдары Шыңғыс хан қайтыс болғаннан кейін немерелерінің арасындағы бұрынғы біртұтас империяны түрлі мемлекеттерге жіктеп жіберді. Әрине түркілер Беркенің ұсынған кубравийа тариқатын қабылдай алған жоқ. 1266 жылы Берке қайтыс болғаннан кейін орнына отырған Менгу Темір хан тәңірлік дініне толығымен бет бұрды. Осы кезеңде түркілер кубравийа шайықтарын өз араларынан қуып шықты. Бұдан кейінгі кезеңде Жошы ұлысына қаншама хан келді. Нақты айқындалған идеологиялық бағыты болмады. Бұл мемлекеттің ішкі тұтастығының әлсіреуіне әкелді. Жошы ұрпақтары арасында Ұлыс тағы үшін іштей тартыс басталды. Осы тартыстың нәтижесінде мемлекеттің ішкі тұтастығы әлсірей бастады. Мысалы, Ноғай хан Бату ұрпақтарын мойындаған болып көрінгенімен билікті алу үшін барын салды. Сол заманның ел билеушілері мемлекеттің діни идеологиялық бағытын толығымен қайтадан құру керектігін түсіне бастады.   

– Бұл тартыстың соңы неге апарып соқтырды сонда? 

Бұл тартыс мемлекеттің ішкі тұтастығына қауіп төндірді. Осы қайшылықтың нәтижесінде Ноғай Тарғылдың ұлы Тоқтаны қолдап Жошы ұлысының тағына отырғызды. Бірақ Тоқта хан Ноғайды мойынсұндырмай мемлекеттің ішкі тұтастығын қалыптастыру мүмкін еместігін сезіп, оны майдан даласында өлтіріп, мемлекеттің жеке дара билеушісіне айналды. Ол басқа бірде-бір Жошы ұрпақтары менің баламмен таққа таласпасын деп Бату ханның ұрпақтарының бәрін өлтірді. Бату ханның ұрпағы Тоғырылшы сұлтанның әйелі өзінің туған ұлы Өзбекті шеркеш тауларында Ясауи шайықтарының қолына жібереді. 1312 жылы елдегі кеме апатында Тоқта қайтыс болып, ханның тағына 17 жасар Өзбекті отырғызады. Өзбек жас та болса, бас бола білді. Ол өзінің ұстанған діни бағыты Ясауи жолы екенін халыққа бірден жариялаған жоқ. Сегіз жылдан кейін Ясауидің шәкірті Сүлеймен Бақырғанидің шәкірті болған Зеңгі бабаның шәкірттері Саийд ата, Садриддин шайық, Ұзын Хасан ата, Бадр Ата Өзбек ханға келеді. Міне осы 4 адам Жошы ұлысының орталығына келіп Өзбек ханды ислам дініне мойынсұндырды. Бұл Жошы ұлысын жайлаған бүкіл түркі халықтарының тарихи тағдырындағы  шешуші рөл атқарған елеулі оқиға болды. Өзбек ханның 4 әулиені қалай қарсы алғаны туралы Өтеміс қажының «Шыңғыснаме» атты еңбегінде мынадай аңыз баяндалады:

«Өзбек хан күн сайын уәзірлер мен діндарларын жиып ордасында түскі ас ішетін. Сонда бал құйылған ыдыс адамның көмегінсіз өзі құйып шығады екен. Осы 4 әулие келген кезде бал құтысы орнынан қозғалмай қалады. Өзге діннің өкілдері «Шамасы мұхаммадилер келген болуы керек» дейді. Сыртқа шықса төрт шал зікір салып отыр екен. Олардан сендер кімсіңдер деп сұрағанда «Алланың әмірімен Өзбек ханды ислам дініне кіргізуге келгенбіз» дейді. Өздерін Сайид ата, Садыраддин баба Түклас, Ұзын Хасан ата, Бадраддин шайық деп таныстырады. Олар сарайға кіргеннен кейін өзге дін өкілдері бірден «өлтіріп тастаңыз» деп айтады. Алайда Өзбек хан «Ілім сайысында қайсың мықтысыңдар, қане дәлелдеп шығыңдар» дейді. Олар екі күн бойы ілім жарыстырады. Бірінің сөзіне бірі дес бермейді. Содан соң хан «2 үлкен тандыр қазыңдар. Он арбадан сексеуіл салып от жағыңдар. Қазір әр дін өкілінен бір адам түссін» дейді. Оттың ішіне Баба Туклас жалаңаш денесіне темір сауыт киіп түседі. Екінші тандырға басқа діннің өкілін отырғызады. Сол аңыздағы Баба Түклас Баба түкті Шашты Әзиз екен. Отты жаға бастағаннан зікірін айта бастаған ол кісі күймейді. Екінші діннің өкілі сексеуілден дымы қалмай өртеніп кетеді. Сол отқа қойылған бір-бір қойдың еті піскен кезде тандырды ашады. Тандырды ашқан кезде Баба түкті Шашты Әзиз «зікірім аяқталған жоқ, тандырды неге аштыңдар» деген екен. Сауыты қып-қызыл, еріп түсіп кетеді. Осы кезде Өзбек хан: «Бұл кісілердің діни жолы дұрыс екен» деп Йасауи жолын мемлекеттік идеология ретінде қабылдайды. Бұл 1320 жылы болған оқиға. 

– Бір сөзіңізде ислам дінімен қатар ру-тайпа, жүздің біріктірілгені туралы айтып қалдыңыз. Сосын мені «92 баулы өзбек» деген сөздің шығу төркіні қызықтырып отыр. Осы жайлы да айта кетіңізші? 

Әрине одан кейінгі кезеңде Ясауи жолына негізделген діни идеологиялық саяси реформалар жүзеге аса бастайды. Мемлекет көлеміндегі бүкіл рулық, тайпалық жүйелер қайта топтастырылып, жүздерге біріктірілді. Бұрын хандық негізде құрылған ру, тайпалар енді рухани бірлік негізінде құрылды.   Қазақта «еншісі бөлінбеген қазақ» деген аталы сөз бар. Соны жеті ата шеңберінде қалдырды да, қалған ру, тайпалардың бәрін бір-біріне араластырды. Мысалы, керей деген тайпа бар. Найманның ішінде қаракерей, кіші жүзде керейт немесе жауғашты деген ру бар. Бұл ру найманның ішінде, ұлы жүз құрамында, қоңыраттар ішінде, кіші жүз адайдың құрамында да бар. Бұл қазақтың түбінің бір екенін көрсететін фактор. Осылай Жошы ұлысындағы Ертіс пенен Дунайдың арасын алып жатқан қалың түркінің рухани мәдени тұтастығын қалыптастырды. Бұрынғыдай ру, тайпалар басында өзінен шыққан кісілерді қойған жоқ, олардың орнын Ясауи шайықтары басты. Олардың араларында ру-тайпалардың бұрынғы жетекшілері де болды. Мәселен, Дулаттың өзінен шыққан Бәйдібек қоңыраттардың атасы саналатын Нағанай сияқты тұлғалар Ясауи жолының өкілдеріне айналды. Сол кезеңді 92 баулы өзбек дейді. Бүкіл Жошы ұлысындағы ру, тайпаларға басшылық жасаған рухани жетекшілері қазіргі 362 әулиелі Маңғыстау жерінде дайындалып шықты. Кіші жүздің ру, тайпаларына кіріп алған Мейрам сопының қабірі Шетпе деген ауданда 18 шақырым жерде Алау батыр деген қорымда жатыр. Маңғыстау жерінде жатқан әулиелердің көпшілігі сол жерде тәрбиеленіп, сол жерден тарап, түркі халықтарының рухани ілімін қалыптастырды. Жазбаларда Бадыраддин Мұхамед деген кісі бүкіл Жошы ұлысындағы діни шариғи мәселелерінің басты тұлғасы болғаны айтылады. Ал Сайид ата хан әулеті мен ұлы жүзге пір болды. Бір деректе оны Мұхамед пайғамдардың әулетінен тікелей Фатима анадан тарайтын Йасауидің немере інісі Мұхамед Зарнуқи ұрпағы дейді. Екінші деректе оны Ясауидің қызынан тараған деп көрсетеді. Ал орта жүзге Садыраддин Баба түкті Шашты Әзиз пір болды. Ол Отырардың соңғы ханы Білге қағанның 4-ші ұрпағы. Ұзын Хасан ата кіші жүзге пір боды. Осылай үш жүздің қалыптасуы Жошы ұлысының мемлекеттік жүйесінің негізі мен рухани мәдениетінің негізін қалады. Қырымдағы Дунайдың жағасында қоңыраттар жайлаған. Молдавия жерінде де Түркістан деген жерден барған түркілер болған. Қырымдағы халықтың көпшілігі қоңырат пен арғындар болатын. Осының өзінен түркі халықтарының тарихында бәрінің рухани тұтастығын қалыптастырған тұлғалардың түбі қайдан шыққанын көре аламыз. Қазақтың санасындағы рухани мәдени болмысына, аталы сөздеріне қарап, қалай білді деп қайран қалып жатамыз ғой. Соның негізі қайда жатқанын осыдан да көруге болады. Сол ұлылық осы Ясауи жолы атты ілімнің негізінде қалыптасты. Түркілердің рухани санасы өзге халықтардан бір саты жоғары болған.   

– Алтын орда мемлекетінің құрылымдық жүйесі Ясауи жолына негізделген болды ғой сонда? 

Иә, алып империяның түпқазығы осы рухани тұтастыққа негізделген болатын. Ясауи жолы мемлекеттік идеология болып тұрған кезде Жошы ұлысы өте мықты мемлекет болды. Құрылымдық жүйесі тәңірлік дін кезінде қалыптастырған Оғыз қағанның мемлекеттік басқару жүйесімен толықтай сай келді. Мәселен, Оғыз хан кезінде мемлекеттің басқару жүйесі қазақтың киіз үйін көзге елестетін болса, ру-тайпа мемлекеттің қабырғасы. Рухани жетекшілер кім? Олар уықтың қызметін атқарды. Ал шаңырақ Шыңғыс хан ұрпақтарына берілді. Мемлекеттің басқару жүйесі жағынан алып қарағанда да, руханият жағынан да өте берік құрылым еді. Шаңырақ – мемлекеттің тірегі, басын ұстап тұрған билік оғыз билеушілерінің ұрпақтарының  қолында болды. Шыңғыс хан тікелей сол оғыздардан тараған қият ұрпағы болатын. Қият дегеніміз бүкіл түркі халықтарының мемлекетін басқару жүйесіне иелік еткен әулет. Шыңғыс хан сол әулеттің өкілі-тін. Сондықтан оларды кезінде алтын ұрық деп атады. Қарахандық билеушілер де осы алтын ұрықтан тарайды. Біреуі ашина әулетіне, алып Ер Тұңға әулетіне, ал екінші жазба деректе бұл кісілердің түбі араб, Мұхамед ибн Ханафия әулетінен еді деген шежіре бар. Қалай болғанда да киелі, қасиетті әулеттен шықты. Сондықтан билік жүйесіндегі екі топ та өзінің киелі сипатын сол Алтын Орда кезінде қайта қалыптастырды.   

– Алтын Орда өз заманында ғылым мен білімі дамыған құрылымдық жүйесі берік мемлекет бола білді деген пікірмен келісесіз бе? 

Әрине, мәселен киіз үй құрылымдық жүйесі жағынан өте берік құрылым, біріне бірі тәуелді. Кереге өз алдына, уық пен шаңырақ өз алдына үй бола алмайды. Үшеуінің басына қосылған кезде ғана мемлекет бола алады. Бұл көне Оғыз қағаннан қалған жүйе болатын. Ясауи жолы өкілдері еңбегінің арқасында түркінің ұлы мемлекеті дүниеге келді. Әділдік, адалдық, отансүйгіштік түркілерде жүз пайыз қалыптасты. Құрылымдық жүйенің басын қосып тұрған рухани күш еді. Тарихымызда осындай ұлылықтың іргетасын білмеуден қазақ тілін елдің қоры, бейшара халық етіп көрсетуге ұстамыз. Ясауи мәдениеті саяси тұрғыдан Шыңғыс хан құрған мемлекетті қуаттай түсті. Сол мемлекет кейін Алтын Орда атанды. Алтын Орда халқының рухани мәдениетінің қаншалықты жоғары болғанын сипаттайтын араб тарихшысы ал-Омаридың мынадай дерегі бар: «Ертістен төбесіне бір табақ ділдәсын салып шыққан адам Дунайға жеткенше бір ділдасын жоғалтпайтын еді». Ол дегенің сол  кездегі халықтың адал, ұрлық-қарлық жоқ, бір-біріне қиянат жасамайтын ұлы мелмекеттің дүниеге келгенін көрсетеді. Осындай мемлекетті құра білген Шыңғыс хан өзге халықтардың мәдениетін сақтауға толығымен мүмкіндік берді. Орыс жылнамашылары «Бату жаулап алғанға дейін орыстарда 200 шіркеу болса, Алтын орданың кезінде бұл халықта шіркеу саны 400-ге жеткен. Сол шіркеу иелерінің өзі Алтын орда мемлекетінің тұтастығына мүдделі болған. Себебі мемлекеттің тұтастығы, елімді, жерімді басып алады деген қорқыныштан азат, уайымсыз  қайғысыз өмір сүрген» деп жазады. «Мемлекетіміз Бату ханнан басталады» деп кітап жазып жүрген орыс ғалымдарының айтқанында шындық бар. Орыстардың көтерілуіне Алтын Орда мемлекетінің ықпалы зор болды. Алтын орда тұсында түркілер ұлы халыққа айналды. Түркінің мәдениеті мен руханиятына және әскери қуатына тең келетін жер бетінде мемлекет болған жоқ еді.   

– Ендеше Алтын орданың 750 жылдығын мемлекеттік тұрғыда атап өтудің маңыздылығын түйіндеп айта кетсеңіз. 

Қазақ халқы, Қазақстан Республикасы Алтын Орда мемлекетінің тікелей ізбасары. Қазақ  мемлекеттігінің бастауы сол Жошы ұлысынан, Алтын Ордадан бастау алады. Кешегі Қазақ хандығы ыдырағанға дейін мемлекеттің құрылымдық жүйесі сол Алтын Орда мемлекетінің құрылымдық жүйесін 100 пайыз қайталады. Жүздік құрылымдар, ру, тайпалардың орналасуы, ролі толығымен қайталанып отырды. Тек Тәуке ханның «Жеті жарғысы» ғана мемлекеттің құрылымдық жүйесін өзгеріске ұшыратты. Мұның соңы Қазақ хандығының, жалпы мемлекетті басқарудың түркілік жүйесінің күйреуіне әкелді. Алтын Орда мемлекетінің күйреуінен бастап, Қазақ хандығының ыдырауына дейінгі аралықта барлығына ортақ бір заңдылық бар. Ол мемлекеттің идеологиялық негізі болып табылатын Йасауи жолына қарсы күресу. Олай болатын себебі, Йасауи жолында, мемлекетті басқарудың түркілік жүйесінде ешқашан ханға, билеушіге абсолюттік билік берілмейді. Абсолюттік билік ханда да, биде де, халықта да болған жоқ. Абсолюттік билік тек – заңға-шариғатқа берілді. Хандар абсолюттік билікке жету үшін мемлекетті басқарудың парсылық жүйесін қалыптастыру жолында рухани билікпен күресіп келді. Олар өздеріне абсолюттік билікке мүмкіндік беретін діни идеологияны қабылдап, Ясауи жолын билік жүйесінен шеттету жолында қолдан келгенінің бәрін жасады. Нәтижесінде жалпы түркі мемлекеттігі күйреді. Соңғы түркілік мемлекетті басқарудың жүйесін сақтап келген Қазақ хандығы Абылай ханның дүниеден өтуімен ол да ыдырады. Көріп отырғанымыздай, Алтын Орда мемлекеті біздің мемлекеттігіміздің бастауы. Біз ол мемлекеттің тарихын, ыдырау себептерін түсінетін болсақ, онда ертеңгі күні қайтадан тарихтан сабақ ала отырып, мемлекетімізді қайтадан сол Алтын Орда мемлекетінің деңгейіне көтеруге мүмкіндігіміз бар. Сол үшін Алтын Орда мемлекетінің тарихы біз үшін аса қажет.   

– Әңгімеңізге рахмет!


Өзгелердің жаңалығы